Түркістанда Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сырласу кеші өтті

Түркістанда Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сырласу кеші өтті

Түркістан шаһарында  мемлекеттің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, оңтүстік өңірінің көркеюіне еңбек сіңірген қоғам қайраткері Амалбек Тшановқа құрмет көрсетілді. Есімі аңызға айналған тұлғаның 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шарада түркістандықтар Амалбек Қозыбақұлына арғымақ мінгізді, деп хабарлайды Turkistan Today.

«Farab» кітапханасында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев және мерейтой иесінің замандастары мен қоғам белсенділері қатысты. Алғашқы құттықтау сөз облыс әкімінің орынбасарына берілді.

– Амалбек Қозыбақұлы ағамыздың мерейлі тойы туған жері қасиетті Төлеби ауданында басталып, Шымкентте өтсе, бүгін киелі қалада жалғасын тапты. Түркістан өз алдына отау тігіп аймаққа айналған соң, ағамызды қасиетті Түркістан төріне шақырып, құрмет көрсетейік деген ой болды. Қала әкімдігі ерекше іс-шараны бастап отыр. Жалпы, 80 жасқа осындай абырой-құрметпен жету бір бөлек. Ал мемлекеттік қызмет пен басшылық лауазымда жемісті еңбек етіп,  тұлға ретінде өнеге болу жауапкершілікке байланысты. Ағамыз әрдайым халықты алғашқы орынға қойып, бар күш-жігерін қоғам игілігіне арнаған азаматтардың қатарында. Оның есімі, мінезі, болмысы мен іскерлік қарім-қабілеті қоғам арасында аңыз іспетті. Сіздің туған еліңіз үшін жасаған бейнетіңізді бағалап, ұрпақ санасында жаңғыруына ықпал етуіміз керек, – деді Бейсен Дәулетұлы. 

Кездесудің модераторы, ақын Айдар Сейдазым Амалбек Қозыбақұлының өмір тарихына көз жүгіртіп, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысын басқарған жылдардағы келелі істеріне, Парламент, министрліктегі жемісті еңбегіне тоқталды.  Тек саясатта ғана емес, спорт саласындағы да жетістіктерін атап өтті. 
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов және бірқатар үзеңгілесі кеш иесі жайлы жарқын естеліктермен бөлісті. 

Келелі кездесуде «Айырылу, табысу және арылу туралы толғам» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырман назарына ұсынылды. Өңір тұрғындары мен қонақтары автордың жаңа туындысымен «Farab» кітапханасындағы кітап сөрелерінен оқып, таныса алады. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0