Бір Аллаға сыйынып, кел балалар оқылық-деп жырлаған ұлтымыздың ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсарин нағашы атасы Балқожа бидің тәрбиесінде болғанын бүгінде бірі білсе, бірі білмес.
Балқожа би заманының көзі ашық, көкірегі ояу, кесек мінезді тұлғасы болған адам екен. Қара қылды қақ жарған әділ қасиеті үшін халқы жақсы көрген.
Ханға да, қараға қаймықпай сөйлеп, кедей-кепшіктің, жетім мен жесірдің ешкімге ақысын жегізбеген бидің басынан өткен мына оқиға оқырман қауымды қатты қызықтырады-деп ойлаймын.
Балқожа бидің шашасына шаң жұқтырмайтын, сүлік қара сәйгүлігі болыпты. Аламанда алдына қара түсірмейтін жануардың сыртқы сымбаты да көздің жауын алады екен. Аттың даңқы алты Алашқа жайылыпты.
Сәйгүлікті сатып алуға қыруар қаражат ұсынған бай-бағланның берген бағасына Балқожа би пысқырыпта қарамапты. Ер қанаты ат емес пе? Астымдағы атымды бергенім, кеудемдегі жанымды бергенмен бірдей. Сүлік қараның құны жоқ. Сатылмайды-деп кесіп тастапты.
Қай заманда болсын даңқ пен дақпырт қатар жүреді емес пе? Сүлік қараның даңқы Кенесары ханның да құлағына жетеді. Жүйрік ат десе, ішкен асын жерге қоятын хан, қанша сұраса да құнын беріп, Балқожа биден сүлік қараны сатып алыңдар-деп шабармандарына шарт қояды.
Сөзге түсінбейтін жандайшаптардың дөрекі пиғылына Балқожа биде шарт кетеді. “Кенесары хан түгілі, әкесі тіріліп келсе де, сүлік қара жоқ”- деп қысқа қайырады.
Бұл сөз аймай-төкпей ханға жетеді. Бір ауыз сөз үшін ашуына мінген хан атқа қонып, бір түнде бидің ауылын шабады. Балқожа би сүлік қараға мініп қашады. “Бидің артынан қумаңдар бәрібір сендерге жүйрігі жеткізбейді”-деп хан шабармандарына қууға тыйым салады.
Ауылы ойран болған Балқожа бидің үш әйелін ханның алдына алып келеді. Қаһарына мінген ханнан қаймыққан халықта үн жоқ. Шыбынның ызыңы естілетін үнсіздікті Балқожа бидің жаңа қосылған жас тоқалы бұзады.
“Датым бар Сізге хан ием-деп бастады дейді сөзін жас келіншек. Осыдан жиырма жыл бұрын Сіз екі жүз әскеріңізбен жараланып Садырқожа бидің ауылына түскенсіз. Сол кезде мен тұлымшағы желбіреген әкемнің бес жасар қызы едім. Би әкем Сіздің жараңызды таңып, әскеріңізді үш күн қонақ қылды.
Әкемнің пейіліне риза болған Сіз сонда би тілегіңді айт-деп үш рет қайталадыңыз. Сонда би әкем, хан ием әзір балалар жас заманы болар, уақыты келер, бұл аманатты да Сізге айтар күн туар- деп үнсіз қалып еді.
Мен сол Садырқожа бидің кенже қызымын. Әкемнің қайтқанына да жеті жылдың көлемі болып қалды. Сол кезде әкемнің айтпай қалдырған тілегін енді мен айтам Сізге.
“Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан”-деген. Хан мен бидің ортасына сөз тасып жауластырған Сіздің шабармандарыңыз.
“Еркектің атын шығаратын үш дүние бар мына жалғанда. Астындағы аты, қойнындағы қатыны, жайған дастарханы”. Сіздің шабармандар бидің жайған дастарханынан аттап, астындағы атын тегін алғысы келді.
Дөрекі сөзді көтере алмаған би қатты айтса айтқан шығар. Бұл аузымен айтқан биге сын, кешірмесе ханға сын. Астындағы атынан, қойнындағы қатынынан айрылса намысты ерге сын емес пе хан ием?
Менің Сізден сұрайтын жалғыз тілегім отымның киесі, шаңырағымның иесі болған Балқожа биді жәйіне қалдырыңыз, абыройы мен астындағы атынан айырмаңыз. Хан қайрылып қараса, бақ қарайды-деген басындағы бағынан айырмаңыз. Мейріміңізді қайта төгіңіз хан ием-депті бидің тоқалы.
Мына әңгімені тыңдап отырхан хан Кене сілтідей тыныпты. “Сөзің орынды айналайын, би әкеңнің жақсылығын көріп едім. Айтқаным, айтқан, уәдем, уәде-деп хан ойран қылған Балқожа бидің ауылын қалпына келтіріп, құнын төлеп, талан-таражға түсірген төрт түлік малын қайтарыпты.
Алғыс деген ақсақ қоян айаңдай-айаңдай жетеді-деген осы. Әкесінің жасаған жақсылығы баласының алдына жиырма жылда жетіпті- деп Мағауия досым әңгімесін аяқтады.
Ұрпағым өсіп-өнсін-десең жұрттан жақсылығыңды аяма ағайын. Жасаған жақсылығыңның жарығы өзіңе түспесе, уақыты өте келе ұрпағыңа сәулесін шашары шындық.
МАҚСАТ СҚАҚОВ.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.