Қазақстанда оқытудың жаңа түрі пайда болады

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 15 наурыз, 2023

Оқу-ағарту министрлігі қандай колледждердің онлайн оқуға көшетінін жариялады, деп Turkistan Today хабарлайды inbusiness.kz дереккөзіне сүйене отырып.

Пандемия кезінде мектептен бастап, университеттерге дейінгі бастауыш, орта, ортадан кейінгі, кәсіптік-техникалық, жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім ұйымдары тегіс қашықтан оқытуға көшірілгені мәлім. Бұл тұтас бір оқу жылы бойы жалғасты. Содан соң дәстүрлі оффлайн оқуға қайта оралды.

Алайда содан соң сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың командасы "Білім туралы" заңына түзетулер енгізіп, тек жоғарғы оқу орындары үшін ғана онлайн оқуды заңдастырып берді.

Бұған колледждердің басшылары қатты өкпелеп, шағым жаудырды. Өйткені университеттер сияқты олар да пандемия кезінде онлайн оқытуға мүмкіндік беретін жабдықтарға шығындалған болатын. Ал карантин аяқталып, одан кейінгі барлық шектеулер алып тасталғанда, сол техниканың бәрі шаң басып, бір бұрышта жатып қалды.

2022 жылдың маусымында ЖОО саласы жаңадан құрылған Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің қарауына кетті. Артынша Аймағамбетов те отставкаға кетті. Енді жаңа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың командасына жолашары шешпеген түйткілдердің түйінін тарқатуға тура келуде. Себебі колледждер осы министрліктің қарауында қалды.

Осы мақсатта ведомство "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Ол арқылы қолданыстағы "Білім туралы" және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңдарына түзетулер енгізіледі.

Нақтыласақ, онлайн оқыту нысанын лицензиялау енгізіледі. Егер 19 наурызда сайланатын жаңа Парламент аталған заңды қабылдаса, онда министрлік алдымен онлайн оқытудың Біліктілік талаптарын әзірлеп, бекітеді. Содан соң техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын онлайн оқытуға лицензиялау басталады.

Құжатқа талдау жасаған Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы рұқсат беру саясаты басқармасының бас сарапшысы Гүлнұр Жұмаханованың түсіндіруінше, шынында, онлайн оқыту жеке лицензияны талап етпейді, тек әр колледж қолданыстағы лицензиясына қосымшалар алуы қажет.

Бірақ бұл қосымша көрінген көк аттыға берілмейді. Олар өзінде онлайн оқытуға барлық жағдай жасалғанын дәлелдеуі керек. Атап айтқанда, тиісті цифрлық инфрақұрылымы, онлайн-оқытудың білім беру ортасы, экожүйесі, білім беру бағдарламасының контенті, электрондық оқулықтар, кадрлары, студенттермен тәулік бойы жұмысқа арналған инфрақұрылымы болуы шарт. Яғни, сапалы онлайн-оқытуды ұсынуға қабілетін растауға тиіс. Оның бәрі Біліктілік талаптарында бекітіледі.

Бірақ біз оған нақты не жататынын, жай-жапсарын қазірден анықтадық.

Біліктілік талаптары қандай?

Сонымен, студенттерді онлайн оқытуға кіріскісі келетін колледждер келесі Біліктілік талаптарына сай болуға міндетті:

Онда онлайн оқытылатын мамандық бойынша басты лицензиясы немесе лицензияға қосымшасы болуы шарт.

  • Сымсыз технологияларды қоса алғанда, кең жолақты интернет желісінің өткізу қабілеті кемінде 500 Мбит/с болуға тиіс.
  • Жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін және деректерді қорғауды қамтамасыз ететін кадрлары болуы керек.
  • Студенттерді 24/7 форматында, яғни күндіз-түні сүйемелдеу үшін меншікті цифрлық инфрақұрылымы болуы қажет. Оған қойылатын ең төменгі талаптар: сервер кем дегенде 1000 бәсекелес пайдаланушыны қатар қолдауы шарт (кемінде 24 есептеу ядросы, 60 ГБ жедел жады, 1.5 ТБ дискілік кеңістік).
  • Колледждің оқытуды басқару жүйесінде цифрлық контент, синхронды (200 пайдаланушыны бір мезгілде қосу мүмкіндігімен бейнеконференц байланысқа арналған бағдарламалық қамтылым), асинхронды оқытудың, онлайн-прокторинг жүйесінің функциялары бар цифрлық платформалары болуға тиіс.      
  • Оқу және ғылыми әдебиеттердің кітапхана қоры талап етіледі: соңғы он жылдағы басылымдар электрондық форматта болып, онлайн мамандық бойынша білім беру бағдарламасының пәндерін 100% қамтуға тиіс. Білім алушылар мен оқытушылар электрондық ресурстарға, дерекқорларға еркін кіре алуы шарт.
  • Онлайн оқытудың да білім бағдарламасы Техникалық және кәсіптік білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес болуы керек.
  • Білім беру ұйымының оқытуды басқару жүйесіне интеграцияланған плагиатқа қарсы ("Антиплагиат") жүйесінің болуы да талап етіледі. Себебі, ұстаздың көз алдында жүрген студенттер өзгеден көшіріп алуға құмар тұрады. Ал оқуға түскеннен оны бітіргенше оқытушысымен бетпе-бет жүздеспейтін, тіпті ешқашан колледж табалдырығын аттамайтын, яғни бүкіл студенттік өмірін экранның ар жағында өткізетін шәкірттер жиендік жасаудан тіпті тайынбауы мүмкін. 
  • Колледж оқытуды басқару жүйесін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялауы қажет.

Бұдан басқа да талаптар болады. Мысалы, колледждің сұратылған мамандықтар бойынша штаттық оқытушыларының кемінде 80%-ы IT-құзырет және онлайн-оқыту әдістемесі саласында біліктілігін арттырудан өтуі, соңғы 3 жылда кемінде 72 сағат онлайн оқыту тәжірибесі болуы міндетті.

Бұдан бөлек, колледждер оқыту ісіне сырттан инфлюенсерлерді тарта алмайды: сабақ жүргізетін оқытушылардың 100%-ының негізгі жұмыс орны – сол колледж болуы керек көрінеді.

Әрине, мұның бәрі әзірге бастапқы нұсқа, жоба ғана. Біліктілік талаптары сарапшылармен, техникалық және кәсіптік білім ұйымдары өкілдерімен талқылау барысында өзгеруі де мүмкін.

Бірақ қазірдің өзінде колледждердің шамамен 20 пайызы онлайн оқытуға көшуге қызығушылық білдіруі мүмкін деп болжанды. Өйткені олар пандемия кезінде тиісті техниканы иеленген. 

Бұл оқу түрі студенттерді несімен қызықтыруы мүмкін?

Егер ұшқыр интернеті болса, алыс аудандағы жастар, тіпті ересек адамдар қалаға сабылмай-ақ колледж бітіріп шыға алады. Сонымен бірге бұл колледждердегі жатақхана тапшылығы мәселесін шешуге үлес қосар еді.

"Онлайн оқыту білімді қолжетімді етеді. Өйткені онлайн колледждер адамдарға білім алудың арзан әдісін ұсынады. Оларда төлем дәстүрлі оффлайн колледждерге қарағанда аз болады. Себебі, оқу корпустарын, аудиторияларды ұстап тұру қажет емес. Сондай-ақ, студенттер жатақхана іздеп сабылмайды, көлік, қалада тамақтану және басқа қосымша шығындары жоқ", – деді бас сарапшысы Г.Жұмаханова.

Бұл оқу түрінің тағы бір артықшылығы бар: онда оқу кестесі әр студент үшін жеке белгіленуі мүмкін. студенттер өздеріне ыңғайлы уақытта оқи алады. Міндетті кесте деген шектеулер жоқ. Бұл көбінесе оқуды жұмыспен қатар алып жүретіндер үшін таптырмас тәсіл. Яғни, жұмыстан қолы боста диванда жатып оқи алады.

Бұған қоса, курстарды кез келген уақытта аяқтауына болады деп күтілуде. Тіпті интеллекті асып бара жатса, курсты мерзімінен бұрын аяқтауына да рұқсат етіледі деп күтілуде.

Қазақстанда 2022–2023 оқу жылында барлығы 770 колледж жұмыс істейді. Оларда 488 949 адам оқып жатқан көрінеді. Соның ішінде 444 мемлекеттік (272 189 адам) және 326 жеке (216 760 адам) колледж бар.

1.2k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.