5511 әскери бөлімінің сарбаз-атқышы қатардағы Александр Бажов мемлекеттік тілді өте жақсы меңгерген, деп хабарлайды Turkistan Today.
Ол қазақ тілінде сөйлеген кезде айналасындағылардың барлығы оның бұл қасиетіне тәнті болады. Себебі, сырт қарағанда нағыз орыстың баласы қазақ тілінде өте таза, ешбір мінсіз сөйлейді.
Ұландық сарбаздың айтуы бойынша, оған өзінің ойын Абай мен Шәкәрім тілінде жеткізу оңай.
Сарбаз Павлодар облысына қарасты Лебяжі ауданы Әйтей батыр селосында дүниеге келген. Ол интернационалды отбасынан шыққан, анасы – татар ұлтынан болса, әкесі – украин ұлтының азаматы. Оның балалық шағы алаңсыз, өте көңілді өтті. Мемлекеттік тілді меңгеруіне де осы бала күндегі достарының көмегі болғанын айтады. Ол тек қана қазақ балаларымен дос болып, олармен қазақ тілінде сөйлесуге тырысқан. Солардың бірі Ермұхан атты қазақ баласының көп көмегі болғанын айтады.
– Мен бала күнімнен қазақ балаларымен ғана ойнайтынмын. Туған ауылымда өзге ұлт өкілдерінің балаларымен қоса қазақ ұлтының балалары көп болды. Менің ойымша, кішкентай балалық шағыңда тілді үйрену оңайырақ. Біз таңның атысынан кештің батысына дейін көшеде ойнайтынбыз, сол кезде қазақша білмей тұрсам да, өзімнің ойымды жетукізуге тырысатынмын. Оған достарым да кемшілік таппай, керісінше үйрететін. Мен мектепті қазақ тілінде оқыдым, себебі маған сол тілде оқу қызық және оңай болды. Сондықтан мен достарыма көп рахмет айтамын, - дейді мемлекеттік тілді меңгерген патриот сарбаз.
Александрдың анасы да қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Олар отбасында тек қана қазақ тілінде араласады, анасы тіпті мақал-мәтелдетіп сөйлеген кезде таныстарының барлығы таң қалады екен.
Тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін сарбаз дәнекерлеуші мамандығына колледжге оқуға түседі. Ол спортпен айналысқанды ұнатады, әсіресе футбол мен волейбол және теннис ойнағанды жаны жақсы көреді. Колледждегі оқуын тәмамдағаннан кейін ол әскерге шақырту қағазын алады. Сонымен осы жылдың маусым айынан бастап Александр Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы әскери міндетін атқарып жүр. Әскери бөлім басшылығы да Александрдың мемлекеттік тілді меңгергенін мақтанышпен айтады.
– Мен Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарғаныма өте қуаныштымын және мақтанамын. Әскер – ер-азаматтың мектебі, шыңдалып, өмірдің қиындығы мен қызығушылығын үйретеді. Әсіресе, отбасыңның қадірін түсінесің. Мен әскерде де орыс достарыммен де қазақ тілінде сөйлеп, олардың үйреткім келеді. Себебі, қазақ елінде тұрып, қазақ тілін білмеген ұят қой, мен қазақ тілін меңгеріп, өз ойымды осы тілде жеткізе алатыныма мақтанамын, – дейді.
Әскерді аяқтағаннан кейін Александр жоғары білім алып, заңгер мамандығының иесі атануды жоспарлап отыр. Айта кететін бір жәйт, оның сүйіктісі де бар екен және ол орыс қызы болса да қазақ тілін жақсы меңгерген, олар қазақ тілінде араласып, сөйлеседі. Ал бала күнгі досы Ермаханмен әлі күнге дейін жақсы араласып, бір-бірімен қарым-қатынастары үзілген жоқ.
Флора Левина, Абай облысы
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.