Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, тарихи және мәдени мұрасы бай, табиғи ресурстары мол өңір. Соңғы жылдары облыстың демографиялық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп, халық санының өсуі мен жас құрылымының жақсаруы байқалуда. Бұл мақалада Түркістан облысының демографиялық ахуалы, оның ішінде халық саны, туу көрсеткіші, табиғи өсім, көші-қон, әлеуметтік қолдау шаралары және болашақтағы даму болжамдары қарастырылады,- деп хабарлайды turkistan.today
Жалпы, облыс халқының үздіксіз өсіп отыруы миграциялық үрдістердің бірнеше бағытын қалыптастырды. Оның алғашқысы оңтүстік-шығыс бағыты – Алматы қаласына негізделді. Екіншісі, Астана бағыты – Астана қаласымен байланысты болды. Үшіншісі, Солтүстік бағыт – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Петропавл, Павлодар облыстарына бағытталды. Төртінші бағыт – Түркістан қаласының облыс орталығы болып өзгеруі болды. Алғашқы үш бағыттағы миграциялық үрдіске тек облыс халқы ғана қатысқан болса, төртінші бағытқа жалпы Оңтүстік өңір (Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда облыстары) халықтары атсалысуда.
Облыс халқының миграциялық үрдістерінің трансформациясына ең алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдай әсер етті. Бұл ретте Түркістан қаласының облыс орталығы болуы облыс халқының жергілікті мекендеріне қайта топтасуына және басқа да облыстардан халықтың қоныс аударуына негіз болып отыр. Бұған облыс орталығының жоспарлы түрде кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы ықпал етуде.
Аталмыш бағыттардың синтезінде облыстың этнодемографиялық үрдістерінде де ерекшеліктер байқалды. Мысалы, 1999–2009 жж. халық санағы материалдарында халық санының өсуінде негізгі басымдықтар көзге түседі [Итоги переписи, 2009]. Оның ішінде миграциялық үрдістердің нәтижесінде славяндық этностардың азаюы ерекше байқалады. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы облыс төңірегіндегі тау-кен және өндіріс орындарының тұралап қалуы негіз болды. Бұл облыстағы кейбір шағын қалалардың түбегейлі болашағы жоқ екенін көрсетті. Ал, бұл өндірістік қалалардың тұрғындарының көпшілігі орыстар, украиндар, белорусьтер, немістер және гректер болды.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында көптеген этнос өкілдері тұрады. Оның ішінде 24 түркі халықтар өмір сүреді. Мысалы, 2019 жылы Түркістан облысында этнодемографиялық жағдайға қарайтын болсақ, облыс халқының жалпы саны 1,983,967 адамды құрады. Соның ішінде: қазақтар – 1,508,219; өзбектер – 336,645; орыстар – 35,523; әзербайжандар – 18,539; тәжіктер – 36,831; татарлар – 7892; түріктер – 16,438; украиндер – 904; немістер – 1296 адамды құрайды [Stat.gov.kz, 2019]. Ал, 2020 жылдың басындағы көрсеткіштерде облыс халқының саны – 2,016,037 адамды құрады. Оның ішінде: қазақтар – 1,531,716; өзбектер – 344,937; орыстар – 34,968; әзербайжандар – 18,707; тәжіктер – 37,640; татарлар – 7,817; түріктер – 16,638; украиндер – 785; немістер – 1,275 адамды құрады [Stat.gov.kz, 2020]. Берілген көрсеткіштерден байқағанымыздай 2020 жылдың басымен 2019 жылдағы өзгерістер этностар арасындағы ерекшеліктерді көрсетеді. Мысалы, қазақтар мен өзбектердің арасында айтарлықтай халық саны өскендігі байқалады. Ал, орыс, украин, неміс және т.б. халықтардың саны керісінше төмендеген. Түркі тілдес халықтардың ішінде әзербайжандар мен түріктердің санында да өзгерістер байқалады.
Түркістан облысындағы этнодемографиялық өзгерістер облыс аудандары көлемінде ерекшеліктерге ие. Мысалы, өзбектердің көп шоғырланған аймақтары Түркісан қаласы, Сайрам, Төле би, Мақтаарал ауданы, Кентау қаласында тығыз қоныстанған. Сол сияқты тәжіктер Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарында тығыз орналасқан. Ал, түріктер мен әзірбайжандар Жетісай, Сайрам, Сарыағаш және Төле би аудандарында қоныс тепкен. Облысты аумағындағы Отырар және Созақ ауданының этнодемографиялық жағдайы қызықты көрініс береді. Мысалы, Отырар ауданында 54,038 халық тұрса, соның 53,861 қазақтар болып табылады. Дәл осындай жағдай Шардара ауданында да кездеседі. Аталмыш ауданның халық саны 78,832 адамнан тұрса, оның 76,135 қазақтар. Созақ ауданында да қазақтардың тығыз орналасқандығымен ерекшеленеді.
Қорытындылай келе, Түркістан облысының халық саны XX ғасырдың басынан бері өсіп келгенімен, халықтың құрамы әртүрлі өзгерісте болды. Соның ішінде облыстағы әкімшілік және территориялық өзгерістер жергілікті халықтың көрсеткіштеріне әсер етпей қоймады. Соңғы статистикалық мәліметтердегі этнодемографиялық көрсеткіштер облыс территориясындағы түркі тілдес халықтардың санының өсіп келе жатқандығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, этностардың орналасуындағы ерекшеліктер әр этностың шаруашылық бейімін көрсетеді. Соған сәйкес этностардың орналасу жүйесі қалыптасып отыр. Алайда, Түркістан қаласындағы күрделі әлеуметтік өзгерістер келешекте жаңа этнодемографиялық өзгерістерді алып келетін болады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.