Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, тарихи және мәдени мұрасы бай, табиғи ресурстары мол өңір. Соңғы жылдары облыстың демографиялық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп, халық санының өсуі мен жас құрылымының жақсаруы байқалуда. Бұл мақалада Түркістан облысының демографиялық ахуалы, оның ішінде халық саны, туу көрсеткіші, табиғи өсім, көші-қон, әлеуметтік қолдау шаралары және болашақтағы даму болжамдары қарастырылады,- деп хабарлайды turkistan.today
Түркістан қаласының облыс орталығы болып құрылуы өңірдегі экономикалық, мәдени және демографиялық жағдайдың өзгеруіне ықпал етуде. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі этнодемографиялық үрдістерінің бағыттары мен трансформациясына өзгерістер алып келуе. Қазіргі Түркістан облысының демографиялық жағдайы XX ғасырдың басынан бері әртүрлі көрсеткіштерге ие болды. Ерекшелігі, ғасыр бойы облыстың халық санының өсу динамикасы ілгерілеп отырған. Бұл облыс халқының дәстүрлі тұрмыс тіршілігі, қоныстану жүйесі, климаты, миграциялық үрдістері мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты болды. Осы процестерді тарихи тұрғыдан талдау үшін әр түрлі жылдарда жасалған кейбір халық санағының нәтижелерін зерттеуді пайдалы болады деп ойлаймыз.
Бұл бағытта қаралған халық санағының алғашкысы 1926 жылғы санақта Сырдария губерниясында 1, 157,188 адам өмір сүріп, оның ішінде қазақтар – 876,184; орыстар – 82,392; немістер – 4,447; украиндар – 43,241; өзбектер – 124,650; татарлар – 7,629; белорусьтер – 1951; ұйғырлар – 60; әзербайжандар – 12; кәрістер – 11 адам болған [Всесоюзная перепись., 1928]. Ал, 1939 жылғы санақ материалдарында Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы 745,542 адам өмір сүрген. Оның құрамында қазақтардың үлесі 349,489 адамнан 46,9 % құраған. Облыстағы орыстардың саны 169,805 адамды құрап, 22,8 % құраған. Дәл сол сияқты, немістер – 6,089; украиндар – 57,519; өзбектер – 100,770; татарлар – 13,507; белорусьтер – 3,284; ұйғырлар – 382; әзербайжандар – 4,832; кәрістер – 6,041 адамды құраған [Населенеие Казахстана., 2009.]. 1926–1939 жж. санақ материалдарындағы халық санының өзгерістерінде бірқатар факторларды ескеруді қажет етеді. Оның ішінде Сырдария губерниясының 1928 жылы әкімшілік бөліністерінің әсері болды. Сонымен қатар, 1937 жылы Солтүстік Кавказдан қоныс аударған мұсылман халықтары облыстың этнодемографиялық үрдістеріне өз ықпалын тигізді. 1959 жылы жүргізілген санақтың көрсеткіштерінде Шымкент облысының этнодемографиялық көрсеткіштерінде де ерекшеліктер болды. Мысалы, жалпы халық саны 906,696 адамды құрап, оның ішінде қазақтар – 398,193; орыстар – 207,426; немістер – 28,320; украиндер – 40,344; өзбектер – 116,159; татарлар – 25,250; белорусьтер – 2,873; әзербайжандар – 11,510 адам болды [Статистический сборник, 1991]. Санақ мәліметтеріндегі әзірбайжандардың санының күрт өсуі 1944 жылғы депортацияның әсері болды. Облыс төңірегіне осы кезеңде әзербайжандармен қатар, ахыска түріктері, қарашай, балкар және т.б. түркі халықтары қоныс аударған болатын. Нәтижесінде облыс территориясында түркі халықтарының саны мен үлесі басымдыққа ие бола бастады.
1970 жылы Шымкент облысындағы халықтың жалпы саны – 1,284,859 адамды құрады. Оның ішінде 47,1 % қазақтар, 22,0% орыстар болды. Облыс халқының құрамын славян және түркі халықтары ретінде бөліп қарайтын болсақ, түркі халықтарының облыс бойынша үлесі 65,1 % құраса, славян халықтары 25,2 % құраған. Осы жылғы санақ материалдарынан бастап, халықтың этнодемографиялық үрдістерінде ерекшеліктер байқала бастайды. Оның ішінде славян және басқа да тіл тобына жататын халықтың үлес салмағы азая бастады. Керісінше түркі халықтарының үлесі басым түскендігін көреміз. Мысалы, 1979 жылғы санақ материалында қазақтар 51 % жеткен болса (1970 жылы 47,1 %), өзбектер – 14,5 % (1970 жылы 13,7 %) құрады. Ал, орыстардың үлесі – 19,2 % құрап, 1970 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 % төмендеген. Дәл осындай азаю көрсеткіштері украиндар мен белорусьтерде де байқалды [Численность и состав населения СССР, 1984]. Дегенмен халық ішіндегі бұл өзгерістерге қарамастан облыс халқының жалпы саны өсу динамикасын тоқтатпады.
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақсыз болуы облыс халқының миграциялық үрдістерде белсенділігін арттырды. Халықтың көпшілігі ел астанасы Алматы қаласына жұмыс істеу мақсатында қоныс аударды. Олардың көпшілігі тұрақты мекен жайын біржолата ауыстырғандар болып саналады. Сонымен қатар, Алматы қаласына оқуға келіп, жұмыс істеп қалып қойғандар да болды. Нәтижесінде оңтүстік өңір халқының Алматы қаласында топтасып орналасуына алып келді. Қоныс аударушылар Алматы қаласының әлеуметтік және мәдени үрдістерінде маңызды рөл ойнады. Мысалы, ежелден сауда-саттықпен айналысқан оңтүстік өлкенің тұрғындары нарықтың экономикаға көшу барысында Алматыдағы шағын және отбасылық кәсіпкерліктің негізін қалаушылардың біріне айналды. Жалпы, тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазіргі Түркістан облысы еліміздің көптеген облыстарының демографиясында донорлық қызмет атқарды. Соның ішінде, 1998 жылдан бастап ел ордасы Ақмолаға көшуінде «оңтүстіктердің» көші үлкен үрдіс болды. Бұл оңтүстік халқының солтүстікке қоныс аударуының негізгі кезеңі болды.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.