Түркістан облысында күзгі көгалдандыру жұмыстары басталды. Осыған орай Түркістан қаласындағы әуежайға апаратын жолдың бойында ауқымды ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды. Экологиялық шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен түрлі басқармалар мен мекемелердің қызметкерлері қатысып, жалпы саны 1000-ға жуық адам игі бастамаға үлес қосты.
Акция аясында қала аумағының көркін арттырып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 22,5 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде 7500 түп тұт, 6250 түп жиде, 5000 түп өрік пен алша және 3750 түп қарағаш бар. Алдағы уақытта әуежай жолының бойына барлығы 87,5 мың түп ағаш егу жоспарланып отыр.
Көгалдандыру жұмыстары Мемлекет басшысының республика бойынша 15 миллион көшет отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Осы бағытта Түркістан облысында 1,5 миллион түп көшет егу көзделген.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі 807 елді мекенді көгалдандыру жұмыстары қолға алынған. Бекітілген аймақтық жоспар бойынша елді мекендердің 90 пайызына жуығын жасыл желекпен қамту және облыс аумағында 4 миллионға жуық көшет отырғызу межеленген. Өткен жылы бұл бағытта 1 миллион 7 мың 123 түп ағаш егілген.
Биыл да көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Жыл соңына дейін облыс көлемінде 1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Оның 332,5 мыңы көктемгі маусымда егілсе, күзде тағы 700 мыңға жуық көшет отырғызу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта аудан-қалаларға 195 мың түп көшет таратылған.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар елді мекендердің жасыл желекпен көмкерілуіне, қоршаған ортаның жақсаруына және Түркістан облысының экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2026
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.