2025 жылғы 14 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы (ОСО КП) туралы Ережеге қол қою рәсімі өтті,- деп хабарлайды turkistan.today
Іс-шараға ТМҰ мүше мемлекеттер –Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және ТМҰ бақылаушы мемлекет – Мажарстанның орталық сайлау органдарының, сондай-ақ 4 беделді халықаралық ұйым – ТМҰ, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Түркі академиясының басшылары, сондай-ақ ТМҰ елдерінің ғалымдары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері, облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасын құру бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен ТМҰ X мерейтойлық саммитінде ұсынған болатын.
ТМҰ мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасын құру туралы шешім барлық түркі мемлекеттер басшылары тарапынан бірауыздан қолдау тауып, 2024 жылғы 6 қарашада қабылданған ТМҰ XI саммитінің Бішкек декларациясында көрініс тапты.
ОСО КП Ережесіне қол қою рәсімінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқыды.
Президент өз хатында ТМҰ X саммитінде ұсынған консультативтік платформаны құру туралы бастаманы қолдаған бауырлас елдердің әріптестеріне алғыс білдіріп, бұл бастама ұйымның мүше мемлекеттерінің сайлау жүйелерін жетілдіруге ықпал ететіне сенім білдірді.
«Бүкіл Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында консультативтік платформаның ережесіне қол қойылады. Мұның символдық мәні зор. Сондай-ақ мәселенің маңыздылығын ескере отырып, мен «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу туралы бастаманы қолдаймын. Бұл шаралар тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдердің қарым-қатынасын одан әрі тереңдете түсері сөзсіз», – деп Мемлекет басшысы өз хатында ден қойып, консультативтік платформаға нәтижелі жұмыс тіледі.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов өз құттықтауларын жолдады.
Іс-шара барысында ҚР ОСК Төрағасы ашық деректерге сәйкес ТМҰ мүше мемлекеттерде 96,5 миллионнан астам сайлаушы бар екенін, соңғы екі жылда осы елдерде түрлі деңгейдегі 15 сайлау өткенін атап өтті. Сонымен қатар, ол «біз бүгін бүкіл түркі халқының рухани астанасы – Түркістанда жиналып, ТМҰ елдерінің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы Ережеге қол қойып отырмыз. Мұндай диалог алаңын құру сайлау процестерінің сапасы, тиімділігі мен инклюзивтілігін арттыруға ықпал етеді», – деді.
Іс-шарада ТМҰ мүше-мемлекеттер орталық сайлау органдарының басшылары – Әзербайжаннан Мазахир Панахов, Қырғызстаннан Тынчтык Шайназаров, Түркиядан Ахмет Йенер, Өзбекстаннан Зайниддин Низамходжаев сөз сөйлеп, Мажарстанның Ұлттық сайлау бюросының басшысы Аттила Надьтың құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының (A-WEB) Бас хатшысы Ин-Шик Чжанг, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев сөз сөйледі.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.