Түркістан облысындағы отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамыту бағытында соңғы жылдары бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылды. 2024–2025 жылдары қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар өңірдегі отбасы институтын нығайтуға бағытталған,- деп хабарлайды turkistan.today
Түркістан қаласында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау 12 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жеңімпаздарға құрмет көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына жиі тоқталып келеді. «Мерейлі отбасы» байқауы – тек үздік отбасыларды анықтайтын жарыс қана емес, бұл – отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық тәрбиеге үлкен үлес қосып жүрген отбасылардың еңбегін елге танытатын үлкен алаң. Түркістан облысы 500 мыңнан аса отбасы қоныстанған өңір ретінде демографиялық өсімі ең жоғары аймақ болып есептеледі. Осы отбасылардың ұйытқысына айналған 187 мыңнан аса көпбалалы аналарымызды мақтанышпен айта аламыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жалпы конкурсқа 198 отбасы өтінім берген. Аудан, қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 27 отбасы жеңімпаз атанды. Ал, бүгін облыс бойынша үздік деп танылып, жанұядағы жарасымдылық пен өзінің қарым-қабілеттерімен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен 3 үздік отбасы жүзден жүйрік шығып, «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде топ жарып отыр.
Конкурс қорытындысына сәйкес 1 млн. теңге қаржылай жүлдесімен I орын Молдабековтер отбасына (Сауран ауданы) бұйырды. II орынды Ширимбаевтар отбасы (Түлкібас ауданы), III орынды Рысбековтер отбасы (Келес ауданы) иеленді.
Жеңімпаз отбасындағы Нұрмахан Молдабеков 90 жаста. Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округі, Ынталы елді мекенінде дүниеге келген. Зейнеткер, тыл ардагері. Жұбайы Оңласын Жүсіпбаева зейнеткер, «Алтын алқа» иегері. Үлгілі отбасы 2 ұл, 7 қыз, 35 немере, 23 шөбере сүйіп отыр.
Айта кетсек, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – қоғамда отбасы институтының рөлін нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өз ісінде өнеге болған, үлгілі отбасыларды насихаттау.
2024 жылғы ресми деректерге сәйкес, Түркістан облысында жұмыс істейтін халықтың 49 пайызын әйелдер құрайды. Бұл көрсеткіш өңірде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы оң нәтижелердің бірі болып саналады. Әйелдердің еңбек нарығына қатысу белсенділігі жылдан жылға артып келеді.
Облыстағы орта және шағын бизнес субъектілерінің 35 пайыздан астамын әйелдер басқарады. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында әйелдердің үлесі жоғары. Қазіргі таңда өңірде 213 мыңнан астам кәсіпкер тіркелсе, олардың 68 мыңы – әйелдер. Яғни, шағын және орта кәсіпкерліктің 31,9 пайызы іскер әйелдердің үлесінде.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.