Құрманғазы ауданындағы Асан ауылдық округі тек бай тарихымен ғана емес, әсем табиғатымен де көпшіліктің көңілінен орын тебуде.
Бұл туралы "AtyrauPress" сайты жазады. Осындағы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Саламат Мурзағалиевтың айтуынша, округ тарихы сонау ХVIII ғасырдан басталады.
«Кезінде 1936-1938 жылдары болған Бөкей Ордасындағы көтерілісте арнайы соғыс жабдықтарын жасаған адамдар болған деседі. Солардың қатарында Асан және Оңайбай деген осы жердің тұрғындары да болған. Олардың көзін көргендер өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін өмір сүрді. Қазір солардың кейбір ұрпағы ғана осы деректі жеткізіп отыр. Соғыстан соң Асан мен Оңайбай шығыс жақта жатқан Үштаған ауылы маңындағы бейітке жерленген екен. Кейін сол жер Асан ауылы аталып кетіпті. Ал, 2007 жылы ол өз алдына бөлек округ болды» дейді тарихшы.
Енді ауылдың үлкендері өткен тарихты өскелең ұрпақ ұмытпас үшін түрлі танымдық шаралар өткізіп келеді екен. Өйткені, жаугершілік заманда еңселі елі мен кең-байтақ жерін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен дұшпаннан қорғап қалған ата-баба ерлігі ұмытылмауға тиіс. Бұл – ауыл тұрғыны Жаннат Кабешованың пікірі. Ауыл тарихшылары Асан мен Оңайбай секілді тарихи тұлғаларымыздың басына белгі орнату мәселесін жиі көтеріп келеді. Мұны олар келешек ұрпақтың еншісіне қалдырғысы келеді. Қалай болғанда да, ауыл атауына себепші болған жандарды жастар әркез жадында ұстауы тиіс. «Өлі жібімей, тірі байымайды» деп халқымыз бекерге айтпаса керек.
Әзірге аталған тарихи тұлғалар туралы жарық көрген зерттеу жұмыстары айтарлықтай көп емес. Сондықтан бұл бағытта кең көлемде еңбектер жазылып, үлкен зерделеу жұмыстары жүргізілсе, құба-құп болары сөзсіз.
Округке оралсақ, мұнда шамамен жүзден астам үй бар. Жергілікті халық саны 400-ге жуықтап келеді.
«Бір қуантарлығы, ауылдан көшіп кетіп жатқан адамдар қарасы өте аз. Осындай тұрақтылықтың өзі бұл ауылдың болашағы жарқын екенін аңғартып тұрса керек. Тек бір өкініштісі, туу көрсеткіші төмендеп тұр. Алдыңғы жылдары мектебімізде 125-тей бала білім алса, бүгінде бұл көрсеткіш жүзге түсіп кетті. Ал, бала азайса, мектеп жабылатыны белгілі. Мектеп жабылса, ауылдың да іргесі сөгіле бастайды. Сондықтан ауылдағы халықтың санын көбейту үшін жайлы жағдай жасау үрдісін үзбеу керек» дейді ұлағатты ұстаз С.Мурзағалиев.
Иә, жасыратыны жоқ, мектеп – ауылдың жүрегі. Онда өскелең ұрпақ білім алып қана қоймайды, ауыл тұрғындары да жұмыспен қамтылады. Сол сияқты, ауылды «ауыл» етіп тұрған, бұл – төрт түлік мал екені тағы белгілі. Жалпы, халқымыздың о баста «мал-жан аман ба?» деп жағдай сұрасуының өзі тегін емес қой. Бұл ретте, асандықтар да мал өсіріп, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Содан да болар, ауылда мал арасында құтыру ауруы тіркеле қоймапты!
«Мен 2007 жылдан бері мал шаруалап келемін. Асан ауылынан тоғыз шақырым жерде орналасқан Томар деген қырда қожалығым бар. Сонда төрт түлік өсіремін. Шүкір, ең бастысы, малымыз аурудан дін аман. Бұл да болса ауылдағы мал дәрігерлерінің зор еңбегінің жемісі деп білемін. Күн-түн демей шақырған уақытта келе қояды» дейді ауыл тұрғыны Жанаслан Сариев.
Шынымен де, мұндағы ветеринарлардың еңбегіне малшылардың бәрі жоғары баға беріп отыр. Тиісті кезеңде олар ауыл-ауылды аралап, екпе жұмыстарын жүргізеді. Солардың бірі қырық жылдан бері табан аудармастан бір салада еңбек етіп келе жатқан Азамат Абдуллин.
«Асан ауылдық округінде ветеринарлар өз қызметін мінсіз атқарып отыр деп нық сеніммен айта аламын. Мұнда барлығы алты маман еңбек етеді. Олар бір күннің ішінде бірнеше жерге барып, төрт түлікке ем-дом жүргізеді. Мен осында меңгеруші болып жұмыс жасаймын. Өзім 1984 жылдан бері үздіксіз осы салада тер төгіп келемін» дейді білікті мал дәрігері.
Ауыл тұрғындары тек мал шаруашылығымен ғана айналыспайды, сонымен бірге, олар жеке кәсіптен өз нәсіптерін тауып отыр. Солардың бірі – тігінші Мәдина Баратова.
«Мен бұл жерге Шымкент қаласынан көшіп келдім. Он жылдан бері терезе жабындылары мен көрпе-төсек тігумен айналысып келемін. Бұл кәсіпті анамнан үйрендім. Ол кісі өмір бойы тігін фабрикасында жұмыс жасады. Жалпы, қандайма қызметтің де өз қызығы мен шыжығы болады. Сол секілді, сырт көзге оңай көрінетін тігіншіліктің де ауыртпалығы жетерлік. Бір тапсырысты орындауға кейде он күн уақыт кетіп жатады. Оның ішінде өлшем жасау, қажетті материалдарды алдырту және тағы да басқа толған жұмыстар бар. Қазір, шүкір, заман жақсы ғой, керек заттың бәрі бар. Заманауи ою-өрнектің де алуан түрі пайда болып жатыр» дейді ол.
Міне, осындай қарапайым ауыл тұрғындары бір ғана тігін машинасымен бүкіл ауылды терезе жабындыларымен және көрпе-төсекпен қамтып отыр. Ауылда қыз баласы тұрмысқа шыққан кезде де қыз жасауын тұрғындар Мәдинаға келіп жасатады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.