Алматылық оқытушы өз студентімен азаматтық некеде болған: 19 жастағы жігіт оның ұлын ұрып өлтірген

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Қоғам 27 қыркүйек, 2023

Алматыда 19 жастағы студент азаматтық некедегі әйелінің кішкентай ұлын ұрып өлтірген. Ауыр соққы алған төрт жасар Хантөре жансақтауда көз жұмды. Күдікті көңіл жарастырған келіншектің баласын сабап, бет-аузын көгертіп, балабақшаға апарып тастаған, — деп Turkistan Today хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бүлдіршіннің жағдайы мектепке дейінгі білім беру мекемесінде күрт нашарлапты. Марқұмның анасы құрылыс техникалық колледжінде ұстаз болып жұмыс істейді. Полиция қылмысқа барған күдіктіні қамауға алып, тергеуді бастады.

Жантүршігерлік оқиға «Алма сити» тұрғын үй кешенінің төртінші қабатында болған. Кішкентай бүлдіршін жылай бастайды. Ашуға булыққан күдікті 4 жасар баланы жұбатудың орнына, ішінен ауыр соққы жасаған. Сосын ештеңе болмағандай баланы балабақшаға апарып тастапты.

Көршілердің айтуынша, Хантөренің анасы өз студентімен азаматтық некеде болған. Келіншек бірге тұрған 19 жастағы жігітіне ұлын тапсырып, жұмысқа кеткен екен, бірақ жас жігіт мазасызданған баланың қылығын көтере алмай оны өлімші етіп сабап тастаған көрінеді. 

«Мына жайтты естіп шок болып жатырмыз, шыны керек. Екі күн бұрын криминалистер келді. МАИ қызметкерлері келді. Аулаға шықсақ, абыр-сабыр болып жатыр екен. Сақ жүру керек, не болса да. Уайымдаймыз. Өзімізде де бала бар», — дейді Айтуған Ғалымов.

Бет-аузы көгеріп-бозарып кеткен баланың жағдайы балабақшада күрт нашарлапты. Ішкен-жегенін құсып, мазасы кеткен соң тәрбиеші бірден анасына хабар берді деп отыр.

«Тәрбиеші қабылдап алған. Әкесінен сұраған. Бетіне не болған деп. Өзі солай көгеріп тұр деген. Бала әлсіз, ауырып тұр деп айтқаннан кейін «Жата тұрсын» деп айтқан. Тәрбиеші апарып жатқызған. Бір сағат өтпей, бала құса бастаған ғой. Мамасына хабарластық. Мамасы келді. 15 минуттай такси шақырып отырды. Сол кезде алып кетті», — дейді жекеменшік балабақшаның меңгерушісі Әйгерім Уәлиханова.

Соққыдан ішкі ағзасы қаңсырап кеткен бала бірнеше күн ес-түссіз жатып, ақыры жансақтауда көз жұмды. Марқұмның анасы Алматы құрылыс техникалық колледжінде мұғалім екен. Оқу орнының басшылығы 25 жастағы педагогтың оғаш қылығын байқамадық, ал ұстазымен көңіл жарастырған студент бізде оқымайды деп сендірді. 

«Ешқандай студентіміздің тіркеуде тұрғаны немесе іс жүргізіп жатқаны туралы ақпарат жоқ. Ол мүмкін емес. Біз студенттердің барлығын бақылауда ұстаймыз. Мүмкін басқа колледждің студенті ме екен. Бірінші қыркүйектен бастап ол кісі арнайы пәндерінің оқытушысы ретінде жұмысқа орналасты. Ол кісінің жеке басының проблемаларын мен айта алмаймын, бірақ ұстаз ретінде студенттердің аз уақытта жүректерінен орын алды деп айта аламын», — дейді Алматы құрылыс техникалық колледж директорының орынбасары Ақбота Нұржанқызы.

Қылмысқа барған күдікті қамауға алынды. Полиция қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. 

«Осы қылмысты жасады деген күдікпен өгей әкесі ұсталды. 2004 жылы туған ер жігіт. Кішкентай баланың анасымен сұрақ-жауап алу процедурасы жүргізіліп жатыр. Осы отбасы ішінде қандай жағдай туындағанын, бұл бала қашаннан бері зорлық-зомбылық көргенін, барлығын анықтаймыз», — деді  Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Төрт жасар Хантөре қанша уақыттан бері жас жігіттен таяқ жеп келгені сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады. Туыстары баланы бүгін жер қойнына тапсырды.

2.0k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.