Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға қатысты даулы пікірлер мен дәлелсіз тұжырымдар жиілеуі байқалады. Орынсыз шабуылдардың нысанасына айналған тұлғалардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов. Бұл туралы Дархан Мыңбай өз Facebook парақшасында мәлімдеді,— деп хабарлайды turkistan.today
"Әлеуметтік желіде елге керек ескірмейтін сөзбен қатар жел сөз де (өсек-аяң, қауесет) өріп жүретіні мәлім. Бұған оны қолданушылардың көзі үйренді. Ал, көзі ашық, сауатты оқырман қазір бәріне сергек қарайтын дәрежеге жетті.
Әйтпесе, әр жерде шала-пұла естігенін, дерегі мен дәлелі жоқ әңгімесін халыққа ұсынып, сол арқылы жұрт ішінде танымал болуға тырысатын дерт пайда болды. Жастар жағы “хайп немесе троллинг” деп атайтын амалсымақты атам қазақ “Атың шықпаса, жер өрте” деп қысқа қайырған.
Ең сорақысы, жарнамашыл тоғышарлар кезінде халықтан батасын, тарихтан бағасын алған, ұлт бостандығы мен теңдігі жолында құрбан болған бірқатар тұлғаларға да "ауыз сала" бастады.
Соның бір парасы - көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың еңбегі мен тағдырына қатысты қисық пікірлер. 20-жылдары-ақ Түркі дүниесі, оянған Шығыс, байсалды Батыс мойындаған осы тұлғаның ұлтымызға, қазақ мемлекеттілігіне, білімі мен экономикасына сіңірген еңбегін қайбіреулер көпе-көрінеу елемегені былай тұрсын, бүйректен сирақ шығарып, халқымызды қынадай қырған аштыққа кінәлі етіп көрсетпек болып жүр.
Біз бәріміз "Аққа Құдай жақ" екенін білеміз. 90-жылдары қайта жарияланған мұралардан да хабардармыз. Марқұм Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ том-том романы мен пьесалары да жадымызда.
Тарихқа ревизия жасағысы келгендер Т.Рысқұловтың КСРО
басшылығына жолдаған жазбасын үзіп-жұлып, бұрмалап, дәлелсіз, теріс ақпарат таратып әлек болып жүр. Олар осы қайраткердің Сталинге жазған хаты кеңестік биліктің екіжүзділігін әлемге әшкере еткенінен бейхабар деп ойламаймыз. Мәселенің арғы себебі - миындағы теріс аунап түскен большевизмің "жау іздеу" науқанының сарқыншағында. Мұны психологтер де дәлелдеп отыр. 26 жасында Түрік мемлекетін жаңғырту идеясын көтеріп, Алаш пен большевиктер арасында елдік дамуға дәнекер болған, республика мәселелері туралы А.Байтұрсынұлымен бірігіп хат жазған, кешегі Алаш Орда көсемі Ә.Бөкейханға Мәскеуде үндемей жағдай жасаған Тұрарды күстаналаған адам - не надан, не дымбілмес. Күрделі саясат дәуірінде барлық саяси іс-қимыл бүгінгідей "хайппен" жасалмайды. Баспасөзде, ресми жазбаларда "бұл - менің жауым" деп, шынайы өмірде барынша қолдауы мүмкін. Солай болған да!
Осы большевизм дәуірінен амалсыз сытылып шығып, эмиграцияға кеткен (1970 жылы Түркияда қайтқан) Башқұрттың бір мезгілде Әлекеңі әрі Ақаңы Ахметзәки Валидовтың (А.З.Тоған) "Естелігін" оқыңыздар. Тәуелсіз қайраткер, азат тұлға. Әр сөзінде Тұрар Рысқұловты ілтипатпен атайды. Бұл естелік қазақ қайраткері қайтқан соң 32 жылдан соң Ыстамбұлда жарияланған. Сталинді қас дұшпан санаған Зәки Уәлиди Т.Рысқұловқа осылай ескерткіш орнатты...
Өткенге тас ату, өкінішке қарай, ұлтымыздың біртуар перзенті, Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы (қазіргіше премьер-министр) болған қайраткер, көрнекті ақын Сәкен Сейфуллин рухына да бағытталып жүргенін байқаймыз. Халыққа қадірлі осы біртуар азамат ата-бабасын өлтіргендей кіжініп сөйлейтіндер шықты.
Ұлтына, зиялыларға қаншама жақсылық жасаған, А.Байтұрсынұлының мерейтойын өткізген, қаншама мәдениет, білім ошақтарын ашқан, ел мұрасын жинаған Сәкен еңбегі тек құрметтелуге лайықты. Ол 20-жылдардағы аштықты да, Голощекин лаңын да сынады. Күрделі жылдардағы бірлі-жарым саяси өлеңі бұл ақынның ешқашан кредосы болған емес. Кешегі кеңес заманында қай ақын Ленинді, октябрьді, тыңды жырламады?..
Әлеуметтік желіде дау-дамай өрбітіп, халық жадында адал еңбегімен қалған қайраткерлерді “қаралап” жүрген екі-үш құмалақ, сөз жоқ, ешқашан тұтас зиялының көзқарасын білдірмейді.
Рас, осындай "жау іздегеннің" кейбірі күнәсін арқалап дүниеден озды...
Біздің қаупіміз - салиқалы кітап, газет-журнал оқылмайтын мына заманның жас буыны әлеуметтік желінің "хайпына" уланбасын деген алаңдаушылық.
Біздіңше, мұндайда еліміздегі Ғылым академиясы, Тарих және этнология институты үнсіз қалмауға тиіс. Дер кезінде өз ұстанымын білдіргені жөн. Сол арқылы оның беделі артады деп санаймыз. Тарихи тұлғалар мен өз есімін қатар қоюға тырысқандардың анайылығы, маман еместігі, қоғамдық санаға зардапты екенін ашық жариялаған жөн. Әйтпесе, ел ішінде көпшіліктің ашу-ызасын тудыруды кәсіп қылатындардың саны өсе бермек. Әрине, бұл әдіс оларды ұзаққа апармайды. Әлеуметтік желіде өздері сияқты қолпаш жинаудан (қайсыбіреулер шоқпар жинайтын еді) әрі аспайды.
Оның кесірі өсіп келе жатқан жас буынға тиюі мүмкін.
Жалпы, тарихымыздағы ірі тұлғаларға қазіргі заман тұрғысынан баға беру - тарихи, әлеуметтік маңызы бар іс. Ал, онымен кәсіби мамандар, зерттеуші ғалымдар айналысуы керек"- деп жазды Дархан Мыңбай.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.