Түркістандағы Наурыз түркі әлемі деңгейінде тойланды

Түркістандағы Наурыз түркі әлемі деңгейінде тойланды

Биыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды,- деп хабарлайды turkistan.today порталы Түркістан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл мәртебе тарихи шаһарды одан әрі әлемге танытуға сеп болмақ. Бүгін киелі шаһарда түркі елдерінің өнерпаздарының қатысуымен өткен «Армысың, әз Наурыз!» салтанатты іс-шарасы соның дәлеліндей. 


Мерекелік жиынға Түркі елдерінен халықаралық «Voice of Turan-2023» қазақ әндері фестивалінің жеңімпазы Лаэлия Алиева (Әзербайжан), Татьяна Ефремова (Татарстан), Zainetdin (Башқұртстан) келді. Ардақ Балажанова,  Махмуд Урумбаев, «Асыл әжелер» ансамблі, «Бисұлтан» би ансамблі, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының және Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртістері, «АКА» шығармашылық орталығының оқушылары және «Тұмар», «Жұлдыздар», «Балауса», «Еркетай», «Таңшолпан», «Керуен», «Сымбат» хореграфиялық ұжымдары, «Тuran» boys, «Яссы», «Фараб» би ансамбльдері Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының және «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің өнерпаздары, «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. 

«Табиғаттың оянуы» мен «Армысың, әз Наурыз!» театрландырылған музыкалық хореографиялық қойылымы мен «Түркістан» композициясы, сахналық көріністер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазақ халқының тұрмыс-салт жыры саналатын «Жарапазан» айтылды. Түркі халқының достығы мен ұлттық салт-дәстүр дәріптелетін әндер шырқалды. Киіз үйлер тігіліп, қонақтарға есігін айқара ашты. Ұлттық спорттық ойындары, атап айтқанда қазақ күресі, қол күрес, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қошқар көтеру сынды сайыстар өтіп жатыр. Сонымен қатар «Тұсаукесер» рәсімі, қолөнер шеберлері мен суретшілерінің,  ұлттық тағамдардың көрмесі әзірленген. Думанды мереке кешкі концерттік бағдарламамен жалғасады. 


Түркістандағы Наурыз тойына еліміздің өзге өңірлері мен Түркі елдерінен қонақтар келді. Сонымен бірге Еуропа мен Азия елдерінен келген 20-ға жуық БАҚ өкілі Ұлыстың ұлы күніне арнаған дүбірлі тойды тамашалады. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0