Үкімет білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін қайта қарауға кірісті. Жекеменшік ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыс ашық, әділ әрі тиімді болуы керек.
Мемлекет басшысының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Үкімет білім мен медицина салаларындағы қаржыландыру тетіктерін жан-жақты талдады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары жекеменшік мектептер мен емханалар саны күрт артқанымен, бұл көрсеткіштер білім мен медициналық қызмет сапасының жақсаруына әкеле қойған жоқ. Соңғы сегіз жылда жекеменшік мектептер саны жеті есе өсіп, 785-ке жетті. Ал бюджет шығындары 2020 жылғы 13 млрд теңгеден 2025 жылы 242 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Алайда негізгі мәселе – оқушы орындарының тапшылығы әлі де сақталып отыр. 2025 жылы тапшылық 251 мың орынға жеткен. Сонымен қатар жекеменшік мектептердің басым бөлігі жалдамалы ғимараттарда орналасқан, ал кейбір оқу орындары өңірлік қажеттілік ескерілмей ашылған.
Осыған байланысты Үкімет жаңа қаржыландыру тетігін пилоттық режимде іске қосты. Мектептер толық цифрландырылып, мемлекеттік тапсырыс талаптары қатаңдатылды. Алдағы уақытта жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге мораторий енгізу ұсынылуда. Қолдау шарасы ретінде тек инвестициялық шығындарды өтеу механизмі қалуы мүмкін.
Ұқсас мәселелер денсаулық сақтау саласында да анықталған. Бүгінде бастапқы медициналық көмек ұйымдарының жартысына жуығы – жекеменшік. Алайда олардың көбеюі медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасына айтарлықтай әсер етпеген.
Министрдің айтуынша, салада қосарланған қаржыландыру, жалған есеп, лицензиясыз қызмет көрсету деректері кездеседі. Бұл проблемаларды шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті халықтың нақты қажеттілігіне сай жоспарлауға көшуде.
Алдағы кезеңде бірыңғай цифрлық бақылау енгізіліп, пациент көрсетілген қызметті өзі растауға тиіс болады. Сонымен қатар лицензиялау талаптары күшейтіліп, жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметі кешенді тексеруден өтеді.
«Біздің басты мақсатымыз – қаржыландыру жүйесін әділ, ашық әрі тиімді ету. Әрбір бюджет қаражаты халықтың игілігіне жұмыс істеуі тиіс», – деді Аида Балаева.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.