"Хюндай" Украинада соғыс басталғанға дейін РФ-да жылына 200 мың автокөлік жасаған, деп хабарлайды Turkistan Today.
Оңтүстік Кореяның Hyundai Motor компаниясы Ресейден шығып, ондағы зауыттарын қазақстандық компанияға сатуды жоспарлап отыр. Мұны Оңтүстік Корея бұқаралық ақпарат құралдары сәрсенбі күні хабарлады.
Осы елдің MBC телеарнасының дерегінше, Hyundai-дың Ресейдегі зауыттарын сату бойынша келіссөздер соңғы сатысына жетіп, автоөндіруші Ресей үкіметінің ақырғы рұқсатын күтіп отыр.
"Сату мәселесінің талқыланып жатқаны рас, бірақ ештеңе толық шешілген жоқ", - деп хабарлады Hyundai Motor өкілі аталған телеарнаға берген сұхбатында.
Hyundai Motor өткен жылы Ресейдегі жұмысын тоқтатты. Ал, наурызда бұл автожасаушы Ресейдегі операциялары үшін "әртүрлі жолдар" қарастырып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар бейсенбі күні Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде де Hyundai Motor Ресейдегі бизнесінің болашағына қатысты түрлі сценарийлерді қарастырып жатқанын және әлі шешім қабылданбағанын мәлімдеді.
Былтыр ақпанда РФ армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін жарияланған санкциялар мен батыстық өндірушілердің жаппай кетуі салдарынан, Ресейде көптеген зауыттар өндірісті тоқтатып, жоғары технологиялық жабдықтардың жетіспеушілігіне байланысты жұмысшыларын жұмыстан босатуға мәжбүр болды.
Hyundai Motor өзінің филиалы - Kia Corp компаниясымен бірлесіп, көлік сату көлемі бойынша әлемдегі ең ірі 10 автоөндірушінің қатарына кіреді. Және де олар Ресейде жылына шамамен 200 000 көлік құрастырған. Бұл - осы компаниялардың әлемдік өндірістік қуатының шамамен 4 пайызы.
Француздың Renault автоконцернімен бірге Hyundai мен Kia Украинада қарулы қақтығыс басталғанға дейін, Ресейде ең көп сатылатын брендтердің үштігіне кірді. Жаһандық ойыншылар кетіп жатқандықтан, қазір Ресейдің соғысқа бағытталған экономикасында бұл компаниялардың орнын қытайлық брендтер басып жатыр.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.