Оқу-ағарту министрлігінде облыс, аудан, қалалардың білім басқармалары басшылары, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау ұйымдары өкілдерінің қатысуымен балалардың қауіпсіздігіне арналған шұғыл жиын өтті, деп Turkistan Today хабарлады Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Кездесуге Қазақстанның бірнеше облысындағы мектептерде соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар себеп болды. Соңғы рет осындай жантүршігерлік оқиға жақында Алматы облысындағы ауылдардың бірінде болды. Мұнда мектеп оқушысының зорлық-зомбылықпен өлімінен кейін оның досы да өз өмірін қиды. Сондай-ақ бұған дейін Түркістан облысында 9-сыныпта оқитын қыздың мәйіті ауыл шетінен табылған болатын.
Берілген ақпаратты тыңдаған Білім министрі Ғани Бейсембаев Алматы және Түркістан облыстарында қаза болған студенттердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Министрлік бірден балалардың құқығын қорғау уәкілдері, аймақтың сапаны қамтамасыз еті департаменттері, психологтар, полиция және денсаулық сақтау саласының өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрып, жедел әрекеттер жасады. Қазір комиссия өзінің жұмысын жасап Бұл жағдайға байланысты Ішкі істер министрімен де хабарда отырмын және құқық қорғау органдары тарапынан да жедел әрекет жұмыстары жүргізілетіндігін баяндаймын, – деді Ғани Бейсембаев.
Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова Кеген ауданында оқушылар арасындағы әлімжеттік салдарынан көз жұмған екі балаға қатысты мәліметті хабарлады.
Кеген ауданы Саты ауылында 11 сәуірде сағат 23:00 шамасында қайғылы оқиға болды. Кәмелет жасына толмаған 11-сынып оқушы Бақыт Әлішер 10-сыныптың балаларын өзен жағасына шақырып, кеуделеріне бір-бір соққыдан жасаған. Мирас Әскербай сол жерде есінен танып құлап, жан тапсырған. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Жасөспірімнің қазасының себебін анықтауға қатысты сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр, - деді Гүлсара Исағұлова.
Оның айтуынша, күдікті Б. Әлішер 7-сыныптан бастап 9-сынып аралығында Талдықорғандағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектеп-интернатында білім алған. Отбасындағы жағдайға байланысты ауылға қайтадан келген. Қазір бұл бала үйқамаққа шығарылды.
Сонымен қатар, білім басқармасының өкілі дәл сол ауылда көз жұмған екінші оқушыға қатысты мәліметті жариялады.
13 сәуір күні сағат 00:00-ге қарай Саты ауылында орта мектептің 10-сынып оқушысы Дастан Байтұрсын тұрғын үйдің ауласындағы мал қорасында асылып, қайтыс болды. Бала әкесіне малға шөп саламын деп, үй ауласына шығып кеткен. Кейін баланың асылып қалғанын анасы көрген. Қазір осы оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр, - деді Гүлсара Исағұлова.
Оның сөзіне қарағанда, Мирас пен Дастан мектепте жақсы оқыған.
«Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Білім басқармасы тиісті комиссия құрып, тексеру жүргізді. Осы орайда, арнайы іс-қимыл жоспары жасалып, барлық құрылымдық мекемелерге, құзырлы органдарға тапсырмалар берілді. Саты ауылында орта мектеп директорына, оның тәрбие жөніндегі орынбасарына, сынып жетекшісіне тәртіптік шара қолданылды», - деді басқарма өкілі.
Министр тәрбие жұмысын күшейтуге және бұзақылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Шенеунік қазақстандық ата-аналарға да үндеуін жеткізді.
«Бүгінде әр мектепте қорлауды тоқтататын қажетті ресурстар бар. Ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңесі, ақсақалдар кеңесі, әкелер кеңесі педагогикалық ұжымға көмекке келулері керек», - деді ол.
Ғани Бейсембаев қазақстандық оқушыларға да арнап сөз сөйледі.
Барлығың ата-аналарыңның әлпештеп өсіріп отырған балаларысыңдар. Бір-бірлеріңе қатыгездік жасауға жол бермеу керек. Егер жәбір көріп немесе жәбілеудің куәгері болсаңдар бірден көмекке шақырыңдар. Біз әр облыста балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілдер тағайындадық. Министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті тәулік бойы сендерге қызмет атқарады, – деді министр.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.