Алты ғасыр тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін 6 күнде жермен-жексен етсек, 6 құрлыққа масқара боламыз. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының Мәжілістегі студиясында қонақта болған депутат Мақсат Толықбай айтты, деп Turkistan Today хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«AMANAT партиясының үгіт-насихаты кезінде елдің түпкір-түпкірін араладық. Сол кезде сапарымызды киелі Түркістан өңірінен бастаған едік. Қазақтың, тіпті бүкіл әлем мұрасының тізіміне енген, VI ғасыр тұрған құнды жәдігеріміз Қожа Ахмет Яссауи кесенесің жағдайына алаңдайтын дүние көп. Мамандар бұған дейін де дабыл қақты. Соңғы жылдары кесене маңын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Оны аямай суғарады. Ол су қайда кетеді? Ылғал кесене астына кетуде. Өйткені, VI ғасыр тұрған кесене соңғы 2-3 жылда ғана қабырғалары қопсып, тұзданып жатыр. Дақтар пайда болған, үсті жарылып жатыр. Ортасында үлкен тайқазан бар. Жақында қызметкерлері туристердің үстіне сылақ түсіп кетпесін деп қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр болды. Тайқазанға жете алмай қалдық. Бұл алаңдатарлық жайт», - деді Мәжіліс депутаты.
Оның атап өтуінше, осы уақытқа дейін кесенеге бірнеше мәрте қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ, оның қалай жүргізілгені белгісіз. Сыртын сылап-сипай беруден ештеңе өзгермейді. Бұл қыруар қаржыны желге шашумен бірдей.
«Сондықтан ғылыми-зерттеу, сараптама арқылы қалпына келтіру керек. Бұрын кесене ішінде ауа алмасып тұратын. Сол тесіктердің бәрін қалың гипстермен жауып тастады. Кесененің ішкі ауа айналымын бұзып жатыр. Содан кейін ылғалданып отыр. Алдымен әлемдік деңгейдегі мамандарды шақырып, зерттеп алуымыз керек. VI ғасыр тұрған кесені 6 күнде жермен жексен етер болсақ, алты құрлықтың алдында ұятқа қалатын масқара дүние ғой», - деді Мақсат Толықбай.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Мақсат Толықбай мемлекетіміздің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүгінгі мүшкіл жағдайына орай Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдаған еді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.