Бакуде Түркі Академиясы жүзеге асырған ауқымды әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне арналған халықаралық конференция өтті. «Түркі Барометрі – 2024: түркі мемлекеттеріндегі білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық – қазіргі жағдай және келешекке көзқарас» атты зерттеу нәтижелері Әзербайжанның Әлеуметтік зерттеулер орталығымен бірлесе ұйымдастырылған іс-шара барысында таныстырылды,- деп хабарлайды turkistan.today
Конференция аясында Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев жоба бойынша негізгі қорытындыларды ұсынды. Сонымен қатар, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерін қамтыған зерттеу тобының мүшелері де баяндама жасады.
Бұл зерттеу Түркі Академиясының «Түркі Барометрі» атты аналитикалық жобасы аясында жыл сайын жүргізіледі және Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер арасындағы ынтымақтастық деңгейін түрлі салада бағалауға бағытталған. Биылғы зерттеуде ғылым мен білім саласындағы байланысқа ерекше назар аударылды. Сауалнамаға орта және жоғары білім беру мекемелерінде қызмет ететін 4 131 оқытушы, сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, танымал ғалымдар мен білім беру саласының сарапшылары қатысты.
Зерттеу нәтижелерінің бірі – академиялық ұтқырлықты дамытуға бағытталған «Орхун» бағдарламасы туралы ақпараттандыру деңгейінің төмендігін анықтады. Мәселен, сауалнамаға қатысушылардың 51,44 пайызы бұл бағдарлама туралы мүлде естімегендерін айтты. Түркияда сауалнамаға қатысқандардың небәрі 1,87 пайызы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланса, бұл көрсеткіш ең жоғары деп есептелген Әзербайжанда да тек 9,49 пайызды құрады.
Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері түркі мемлекеттері арасындағы ортақ ғылыми-білім беру кеңістігін дамытуға үлкен әлеует бар екенін көрсетті. Респонденттер бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқытушылар мен студенттер алмасу жүйесін кеңейту және ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру секілді бастамаларды белсенді түрде қолдады.
Ең басты салалық басымдықтар да анықталды:
• Әзербайжанда — педогогика мен медицина салаларында, сондай-ақ түркі тілдері, әдебиеті, мәдениеті мен тарихына қатысты бірлескен зерттеулерді нығайту;
• Қазақстанда: — туризм саласындағы білім беру бағытындағы серіктестікті дамыту;
• Қырғызстанда — мәдени ынтымақтастықты нығайтудың құралы ретінде тарихи-мәдени зерттеулер жүргізу бағыттары басты назарға алынды.
Сауалнамаға қатысушылар түркі мемлекеттері арасында дипломдар мен ғылыми атақтарды өзара тану рәсімдерін жеңілдету қажеттілігіне де ерекше көңіл бөлген. Олардың пікірінше, бұл қадам білім мен ғылым саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге елеулі үлес қосады.
Халықаралық жиын түркі мемлекеттерінің ғылыми қауымдастығы өкілдері – ғалымдардың, оқытушылардың, зерттеушілер мен сарапшылардың басын қосты. Қатысушылар қатарында парламент депутаттары, профессорлар, доценттер, ғылым докторлары, жетекші ғылыми және білім беру мекемелерінің басшылары, сондай-ақ түркі елдерінің елшілері болды.
- «Түркі Барометрі – 2024» зерттеуі —интеграциялық үдерістердің қазіргі жағдайын шынайы бағалауға мүмкіндік беретін маңызды аналитикалық құрал. Бұл зерттеу түркі елдерінің ғылыми-білім беру кеңістігінде ортақ стратегияларды дайындауға берік негіз қалыптастырады, — деді Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.