Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми-зерттеу қызметін дамытып, инновациялық жобаларды өндіріске енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда университетте 331 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы ЕҰУ Басқарма мүшесі – ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев мәлімдеді.
2025–2027 жылдарға арналған конкурстардың қорытындысы бойынша университет 90 жаңа ғылыми жобаға қолдау алған. Оның ішінде 37 жоба «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Ғылыми жарияланымдар саны да артып келеді. 2023–2025 жылдары Scopus және Web of Science базаларындағы жарияланымдар саны 769-дан 863-ке дейін өскен. Ал Q1–Q2 санатындағы журналдарда жарияланған мақалалар саны 154-тен 289-ға жеткен. Қазіргі уақытта университетте 126 ғылыми-зерттеу және мамандандырылған зертхана жұмыс істейді.
Жасанды интеллект пен инновацияға басымдық берілген
ЕҰУ-де жасанды интеллект, робототехника, машиналық оқыту, ақпараттық қауіпсіздік және ұшқышсыз технологиялар бағытында зерттеулер жүргізілуде.
2026 жылдың сәуірінде Лу Бань шеберханасында өнеркәсіптік робототехника, жасанды интеллект және ұшқышсыз технологиялар бойынша біліктілікті арттыру бағдарламасы өткізілді. Сонымен қатар шетелдік серіктестермен бірлесіп, БПЛА операторларын даярлау орталығын құру мәселесі қарастырылуда.
Университетте ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде 63 патент тіркеліп, 26 келісімшарт жасалған және 12 шағын өндіріс құрылған.
Маңызды жобалардың қатарында табиғи цеолиттер арқылы жер асты суларын тазарту технологиясы, көбік бетон өндіретін мобильді қондырғы және мәтіндік ақпаратты ым тіліне аударатын SignBridge цифрлық шешімі бар.
Халықаралық байланыс және жас ғалымдарды қолдау
2026 жылы университет 16 халықаралық ғылыми жобаны жүзеге асырып, зерттеулерге 120 шетелдік ғалымды тартқан. Негізгі бағыттар – ядролық физика, материалтану, мұнай-газ химиясы және полимерлік технологиялар.
Жас ғалымдар қазіргі уақытта 61 ғылыми жобаға қатысып отыр. Сонымен қатар университетте 19 даярлау бағыты бойынша 36 диссертациялық кеңес жұмыс істейді. 2026 жылы 170-тен астам докторант докторлық диссертациясын сәтті қорғаған.
ЕҰУ-дың ғылыми баспа платформасында 22 журнал бар. Оның үшеуі Scopus халықаралық дерекқорында индекстеледі.
Университеттің алдағы стратегиялық жоспарында халықаралық ғылыми жобаларды көбейту, зертханалық базаны жаңғырту, жасанды интеллект бағытындағы зерттеулерді кеңейту және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу көзделген.
Осылайша, ЕҰУ білім беру мен ғылыми зерттеулерді ұштастырып, халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне айналу бағытын жалғастырып келеді.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2026
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.