Серіктестер

Сақ дәуірінен жеткен алтын аю – Қарағайлы қорымынан бірегей жәдігер табылды

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz
Түркі тарихы Бүгін, 08:46

Сақ дәуірінен жеткен алтын аю – Қарағайлы қорымынан бірегей жәдігер табылды.

2026 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қалалық музейлер бірлестігі Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында археологиялық зерттеу жүргізді. Мамандардың алдын ала болжамынша, зерттелген қорған б.з.д. IV–III ғасырларға жатады.

Қорғанның диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Зерттеу барысында оның ежелгі заманда тоналғаны анықталды. Соған қарамастан, археологтар тарихи маңызы бар бірқатар жәдігерге кезікті.

Ең ерекше олжа – аю бейнесінде жасалған шағын алтын мүсінше. Мамандар оны бас киімді безендіруге арналған әшекей деп болжайды. Бұйымдағы арнайы тесіктер оның матаға тігіліп бекітілгенін көрсетеді.

Мұндай әшекейлер сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән. Бұған дейін «Алтын адамның» бас киімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей, ал 2014 жылы Көкқайнар қорымынан барыс мүсіншесі табылған. Алайда Қазақстан аумағында аю бейнесіндегі мұндай бұйым бұрын кездеспеген.

Қазба кезінде адам сүйектері мен сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары да анықталды. Алдын ала есеп бойынша, қорғанда төрт ересек адам мен үш бала жерленуі мүмкін. Нақты санын анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізіледі.

Қалалық музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпеисовтің айтуынша, бір қорғаннан бірнеше адамның сүйек қалдықтарының табылуы ерекше ғылыми қызығушылық тудырып отыр. Өйткені мұндай көлемдегі қорғандарда әдетте бір немесе екі адам жерленген.

Ал бірлестік директоры Ләззат Сағындықова алтын аю мүсіншесінің Қазақстан үшін бірегей олжа екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл жәдігер Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі Еуразия халықтарының мәдени байланыстарын зерттеуге мүмкіндік береді.

Археологиялық зерттеулер толық аяқталғаннан кейін табылған құнды бұйымдарды Алматы музейінің экспозициясына енгізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қалалық музейлер бірлестігі 2022 жылдан бері қала аумағында археологиялық қазба жұмыстарын өз бетінше жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде Алатау ауданынан сақ жауынгерінің бұзылмаған жерлеу орны, алтын және күміс әшекейлер, сондай-ақ басқа да тарихи жәдігерлер табылған. Боралдай сақ қорғандарында шетелдік мамандардың қатысуымен геофизикалық зерттеулер де жүргізілген.

Жаңа олжа Алматының көне тарихын тереңірек зерттеуге және сақ дәуірінің мәдени мұрасын тануға тың мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

+ 7 775 186 2113

Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2026

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.