Threads-те бірнеше апта бұрын басталған қарапайым бастама бүгінде тұрақты цифрлық дәстүрге айналды. Нұрлан Қоянбаевтың «әр сәрсенбі – Қазақстанға арналған күн» флешмобы қазақстандықтардың да, шетелдегі отандастардың да назарын біріктіріп, әлеуметтік желіде ерекше атмосфера қалыптастырды.
Threads соңғы уақытта тек қысқа жазбалар жариялайтын платформа болудан қалды — ол ортақ сезім мен ортақ ойды бөлісетін кеңістікке айналып келеді. Бірнеше апта бұрын продюсер әрі тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев сәрсенбі күнін Қазақстан туралы жазбаларға арнауды ұсынған болатын.
Қазір Threads лентасы әр сәрсенбіде еліміздің табиғаты, мәдениеті, спорттағы жетістіктері мен адамдардың жеке әсерлерін баяндайтын посттармен толады. Бұл — міндет емес, адамдардың өз еркімен туған жеріне деген сүйіспеншілігін білдіруі.
«Қазақстан десе жүрек жылып кетеді»
Пайдаланушы adil_orynbassar флешмобтың рухын осылай жеткізеді:
«Сәрсенбі мен үшін Қазақстан күніне айналды. Алатаудың мұзды шыңдары, Бурабайдың тыныштығы, Шарынның айбыны, Көлсайдың әсемдігі мен Каспий жағалауы — барлығы ерекше күш-қуат береді».
«Threads-ті ашып, ауқымына таңғалдым»
Gamal_tuzelbayev флешмобтың ел ішіндегі көңіл-күйді көрсеткенін айтады:
«Нұрлан Қоянбаев бастаған бастамаға халық бірауыздан қосылды. Қазақстанда, әсіресе спорт саласында, серпін айқын сезіледі. Жаңа спорт нысандары ашылып жатыр, бұқаралық спорт дамып келеді. Халықаралық ареналарда жеңіске жетіп жүрген спортшылар — ел мақтанышы».
«Бұл – жаңа дәстүрдің туған секілді»
Skairatovna_official әлеуметтік желідегі жылы атмосфераны атап өтеді:
«Бүгін лентада тек жақсы тілектер, естеліктер және елге деген сүйіспеншілік. Осындай бірлік қуантады. Енді әр сәрсенбі — Қазақстан туралы жағымды жаңалықтардың күні».
Шетелдегі қазақтар да қосылды
Әлемнің әр түкпіріндегі қазақстандықтар да өз үлесін қосуда. ilon_a_k былай жазады:
«Біздің мақсат — әлемге Қазақстанды көрсету. Өзіміз тұрып жатқан елдің тілінде Қазақстан туралы жазып, мәдениет пен дәстүрді таныстыру — патриотизмнің жаңа формасы. Мен де бұл флешмобқа қуана қатысамын».
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.