Мемлекет Басшысының мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында Түркістан облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен «Жергілікті өзін-өзін басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты семинар өтті,- деп хабарлайды turkistan.today
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің мәдениет сарайында өткен семинарға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Шолпан Айтенова, Сөз сөйлеу өнерінің сарапшы маманы, кәсіби ментор Гүлжанат Битанова, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сакен Мажинбеков, облыстық, аудан, қалалық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, аудан, қалалық мәслихат аппарат басшылары, облысымыздың ішкі саясат және жастар орталықтарының басшылары қатысты.
Тарихи, мемлекеттік және идеялық мәні бар шараны Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды.
Семинардың ашылуында «Облыстық мәслихат – халық таңдаған халықтық орган» тақырыбындағы бейнеролик көрсетіліп, алғы сөзде Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов семинардың маңыздылығын атап өтті.
«- Жалпы, бүгінгі семинар мәслихаттардың қоғамдағы рөлі мен депутаттардың біліктілігін арттыру мәселелеріне арналып отыр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында мәслихаттардың аймақтардағы экономикалық саясатқа ықпалын және депутаттардың біліктілігін арттыру қажеттігін айтқан болатын. Осыған байланысты, мәслихаттардың жаңа кезеңдегі басымдықтарына жан-жақты әрі тереңірек тоқталу үшін семинарға арнайы сарапшыларды шақырттық. Соңғы бірнеше жылда Президенттің бастамасымен мәслихаттардың жауапкершілігі мен құзыреттілігі Заң аясында күшейтілді. VIII шақырылымдағы мәслихаттар жұмысын жаңаша құрамда, жаңаша форматта бастады. Конституциялық реформадан кейінгі аралас сайлау жүйесімен сайланған халық қалаулыларына үлкен мүмкіндіктер беріліп, мәслихаттардың саяси құзыреті кеңейді.
Мәселен, мәслихат төрағасы деген лауазым енгізілді, облыс әкімдерін мәслихаттардың қатысуымен тағайындау тәртібі өзгерді. Сонымен қатар, аудан, қала әкімдерін сайлау жүйесі де реформаланды. Соның нәтижесінде, облыс әкімін тағайындауға дауыс беру арқылы келісім бердік.
2023 жылы пилоттық режимде әкімдердің тікелей сайлауы өтетін аудан, қалаларды белгіледік. Соған сәйкес, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Созақ аудандарында әкімдер сайлауы өтті.
Әрине, мәслихат депутаттарының өкілеттілігі кеңейтілген сайын жауапкершіліктің де артатыны сөзсіз. Оны халық қалаулылары жақсы түсінеді», - деді Нұралы Әлмаханұлы.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары белсенді жұмыс жасап, өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал жасап жатқандығын айтты. Депутаттар жыл сайын аудан, қала тұрғындармен есепті кездесулер өткізіп, бүгінде халықты толғандыратын 178 мәселе мәслихат бақылауына енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Сонымен қатар, депутаттар уран өндіретін компаниялардан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция көлемінен төлейтін төлемдерді 2 пайызға көтеруіне қол жеткізді. Сондай-ақ, депутаттар шетелдік инвесторлардың келуіне қарсы болған Арыс қаласы мен Отырар ауданы тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірге инвестиция тартуға үлес қосты.
Бүгінде шетелдік инвестор құны 200 млрд. астам теңгені құрайтын «Мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру» бойынша ірі жобаларды іске асыруда. Нәтижесінде 50 мың гектардан астам жер игеріліп, 10 зауыт салынып, 4 мыңнан астам жұмыс орындары ашылмақ.
Одан бөлек, депутаттар мақта терімі кезінде шаруалар тарапынан жыл сайын орын алатын наразылықтардың алдын алып, мақта егетін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарындағы барлық мақта қабылдау пунктерінде тиісті жұмыстарды үйлестірді. Нәтижесінде соңғы екі жылда шаруалар тарапынан ешқандай наразылықтар орын алмады. Жалпы, бұл бағытта біз жұмысты одан әрі жалғастыра беретін боламыз», - деді облыстық мәслихаттың төрағасы.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.