Түркістанда "Алтын Орда" және оның мұнарасы" халықаралық конференциясы өтті

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Түркістан 25 сәуір, 2024

Түркістанда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтын Орда және оның мұрасы» халықаралық конференциясы өтіп жатыр,- деп хабарлайды turkistan.today порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жиынды өткізу туралы бастаманы ҚР Президенті өткен жылы 4 шілдеде өткен ШЫҰ саммитінде айтқан болатын. Конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Египет, Қатар, Кувейттің белгілі ғалымдары, сарапшылары мен жетекші мамандары қатысып жатыр. Алдымен қонақтар «Фараб» кітапханасында «Алтын орда» атты кітап және сурет көрмесімен танысты. Содан соң қонақтарға Түркістан туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.


Халықаралық жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып беріп, шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ҚР Президентінің құттықтау хатын оқып берді.  Онда «Құрметті конференция қатысушылары, сіздерді «Алтын Орда және оның мұралары» атты халықаралық конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Алтын Орда орталық Еуразияның ұланғайыр кеңістігінде мемлекеттіктің бірегей үлгісін қалыптастырған алып держава ретінде тарихта қалды. Қазақстан – орта ғасырларда тұтас ұлттық саяси-экономикалық ахуалына әсері болған осы айбынды мемлекеттің тікелей мұрагері. Жошы ұлысы ұлы дала өркениетінің қарқынды дамуына, батыс пен шығыстың идеялар мен технологиялар алмасуына, түрлі халықтардың мәдени жақындасуына айрықша ықпал етті. Қазір, Алтын Орда туралы тарихи деректер мен ғылыми мағлұматтарды терең зерделеу, оны жан-жақты дәріптеу жолында күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Әр елден келген білікті мамандар мен зерттеушілердің күш-жігерін қолдау қажет. Осы жұмыс арқылы бұл бағытта зор нәтижеге жете аламыз. Бүгінгі алқалы жиын Жошы ұлысының сан қырлы мұрасын зерделеу саласында маңызды қадам деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін!» делінген құттықтау хатта.


Ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы сөз алып, келген қонақтарға жылы лебізін білдірді. «Түркі әлемінің тұмарына айналған қасиетті шаһарда басталған бүгінгі жиынның тереңге кеткен тарихымызды зерделеуде маңызы зор деп есептеймін. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында Халықаралық деңгейдегі мәні жоғары жиындар көптеп өткізіліп келеді. Руханият ордасына айналған Түркістанда «Алтын орда және оның мұрасы» атты ғылыми конференцияның өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Келелі жиында маңызды мәселелер талқыланып, шешімін табады деп сенеміз. Биылғы жылды «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» мәртебесін ала отырып, табысты бастап отыр. Конференцияны өткізуге мұрындық болған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне және әлемнің озық ғалымдарына алғыс білдіремін. Мемлекет басшысы «Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі» деген еді. Біз Алтын Орда тарихы арқылы өз ұлтымыздың ұлттық болмысын, табиғатын, салты мен дәстүрін, ділі мен тілін танимыз, білім көкжиегімізді кеңейтеміз. Бұл басқосудың – тарихи шаһардың төрінде өтуі – тарихты терең тануға бет бұрудың жаңаша көрінісі деп білеміз» деді ол.


Бұдан бөлек Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Джанеш Кейн мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құттықтау сөз сөйледі.  «Бүгінгі конференция жұмысы көшпелі қоғамның саяси және этноәлеуметтік институттарының негіздері мен пәнаралық синтез негізінде Алтын Орданың этномәдени құндылықтарының ерекше белгілерін зерттеуді қарастыруға бағытталған. Эксперттер Жошы ұлысының, Ноғай Ордасының және Қазақ хандығының рухани астанасы болған Сарайшық пен қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қышқала ірі сауда-қолөнер қалашығының рөлі мен маңыздылығына жаңа археологиялық зерттеулер негізінде Алтын Орда мәдениеттерінің өзара әсері мен симбиозына қатысты зерттеушілердің ғылыми жаңалықтары мен түпнұсқа тұжырымдарына баға береді. Болған ана кесенесінен табылған костюмдерді қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелері негізінде алтынордалықтардың күнделікті өмірі мен тұрмысының аспектілерін талдау ұсынылады. Халықаралық конференция барысында Еуразия құрлығының саяси, мәдени және әлеуметтік тарихын зерделеудің заманауи тенденциялары дәріптелетін болады. Барлығыңызға табысты жұмыс, сындарлы диалог және өзара тиімді іс-қимыл тілеймін» деді университет басшысы.


Конференция бұдан әрі пленарлық отырысқа ұласып, ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама қорғады. Соның ішінде Татарстан Республикасының М.А.Усманов атындағы тарих институтының Алтын орда және татар хандығын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев, Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ «Аймақтану» кафедрасының профессоры Айболат Кушкумбаев, Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоглу, Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы археология ұлттық орталығының директоры Фархад Максудов,  Назарбаев Университеті жаратылыстану, әлеуметтану және гуманитарлық ғылымдар мектебі қазақ тілі және түркология кафедрасының профессоры Юлай Шамильоглу, Жошы Ұлысын зерттеу Ғылыми институты директоры Жақсылыұ Сабитов, Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдыкназаров, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің профессоры Қалқаман Жұмағұлов тың ақпаратқа толы тарихи деректермен бөлісті.
Конференция барысында екі пленарлық сессия шеңберінде талқылаулар өтеді. Атап айтсақ, «Алтын Орда тарихы: заманауи зерттеулердегі жаңа тәсілдер мен әдістер» және «Алтын Орданың археологиялық зерттеулері бойынша көшпенділер мен фермерлердің тарихи-мәдени симбиозы: міндеттері, ерекшеліктері мен перспективалары». Сондай-ақ іс-шара аясында қатысушылар мен қонақтар ортағасырлық сәулет ескерткішіне Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, қаланың көрікті орындарын тамашалайды деп жоспарлануда. 
Айта кетейік, конференцияның негізгі мақсаты – академиялық және заманауи ғылыми-білім беру қауымдастықтарының өкілдері әлемдік тарихтағы Алтын Орданың рөлі мен маңызын талқылай алатын, осы тақырыпты зерттеудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдері мен үрдістері, сондай-ақ стратегия, болашақ бірлескен ғылыми зерттеулер бойынша пікір алмасатын алаң құру.

675

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.