Омбыда 4 мектепте қазақ тілі оқытылады – Торғын Әшенова

Омбыда 4 мектепте қазақ тілі оқытылады – Торғын Әшенова

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қандастар туралы да атап өтті.

«Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді», – деген Мемлекет басшысының сөз талай қандасымыздың жүрегіне жол тауып, ұлттық бірегейлігімізді бекемдей түскені анық.

Осы орайда, Turkistan.Today порталы Ресейдің Омбы қаласындағы қазақтарға ана тілін үйретіп, білім мен кәсіп саласында ерекше еңбек етіп жүрген Торғын Әшеновамен елордада сұхбаттасып, алыстағы қандасымызбен «Отандастар» қорының кеңсесінде кездескен еді.

- Торғын ханым, сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс айтамыз. Бірінші сұрағымыз – Ресейде қазақ тілін үйретуіңізге не себеп болды?

- Мен Омбы облысында қазақ ауылда туылып өстім. Сол ауыл мектебінде қазақ тілі пәні ретінде оқып, емтихан тапсырдық. Аттестатымызда қазақ тілі пәні және қазақ әдебиеті жазылған. Одан кейін мектеп бітіріп, Омбы қаласына келген кезімізде, ауылдардың саны азая бастады. Бір жағынан мектептерде қазақ тілі пәні алынып, тек қосымша пән (факультатив) ретінде оқытыла бастады.

Біз Омбы қазақтары ұйымын ашқалы бері, міне биыл 5 жыл болды. Оған қоса қазақ тілі курсын да жүргізіп жатырмыз. Курсқа қатысатын адамдардың көбісі жастар және 40-тан асқан ересектер. Үлкен кісілердің қазақша үйрену себебі, есейгесін патриоттық сезімі оянып, балаларымыз қазақша үйрету үшін әуелі өзім қазақша білуім керек - деп келеді.

Біздің курс Омбыдағы Шоқан Уәлиханов көшесінде орналасқан кеңсемізде өтеді және тағы 2 филиал аштық.

Омбы облысында 78 мың қазақ болса, оның елу пайыздан астамы қалада тұрады. Қазақ орта жоқ болғандықтан, жастардың көбі орысша тілдеседі. Олар мектепте, университетте, жұмыста да орысша сөйлейді. Сондықтан, біздің басты бағытымыз – осы қалада тұратын қазақтарға қазақ тілін үйрету. Қазақ тілі пәнін мектеп программасына қайтадан қосу үшін біз жұмыс істеп жатырмыз.

Қазіргі таңда Қосағаш мекенінде мұғалімдер 1-4 сыныптарға арналған оқыту методикасын шығарды және Омбы қаласында 4 мектепте қазақ тілі пән ретінде оқытылады.

- Ресейде қазақ тілінің дәрежесі қаншалықты биік? Қазақ жастарының қазақша сөйлеу статистикасы қандай?

- Енді олардың қанша пайызы қазақша сөйлей алады, сөйлей алмайды деген статистика бізде жоқ. Бірақ көбінесе ауылдық жерлерде, өз отбасында қазақша сөйлесетін адамдар бар. Жаңа айттым ғой ауылда тұратын адамдар қазір аз. Кейде өзім де жастармен әңгімелескенде түсінісе алмай қалатын жағдайларда болады. Енді менде таза қазақша сөйлеймін деп айта алмаймын. Үй-ішінде орысша араластырып сөйлей береміз. Қазақы ортаға түскенде бала кезде үйренген қазақшамды  пайдаланамын. Сол себепті біз қазақша үйретуді жастардан бастауымыз керек.

- Ал жастарды қазақша үйрету үшін қалай қызықтырасыздар?

- 15 жыл бұрын Омбы қазақтары ұйымын ашқалы бері осы мәселені көтеріп келемін. Жастарға арналған әртүрлі жобалар өткіземіз. Солардың бірі – қыздар арасындағы «Ару Қыз» конкурсы. Бұл жобаға қатысқан қыздар 2 ай ішінде қазақ тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін үйреніп, қазақи ортамен араласып бастайды, патриоттық сезімдері оянып, қазақша би билеп, ән айтып үйренеді. Әрине басында өзіне сенімсіз болып, қазақша сөйлей алмаймын деген қыздар, қазір қазақша үйреніп,қазақша киім тігіп, қазақпын - деген сезімі оянғандар жетерлік.

Егер жастарға сен білмейсің, саған керек емес деп айта берсең олар басылып қалады. Біз керісінше оларға қолдау білдіріп, қазақи дәстүрлерге сүйіндіріп, бағыт- бағдар беріп, жан-жақты үйретеміз. Дегенмен, кей отбасылар қазақша сөйлеспесе де, үйлерінің төрінде домбыра, қамшы іліп қояды. Көрпе-төсегін қазақша оюларымен нақыштайды. Беташар, құдалық, тұсаукесер секілді тойларын қазақы дәстүрлерімен өткізеді. Ал тіл мәселесінде енді енді оянып келе жатыр.

- Қанына тартпағанның қары сынсын дейді қазақ. Немесе қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады деп жатады. Тегіңіз бен жеті атаңызды айта аласыз ба?

- Менің руым – керей, жолдасым – Қуаныштың руы – қыпшақ.Бізде қазақта танысқанда ең әуелі қайдан боласың және руың кім? - деп сұрайды. 7 атамызды иә, білеміз. Мысалы, жолдасым Қуаныш өзінің 20-шы атасына дейін біледі. Біздер рулас ағайындарымызды іздеп, араласып тұрамыз. Тіпті, Қазақстандағы туыстарымызды да тауып байланыстамыз.Омбы облысында 40 шақты ауыл бар. Кей ауылдарда бір ру ауыл болып тұрады. Мәселен, Қараөзек ауылында қыпшақтар және бір ауылда арғындар тұрады.

- Енді заманауи сұрақ жобаларыңызға қаржыны қайдан аласыздар?

- Біздің ұйым коммерциялық емес, бізде жиналған жастар, ақсақалдар барлығы тегін қызмет жасайды. Айлық төлемейміз. Ал арнайы жобаларға өз идеямызды проект ретінде жасап, конкурстарға қатысып, грант аламыз. Біздің барлық жобаларымызға қаржы бөліне бермейді. 10 жобаның тек 5-іне ғана қаржы бөлінеді. Кей кезде жобалар, форумдар өткізген кезде, Қазақстаннан келген азаматтарРесей елінен қолдауды қалай алдыңыздар? -деп таң қалады. Халыққа пайдалы нәрсе болса, Үкімет қолдау білдіруге дайын. Себебі Үкімет жасай алмайтын нәрсені біз жасап жатырмыз.

- Қандай қазақша кітаптар оқисыз?

- Қазір біз қазақша кітапхана ашайын деп жатырмыз. Жастарға, үлкендерге керек кітабын алып оқуға жағдай жасаймыз. Ал өзім Шоқан Уәлихановтың кітаптарын оқимын, жақында ғана 50 томдық қазақ этнографиясы туралы кітап сатып алдым. Соны оқып білгім келеді. Осы жылдың соңына дейін Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын»  оқып бітіремін деп өзіме мақсат қойып отырмын. Бүгін Сізбен сұхбаттасар алдын «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы біршама кітаптарды біздің орталыққа сыйлады, жол-жөнекей парақтап, Омбыға жеткен соң міндетті түрде оқимын.

- Қазіргі тренд бойынша кітап жазу ойыңызда жоқ па?

- Кітап шығару ойымда жоқ. Бірақ биыл 15 жылдыққа деректі фильм шығарсақ па деген ой бар. Ол фильмде осы біздің жобаларымыз туралы, бұл істі не үшін бастадық, неге осының бәрін тегін жасап жүрміз, не нәрсеге алып барады, біздің көмегіміз арқылы қазақша үйренген адамдардың пікірі айтылады. Ал кітапты мүмкін 30 жылдыққа шығаратын шығармыз…(күлді)

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет! Әр бастамаларыңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Әділет ЖҰМАБАЙ

Астана

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
2
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0