2023 жылғы 21-24 қыркүйек аралығында Алматы қаласында тұңғыш рет оқушылар (жасөспірімдер U-15, U-17 жас) арасында тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды Turkistan Today.
16 елден (Өзбекстан, Түркия, Румыния, Венгрия, Испания, Қырғызстан, Польша, Моңғолия, Ресей, Түркменстан, Латвия, Чехия және т.б.) қатысып жатқан спортшылар ойынды рапид және блиц бойынша өткізуде. Аталмыш халықаралық жарысты Ұлттық спорт қауымдастығы құрамындағы Тоғызқұмалақ федерациясы ұйымдастыруда.
Чемпионатқа ҚР Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Дүниежүзілік және Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясы президенті Әлихан Байменов, Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы - Хайрулин Ерден Рашитұлықатысып, жарыстың алғашқы жүрісін жасап, іс-шараны салтанатты түрде ашты.
Жиын барысында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов: «Тоғызқұмалақ - зияткерлік спорт түрі. ЮНЕСКО-ның 2020 жылғы шешімі бойынша тоғызқұмалақ адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне енгізілді. Бұл дегеніміз – қазақ ұлтының атынан әлемдік мәдени мұраға қосылған ең үлкен үлестердің бірі. Ал, Алматыда басталған Әлем чемпионаты тоғызқұмалақтың аясын кеңейтіп, жастар арасында насихатын күшейтуге ықпал ететініне сенемін», - деп атап өтті.
Айта кететін жайт, биыл Тоғызқұмалақ күнінде (9 қыркүйек) Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағында 2028 мектеп оқушысы бір мезетте тоғызқұмалақ ойынын ойнап, Қазақстан рекордтар кітабына енген болатын. Бұл спорт түрі ел ішінде ілгерілеп қана қоймай, халықаралық деңгейге де шығып отыр.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.