Түркістандағы «Farab» кітапханасында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әлем таныған ақын» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Turkistan Today.
Кеш барысында Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әлем таныған ақын» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды ақынды мерейтоймен құттықтап, елге сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
– Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің адамзатты ізгілікке, мейірімге, шынайы махаббатты бағалауға шақыратын өлеңдеріңіз талай адамның сенімін оятты. Жігерлендірді. Туған жеріңіз – Қасиетті Түркістан өңіріне келіп, мерейтоңызды жалғастыру – біз үшін үлкен мәртебе. Алтын уақытыңызды қиып, елмен жүздескеніңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Жуырда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға жұмыс сапарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесін көтерді. Оған толық негіз бар. Түркістанның рухани астана атануы жолында сіздің де үлесіңіз мол деп есептеймін. Өйткені сіз парасатты жырларыңызбен, отаншылдығыңызбен ел рухын көтердіңіз. Отырар мен Түркістанды әлемге танытуға еңбек сіңірдіңіз, – деді Дархан Сатыбалды.
Мерекелік кеште М.Шахановтың сөзіне жазылған таңдаулы әндер шырқалды. Түркістан облысының танымал әншілері өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Кеш әрі мерейтой иесі, Қазақстанның Еңбек ері, Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов сөз сөйлеп, Түркістан жұртшылығына алғысын білдірді. Ұлтты сақтау, мемлекетті қорғау, руханиятты қолдау бағытында жүйелі ойлар айтты. Әрдайым парасат, шындық биігінен табылу әр адамға міндет екенін жеткізді. Сонымен бірге Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілерімен бірге «Туған күн кешінде» әнін шырқады.
Мұхтар Шаханов – қазақ даласын өзінің құнарлы жырымен сусындатқан, әр қазақтың жүрегіне жол таба білген, қайталанбас дарын иесі. Саясатта да ел мүддесі жолында еңбек еткен қайраткер. Ақынның шығармалары әлемнің ондаған елдерінің тілдеріне аударылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.