ТМД-да әлем мойындамаған Арцах республикасы жойылатын болды

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Әлем 21 қыркүйек, 2023

Әзербайжан сонау ХХ ғасырдың соңында жоғалтқан территориялық тұтастығы мен егемендігі қалпына келтірілгенін ресми мәлімдеді, деп хабарлайды Turkistan Today.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев ұлтқа үндеумен жүгінді. Онда ол Таулы Қарабақтағы антитеррористік операция табысты аяқталғанын, Әзербайжан өз егемендігін қалпына келтіргенін мәлімдеді. 

Ильхам Әлиев 19 қыркүйекте басталып, 20 қыркүйекте аяқталған антитеррористік шаралар барысында әзербайжан жауынгерлерінің қаһармандықты, ерлікті, кәсіби біліктілікті паш еткенін айтты. 

"Таулы жер бедері күрделі еді. Оның үстіне жау ұзақ жылдар бойы ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізіп, бекіністерді қаптатып тұрғызды. Дұшпанның позициялары биіктіктерде және ұтымды орындарда орын тепті. Соның бәріне қарамастан, біздің әскерилеріміз батырлық, кәсібилік танытты. Қысқа уақыт ішінде барлық бағыттарда елеулі әскери табыстарға жетті. Армян мемлекеті әзербайжандық территорияларда заңсыз орналастырған армияның елеулі бөлігі толығымен жойылды. Әскери техникасы да жаппай істен шығарылды", – деді Әзербайжан Президенті.  

ӘР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің бастығы, полковник Анар Эйвазовтың мәлімдеуінше, Таулы Карабахтағы лаңкестікке қарсы шаралар барысында үлкен көлемде әскери техника, ұрыс позициялары, дұшпанның паналары талқандалған. 

"Қазіргі дерек бойынша Таулы Карабахтың әр тұсындағы Армения армиясы құрылымдарының 90-нан астам әскери позициялары, сондай-ақ бірнеше стратегиялық маңызды биіктіктер Әзербайжан Қарулы күштерінің (ӘҚК) бақылауына көшті. Бұдан бөлек ӘҚК бөлімшелері олжа ретінде 1 танкті, 2 БМП, 7 әскери көлік құралын, 4 минометті, қарсыластың оқ-дәрілерінің үлкен көлемін қолға түсірді. Оқ-дәрісі таусылған Армения қарулы күштері құрылымдарының әскерилері сасқаннан тоз-тоз болып, бөлек-бөлек тым-тырақай қашты. Бұл фактілер видеоларда тіркелді", – деді полковник Анар Эйвазов.

ӘР Қорғаныс министрлігі арнайы мәлімдеме жариялады. Онда Карабахтағы армян тұрғындарының өкілдері ресейлік бітімгершіл контингент арқылы өтініштерін табыстағаны айтылған. Мұны сарапшылар "капитуляция" деп атауда. 

Осыған орай Баку 20 қыркүйек күнгі сағат 13:00-де Таулы Карабахтағы антитеррорлық шарасын уақытша тоқтатты. 

Бұған келесі шарттар ықпал еткен: 

· Әзербайжанның Карабах ауданында орналасқан армяндық заңсыз қарулы құрылымдар барлық қару-жарағын, ұрыс позицияларын, әскери посттарын тастап шығады. Армения армиясының солдаттары Әзербайжан территориясынан кетеді. Заңсыз, сепаратистік армян қарулы құрылымдары қызметін тоқтатады. 

· Барлық қару-жарақ, ауыр техника Әзербайжан тарапына тапсырылады. 

· Бұл процестер ресейлік бітімгершіл контингентпен үйлесімде қамтамасыз етіледі.

Бүгінде Әзербайжан армиясына осы шараларды іске асыруға бұйрық беріліпті.

Бірақ кеше түнде ӘР Қорғаныс ведомствосы ресейлік солдаттар қаза тапқанын жариялады. 

"20 қыркүйекте Джанйатаг елді мекенінің жанында РФ бітімгершіл контингентінің УАЗ Патриот автокөлігі атқыланды. Салдарынан оның ішіндегі бітімгерші әскерилер қайғылы қаза тапты. Болған оқиғаны барлық қырынан зерттеу үшін Әзербайжанның және Ресейдің тергеу органдары оқиға орнында бірге жұмыс істеуде. Оқиғаға байланысты өкініш білдіреміз, мерт болған әскерилердің отбасыларына және туысқандарына, РФ Қорғаныс министрлігі басшылығына қайғыра көңіл айтамыз", – делінген ӘР Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде.

РФ қорғаныс ведомствосы көліктің автоматтан атқыланғанын хабарлады. Мұны қай тараптың жасағанын және қанша солдат жан тапсырғанын нақтыламады. 

Таулы Карабахтағы оқиғаларға түсініктеме берген Кремль: "де-юре, заң тұрғысынан алғанда Баку өз территориясында әрекет етуде" деп мәлімдеді.

Өз кезегінде Армения Премьері Никол Пашинян да Ереванның өзін өзі жариялаған Таулы Карабах (Арцах) республикасын мойындамайтынын, сондықтан бұл қақтығысқа Армения армиясы қатыспайтынын мәлімдеді.

Бұдан бұрын, 2020 жылғы 44 күндік соғыста Армения жауынгерлері түрік әскери инструкторлары жетекшілік еткен Әзербайжан жауынгерлеріне тойтарыс беруге қатыспақ болды. Бірақ оңбай таяқ жеді, оларды тықсырған Әзербайжан армиясы тіпті Арменияның халықаралық мойындалған төл территориясына дейін еніп кетті. 

Содан Мәскеудің араағайындығымен Үшжақты келісімге қол қойылды. Онда Таулы Карабах Әзербайжанның территориясы ретінде мойындалды. Ендеше Пашинянның сөзі орынды. Ол мойындалмаған Таулы Карабах республикасы мен Әзербайжан арасындағы осы жолғы келіссөздерге Арменияның араласпағанын, тарап ретінде қатыспағанын жеткізді.   

Нәтижесінде, "Армения Республикасының Қарулы күштеррінің қалған құрылымдары мен әскерилерін" ресейлік бітімгершіл контингент орналасқан аумақтан да толық шығару туралы келісімге қол жеткізілді. Арцах қорғаныс армиясы аталатын заңсыз қарулы құрылымдар мен топтар да толық қарусыздануға міндетті. 

Ресей, Армения тарапынан ашық қолдау болмаған соң, уақытылы берілмегенде Таулы Қарабақтан төл республикасын жасамақ болғандар тегіс қырылып қалатын еді. Өзін өзі жариялаған Таулы Карабах республикасының омбудсмені Гегам Степанян кем дегенде 200 адамның өлгенін мәлімдеді. Басым көпшілігі армян солдаттары. 10-ы – бейбіт тұрғындар. Соның ішінде бесеуі балалар. 

Зардап шеккендер, жараланғандар саны 400 адамға дейін өсті. Оның ішінде қырықтан астамы – бейбіт тұрғын. Босқындар да көп.

"Қазіргі кезде 10 мыңнан астам адам өздері мекендеген елді мекендерді тастап шығып, Арцахтың қауіпсіздеу басқа елді мекендерінен пана іздеуге мәжбүр", – деді омбудсмен. 

Әзербайжан тарапы қанша жауынгерінің қаза тапқанын жарияламады. Тек Шуша қаласында бір бейбіт тұрғынның опат болғанын ресми растады.

Сепаратистер іс жүзінде тізе бүккенімен Таулы Қарабақтың Әзербайжанға қайтарылатыны ресми құжатпен бекітілмесе, халықаралық деңгейде мойындалмауы да мүмкін. Әзербайжан Президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиевтің айтуынша, Армениямен арадағы бейбіт келісім жобасы 70% дайын. Яғни, екі мемлекет өзара дауға тамыздық болған мәселелердің осынша көлемі бойынша келісімге келген. 

Hraparak басылымының жазуынша, Әзербайжан мойындалмаған Таулы Карабах билігіне Бакуге ұстап берілуге тиісті адамдардың аты-жөндері жазылған тізімді тапсырды. Тек сонда ғана Арменияға гуманитарлық дәліз ашылады. Қара тізімде Таулы Қарабақтан әзербайжандарды қууға, қыруға, қудалауға қатысқан, Әзербайжанға қарсы әрекет жүргізген қылмыскерлер, мемлекеттік және әскери қайраткерлер, сепаратистік квазиреспубликаның бұрынғы басшылары бар. 

Әзірге Халықаралық Қызыл крест Армениядан да, Әзербайжаннан да гуманитарлық жүктерді тасуда. Бұл ретте Таулы Карабахты Армениямен байланыстыратын жалғыз Лашын дәлізін Әзербайжан әскерилері өз бақылауына алды.

Саясаттанушы Денис Левеннің пікірінше, бұл оқиға Мәскеудің Кавказдағы ықпалын жоғалтқанын паш етті. Бакуге қысымды АҚШ пен Еуропалық одақ көрсетті. 

"Мәскеу былтырдан бері толығымен бар күш-жігерін Украинадағы соғысқа шоғырландыруда. Ал басқа бағыттарда бұрыннан қол жеткізген жетістіктерін, статус-квоны сақтап қалуға тырысумен шектелді. Арменияның көздегені басқа: аман қалу. Аймақтағы рөлі деградацияға ұшыраған Ресей оған бұл істе толыққанды көмектесе алмауы мүмкін. Сол себепті Армения Батыстың, әсіресе армян диаспорасы көп Франция мен Америка сияқты жаһандық ойыншылардың қолдауы мен қамқорлығына қол жеткізуге күш сала бастады. Әйтсе де, Ресей іргедегі Кавказ өңірінен түбегейлі кетеді деп үміттенбеген жөн", – деді саясаттанушы Д.Левен.

Себебі, экономикалық блокададағы Армения амалсыз Еуразиялық одаққа мүше болып қалады.

Саясаттанушы Арменияға бұл қақтығыста жалғыз Мәскеу ғана емес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы да көмекке келмегенін еске салды. Яғни, Ереван үшін Ресейдің де, ҰҚШҰ-ның да пайдасы жоқ болып тұр. Олай болса, алда Армения бұл әскери ұйымдағы мүшелігін уақытша доғаруы не одан мүлдем шығуы мүмкін. 

Өйткені Армения билігіне жақын телеграм-арналар Таулы Карабахтағы армян әскери топтарының бекіністерінің координаттарын және техникасының орналасқан орнын ресейлік тарап Әзербайжанға табыстады деп ауыр айып тағып жатыр. Шынында солай болса, бұл одақтасқа жараспас қарекет.

2.3k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.