Бүгін Қожа Ахмет Ясауи университетінде прокуратура органдарының бастамасымен «Болашақ прокурор кеңістігі» ашылды. Сондай-ақ, Түркістан облысы прокуратурасы мен оқу орда арасында меморандум түзілді.
Басты мақсат – университет пен прокуратура арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Осы саланың жұмысын студенттер назарына жеткізіп, білімді де білікті студенттерді тарту.
ҚР Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс департаментінің басшысы Аида Ануар мен академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова «Болашақ прокурор кеңістігін» салтанатты түрде ашып, лентасын қиды.
Университет кітапханасының 2-қабатында ашылған «Болашақ прокурор кеңістігінде» құқық қорғау саласына қатысты әдебиеттер мен прокуратураның тарихи құжаттары, сала қызметкерлерінің еңбектері қойылған.
Келесі кезекте, Түркістан облыстық прокуратурасы мен оқу ордамыздың арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Шаймұратұлы мен вице-ректор Эльмира Идрисова қол қойды.
Меморандумның мақсаты – облыс прокуратурасы мен университет арасында тығыз байланыс орнатып, «Құқықтану» мамандығы бойынша жақсы және үздік бітірген студенттердің кәсіптік практикасын өткізу мен өзге де бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру.
Салтанатты рәсімдерден соң, қадірлі қонақтар «Құқықтану» мамандығының студенттерімен кездесу өткізді.
Алғашқы сөз тізгінін алған академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова:
«Құрметті студенттер мен қонақтар, бүгін оқу ордамызда маңызды іс-шара өтуде. Студенттерді арманға жетелейтін тұлғалар арамызда отыр. Прокуратура саласы мамандарының қолдауымен – «Болашақ прокурор кеңістігі» ашылды. Ол жерде сіздерге қажетті мәліметтер беретін кітаптар жиналған. Бұл – сіздерге кәсіби шыңдалуға үлкен септігін тигізетін іс. Сондықтан университет атынан қонақтарымызға алғыс білдіреміз!»,-деді.
Ал, ҚР Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс департаментінің басшысы Аида Ануар:
«Құрметті оқытушылар мен студенттер, сіздермен жүздескенімізге қуаныштымыз! Ғылым мен білім ордасы Ясауи университетінде «Болашақ прокурор кеңістігінің» ашылуы баршаңызға құтты болсын! Бұл біз үшін – үлкен жетістік, мәртебе! Кеңістікте сіздерге бағыт-бағдар беретін, прокуратура туралы арнайы ақпараттар, бізден шыққан ғылыми жоғары дәрежеге жеткен тұлғаларымыздың тарихы мен өмір жолын оқи аласыздар.Прокуратура саласында қызмет етемін деген жастар болса, есігіміз әрдайым ашық! Осы бағытта бірлесе жұмыс істейміз деп ойлаймын!»,-деді.
Сонымен қатар, Құқық қорғау органдары академиясына оқуға түсу, прокуратура органдарына жұмысқа орналасу талаптары, оның қызметі туралы кеңінен ақпарат берді.
Студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.
Жиын соңында, «Болашақ прокурор кеңістігін» ашуға атсалысқан ректор Жанар Темірбековаға және университет ұжымына Түркістан облысы прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің арнайы Алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, оқу орнымызға арнайы келген прокуратура өкілдері «Түркі халықтарының панорамалық мұражайын және «Ясауи» музейін аралап, «XI-XIX ғғ. Еуропалық және шығыс карталарындағы түркі мемлекеттері» атты Галереямен танысты.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.