Әлем аяғына қайыңның қабығын кебіс қып киіп жүргенде, біздің бабаларымыз былғары етік киген. Жұрт жамау-жамау кір қожалақ боп жүргенде біздің халық алабұтаның күлінен сабын қайнатып, киген киімдері мұнтаздай тап-таза болып жүрген.
Бақ пен Қызырдың көзі сұлулыққа түсетінін білген қазақтың жігіттері сусардан бөрік, құндыздан ішік, былғарыдан етік тіктірген.
Қыздары алтыннан алқа, күмістен шолпы соқтырған. Торқадан қамқа, жібектен көйлек, пүліштен жиде, масатыдан көрпе, мамықтан құс жастық тіктірген. Содан қазақ халқына Бақ қарап, Қызыр дарыған.
Өркениетті біз басқадан емес, әлем бізден іздесін. Сүтті ұйытып қатық қылып, қатықты күбіге құйып пісіп айран қылған. Сары майын қалқып алып қойдың қарнына сақтаған қазақты әулие демеске болмас.
Сапарға шықса алты малта құртты ас қылып, жүрек жалғаған. Ұстаған аңының етін өз қарнына салып, шоққа көміп ыдыссыз ас ішкен де қазақ. Жолдасын жауға тастамаған халық, бүтін құрты бөліп жеген де, жарты құртты жарып жеген де қазақ.
Жасына қарамай, ақылы асқанды аға тұтқан, ізеттіні іні көрген. Пейілі кең, ниеті түзуді бауырына санаған. Әдептен аспаған, дәстүрден озбаған.
Сөзге тоқтаған. Тауып айтылған ұтымды сөзге атасының құнын кешкен. Аманатқа қиянат жасамаған. Досы түгілі, жауының да артынан пышақ салмаған. Жатқан аңға қапияда оқ атпаған. Басын шауып тастасаң да намысын нанға сатпаған.
Малын жанының, жанын арының садақасы қылған. Қарт ата-анасын алақанында ұстаған. Ағайыннан безбеген. Құда-жекжатпен тек татулықты көздеген. Ұлы өссе ұлықтымен, қызы өссе қылықтымен көрші болған.
Аяғын көріп асын ішкен, анасын көріп қызын алған. Ұрпағым текті болсын-деп әкесі жақсының қызына құда түскен. Текті әулеттің өсірген ұлына қызын ұзатып, күйеу баласын келтіріп, ұлан-асыр той жасаған.
Қатынын әуел бастан, баласын бесіктегі жастан тәрбиелеген. Садақаның үлкені көңілге тимейтін сөз айту екенін бұрыннан білген қазақ, үлкені сөйлегенде құлағы төрде, көзі жерде болған.
Оны әдеп-деп білген. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тұнып тұрған әдеп. Қазақ сөзге шешен халық болсада, артық ауыз сөз айтпаған. Бәрін көзбен көріп, ішпен білген.
Қазақ халқының әдебиетін оқысаңыз, тәрбиесі тұнып тұрған әдеп. Әдепті болмай тұтас халықтың өркениетке қол жеткізуі қиын.
Дөңгеленген дүниенің өркениетінен, ойып тұрып орын алған жапон мен кәріс халқының әдебіне бас иесің. Дәстүрін түзеген елдің, әдебі қалыптасады. Әдебі қалыптасқан елге Жаратушының өзі өркениетке жол ашады.
Қазақ халқының өркениетке жолы ашық. Тек ғана бұрынғы өткен ата-бабасының дәстүрлі әдебін қалыптастырса болды.
МАҚСАТ СҚАҚОВ.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.