Қарағанды облысында өткен сараптамалық кездесуде өңірлік сарапшылар мен жастар көшбасшылары Қазақстанның Жаңа Конституциясы жобасын талқылап, оның ел дамуы үшін маңызын атап өтті.
Қарағанды облысында өткен ашық диалог алаңында сарапшылар қауымдастығы мен жастар ұйымдарының өкілдері Қазақстанның Жаңа Конституциясы жобасына қатысты өз пікірлерін білдірді. Қатысушылар құжаттың ел болашағын айқындайтын стратегиялық мәнге ие екенін атап өтіп, оны қабылдауды қолдайтындарын жеткізді. Кездесу барысында жастардың мемлекет дамуына қатысуы, құқықтық кепілдіктерді күшейту және заманауи сын-қатерлерге жауап беру мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Конституциялық комиссия мүшелері Нұркен Кобжанов пен Бекзат Алтынбеков қатысты.
Өңір басшысы өз сөзінде Жаңа Конституцияны қабылдау тек құқықтық өзгеріс емес, мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған кешенді қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүкілхалықтық референдум — ел дамуының жаңа кезеңіне өтуге мүмкіндік беретін тарихи шешім.
Бұл құжат жеке нормаларды түзетумен шектелмейді. Ол қазіргі заман талаптарына сай мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға бағытталған. Жаңа Конституция әділдік, бірлік және заң үстемдігі қағидаттарына негізделіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді. Бүгін біз келер ұрпақтың болашағын айқындап отырмыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі 2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан саяси және әлеуметтік реформаларға тоқталып, ұсынылып отырған Конституция сол өзгерістердің заңды жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол елді жаңғырту үдерісінде жастардың белсенді рөлі ерекше маңызды екенін жеткізді.
Конституциялық комиссия өкілдері өз кезегінде жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында қоғамның кең қатысуы басты қағидат болғанын айтты. Ашықтық пен қоғамдық пікірді ескеру — реформаның басты ерекшелігі ретінде аталды.
«Талдау Қарағанды» өңірлік аналитика мектебінің қатысушысы Асылжан Төлегенов экологиялық мәселелердің конституциялық деңгейде бекітілуіне назар аударды. Оның айтуынша, Жаңа Конституция орнықты даму мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау ұстанымдарын нақты көрсетеді.
Экология — бұл тек заңнамалық норма емес, бұл біздің табиғатқа деген көзқарасымыз. Жоба «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының логикалық жалғасы ретінде ұсынылып отыр. Құжатты әзірлеуге қоғам белсенді қатысты, сондықтан оны халықтың өзі үшін жазылған деп айтуға болады, — деді ол.
Облыстық Жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі Жанбота Елубаев Конституцияның зияткерлік меншікті қорғау және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытудағы маңызын атап өтті.
Ал «Ұлт қазына» жобасының менторы Салтанат Қайырбек конституциялық реформалар адами капиталды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.
Үшінші бапта адами капитал мемлекеттің басты құндылығы ретінде көрсетілген. Бұл ғылым, білім мен мәдениетті қолдауға басымдық берілетінін білдіреді. Өңірімізде креативті индустрияны дамытуға бағытталған жаңа бастамалар қолға алынып жатыр, — деді ол.
Кездесу қорытындысында қатысушылар конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиын жастардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.