Реклама
Серіктестер

Түркістанда «Сақшы» жобасының 12 жеңімпазы марапатталды

Түркістан Бүгін, 17:50

Түркістан қаласында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Сақшы» жобасының қорытындысы шығарылды. «Конгресс холл» кешенінде өткен марапаттау рәсімінде төрт санат бойынша 12 жүлдегер анықталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері, құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері, ұстаздар, ата-аналар және жастар қатысты.

Жоба аясында ұйымдастырылған әлеуметтік бейнероликтер байқауына қатысқан 150 оқушыға да алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар бастаманы ұйымдастыруға үлес қосқан білім саласының бес өкілі марапатталды.

Іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімі жастар арасында заңға құрмет, өзара сыйластық және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру жұмысы отбасыдан басталып, мектепте жалғасуы қажет.

«Сақшы» жобасы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылған. Негізгі мақсаты – жасөспірімдердің қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, заң талаптарын түсіндіру және жеке шешімдері үшін жауапкершілігін арттыру.

Интерактивті ойын барысында қатысушылар күнделікті өмірде кездесетін қаржылық қауіптермен танысып, интернет-алаяқтық әрекеттерін ажыратуды үйренген. Атап айтқанда, банк картасын өзге адамға беріп, ақша аударғаны үшін сыйақы алу туралы ұсыныстардың заңсыздыққа әкелуі мүмкін екені түсіндірілген. Сондай-ақ жеке деректерді қорғау, банк карталарын заңсыз операцияларға пайдалануға жол бермеу мәселелері қамтылған.

Жобаның екінші бағыты бойынша оқушылар әлеуметтік бейнероликтер әзірлеп, қаржылық алаяқтықтың түрлері мен оның зардаптарын шығармашылық жұмыстар арқылы көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша «Алғашқы карта» санатында Алимов Нұралы бірінші, Нұралы Кенесары екінші, Беркінбай Саян үшінші орын алды. «Қаржылық мониторинг» санатында Рүстемұлы Мұхамедқанапия топ жарса, Тілеубек Мұхаммедяр екінші, Ахметбек Алихан үшінші орынға ие болды.

Ал «Ақылды сақшы» санатында Ордабай Айша бірінші, Оразалы Перизат екінші, Нақыпбек Айсұлтан үшінші орын иеленді. «Жеңіл ақша» санаты бойынша Мырзахожа Шұғыла бірінші орынға лайық деп танылды. Балқыбеков Бекасыл екінші, Балтабай Жания үшінші орын алды.

Марапаттау рәсімі концерттік бағдарлама мен шығармашылық қойылымдарға ұласты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың қаржылық сауатын арттырып, алаяқтық пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

+ 7 775 186 2113

Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2026

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.