Әнші Меладзе Қазақстанға қоныс аудара ма?

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 29 наурыз, 2023

Әншінің ең ірі аудиториясы енді тек Орталық Азияда қалғанға ұқсайды, деп Turkistan Today хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Ресей федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Шешен республикасының халық әртісі, продюсер Валерий Шотаұлы Меладзе енді Ресейде де "тыйым салынған әртіске" айналды.

Әйтпесе, таяу уақытта Сібір жұртшылығы, яғни Новосібір, Барнаул және Кемеров қалаларындағы әншінің дарынына тәнті жандар жиналып, оның өнерінен сусындайды деп күтілген еді. 

"Қайдағы концерт, қайдағы Меладзе? Ол енді тыйым салынған әртіс. Оның енді ешқандай концерті жоспарланбайды", – деп мәлімдеді "РИА Новостиге" Барнаулдағы 29 сәуірдегі концертті ұйымдастырушылар.

Тауда алтайлық ақпарат құралдарында жергілікті "Титов-Аренадағы" концертке билеттерді сату қайта басталғаны туралы қауесет ақпарат таратыла бастаған. Алайда билет саудасы биылғы қаңтарда тоқтатылып тастапты.  

Меладзенің Кемеровтағы концерті "Арена" спорттық ойын-сауық кешенінде 27 сәуірде өтуге тиіс еді. Алайда кешен өкілдері де бұл әншінің концерті кері шегерілмегенін және "таяу арадағы ешқандай датаға жоспарланбағанын" мәлім етті. 

"Новосібір қалалық қойылым кассалары" компаниясы да Меладзенің осы мегаполисте 26 және 30 сәуірге жоспарланған концерттеріне тыйым салынып, тоқтатылғанын жеткізді. Бұл ретте концерттің өтпейтіні 2022 жылғы желтоқсанда белгілі болыпты.  

Бұдан бұрын атақты әншінің Іркіт (Иркутск), Краснояр, Мәскеу және Ростов-на-Дону қалаларындағы концерттерін өткізуге де рұқсат етілмей қойылған. Оның орнына ол залдар мен стадиондарда Мәскеудің Украинаға шапқыншылығын қызу қолдаған, соны насихаттаған немесе ең құрығанда, оған қарсы шықпаған ресейлік әншілер концерт өткізуде.

В.Меладзе Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырып, ашық наразылық білдірген ресейлік аз шоғыр мәдениет қайраткерлерінің арасында алғашқысы болды. Ол былтырғы 24 ақпанда Instagram парақшасында видеосын жариялады. Тарихтың бәріне әділ төреші болатынын және бәрін орынды-орнына қоятынын мәлімдеді. Адамдар босқа қырылған қантөгісті тоқтатуға үндеді.

Ал биылғы 2 қаңтарда телеграм-арналарда жарияланған, оның Дубайдағы концертінде түсірілген видео рунетте шу туғызды. Бейнежазбаны түсіріп тұрған көрермен залдан: "Слава Украине!" деп айғай салды. Оған микрофонды былай ысырып тастаған В.Меладзе қысқа ғана жауап берді. Оның не айтқаны анық естілмейді, бірақ әншінің бұл ұранға жауап беруінің өзі Ресейде қоғамдық пікір дауылының туындауына жетіп жатты. 

Оның үстіне ұран тастаған көрерменнің әнші жауабына қанағаттанғаны білінді: "О-о, красавчик!" деді кадр сыртындағы адам. Меладзенің өзі оған: "Тс-с!" деп ишара білдірді.

Осыдан кейін РФ сенаторы Елена Афанасьева әртісті "мал", "жексұрын" және "сатқын" деп негізсіз балағаттап, "бандерашылдарды қолдағаны үшін" РФ азаматтығынан айыруды ұсынды. Мемдуманың Мәдениет комитеті төрағасының бірінші орынбасары Елена Драпеко да Меладзеге доқ көрсетіп, оған енді Ресейден алысқа қашуға кеңес берді. Бұған қоса ол әншіні шетелдік агент деп тануды және бұдан былай Ресейге кіруіне тыйым салуды ұсынды. Мемдумадағы "Справедливая Россия – За правду" фракциясының басшысы Сергей Миронов Меладзені Ресейде алған барлық атақтарынан айыруға шақырды.

Бұған жауап ретінде Валерий "бауырлас халықтар" арасындағы қақтығыстың, "антагонизмнің" тоқтағанын армандайтынын, сол үшін барлық күшін сарқа жұмсауға дайын екенін хабарлады. 

"Адамдар, мені естіңіздерші. Менің сөзімді түсінгендеріңізді қалаймын. Міне, он айдан бері мен сияқты көптеген адам ауыр шермен, қайғымен өмір сүруде. Менің жаныма жақын қос халық бір бірінің қанын төгуде. Адамдар қырылып жатыр. Мен ешкімді жек көргім келмейді, ол қолымнан келмейді де", – деді шығу тегі грузин әнші.

Яғни, сонша қудалайтындай, танымал әртіс жаман ештеңе жасаған жоқ, қылмысқа қолын арамдамады, лаңкестік жасамады. Бірақ тоталитарлық диктатураға бет алған солтүстік көршіде бүгінде аяусыз жазалап, қуғын-сүргінге салу үшін қысқа сөздің өзі жетіп жатыр. 

Mash телеграм-арнасының дерегінше, "Армия защитников Отечества" ұйымы РФ Тергеу комитетіне және Бас прокуратураға домалақ арыз жолдап, Меладзенің сөзіне заң жүзінде баға беруді сұрады. Сондай-ақ шағымшылдар құзырлы органдардан Меладзенің РФ азаматтығын қаншалықты заңды алғанын тексеруді ұсынды. Әнші Грузияда туған. Ал Кеңес одағы күйрегенде Украинада тұрған. Кейін Ресейге көшті. 

Әншіні қорғап, пікір білдірген фанаттары оған Қазақстанға көшуді ұсынды: себебі, қазақстандықтар оны қатты құрметтейді. 

Бүгінде В.Меладзенің ресми сайтындағы "Концерттер" бөліміндегітізім біраз шолтиып қалды.  

"Концерты Валерия Меладзе — 2023/2024" тізімінде таяудағы қойылымдардан текбиылғы 18 мамырда Алматыдағы Queen Almaty концерттік залындағы, 21 мамырда Астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залындағы қойылымдары ғана көрсетілген. 

Содан кейінгі концерттер жыл соңына қалдырылған. Бірақ оның барлығы тек Германияда ұйымдастырылады. Нақтыласақ, 2023 жылғы 3 қарашада Берлин қаласының Urania залында, 5 қарашада Ганновердегі Star Event Center орталығында, 7 қарашада Гамбургтегі Friedrich-Ebert-Halle залында, 8 қарашада Оффенбахтағы Stadtahlle залындағы және 10 қарашада Мюльхайм-ан-дер-Рурдағы 14 мың адам сиятын Stadthalle стадионында өнер көрсетпек. 

Бұл ретте Германиядағы, мысалы, Берлин залындағы ең арзан билет 49 еуро (24,3 мың теңге), ең қымбаты 129 еуро (64 мың теңге) тұрады. 

Салыстыратын болсақ, Алматыда ең арзан билеті 46 мың теңгеге, ал ең қымбаты 846 мың (комиссияны қосқанда 905 мың) теңгеге түспек. Астанадағы ең арзан билеті 15 мың теңгеден басталады. Бірақ ол билеттер тегіс сатылып кетіпті. 

Ticketon.kz мәліметінше, В.Меладзе Қазақстанда біраз күн қалып, елді аралайды. Әзірге 19 мамырда Қарағандыдағы циркте және 24 мамырда Шымкенттегі "Түркістан" концерттік залында қосымша концерт береді деп жоспарланған. Ығай мен сығайдың той-томалақтарына, ірі компаниялардың корпоративтеріне де шақырылған деседі.  

Одан кейін Орталық Азияға, Қырғызстанға гастрөлмен аттануы мүмкін екен. Олай болса, танымал әншіге РФ азаматтығынан бас тартып, Қазақстанға релокациялануына болатындай. Себебі, бір жағынан, енді оның ең ауқатты көрермендері Қазақстанда. Екінші жағынан, егер әлемге гастрөлмен шыққысы келсе, Қазақстан азаматтарына Батыс елдеріне виза алу да жеңілірек.

Ресейлік "жұлдызсымақтар" Қазақстанды шабуылдамақ

Әрине, соғысты айыптап, бейбітшіліктің жағына шыққан әншілерге қонақжайлылық танытуға болар. 

Алайда қынжылтатыны сол, Мәскеудің көрші елге шапқыншылығына қарсы шықпаған, үнсіз немесе ашықтан-ашық қолдаған ресейлік шоу-бизнес өкілдері де былтырдан бері Қазақстанды шабуылдап жатыр.

2023 жылғы 4 және 7 сәуір аралығында ресейлік әнші Алексей Чумаков елімізді аралайды. Қазақстандық көрермендерінен 10–30 мың теңгеден жинамақ.

13 сәуірде бұрынғы КВНшы, "Stand Up" комик Иван Абрамов та әрнені сөз етіп, астаналық, алматылық көрерменінің көңілін аулаудан табыс табуға ниетті. Оның қойылымы әр адам үшін орта есеппен 25 мың теңгеден бағаланыпты. 

24 сәуірде ресейлік скрипкашы Михаил Казиник Астанада және Алматыда концерт қою үшін әр көрерменінен жеті мыңнан 20 мың теңгеге дейін сұрап отыр. 

Аннексияны құптап, Қырымда бірнеше рет концерт қойғаны, кинода РФ офицерінің бейнесін сомдағаны үшін украиналық "Миротворец" порталының қара тізіміне кірген ресейлік әнші Баста (Василий Вакуленко) 11 сәуірде Астанадағы Конгресс-Орталықта концерт бермек. Оның билеті тіпті Меладзеден де қымбат: көрермендерінен  67 100 теңгеден жинап алды. Содан соң 12 сәуірде Алматыға аттанады. Ондағы билеттері де негізінен сатылып біткен көрінеді.

"Би-2" тобы маусым айында өнер көрсетпек: 14 маусымда Астанаға, 17 маусымда Алматыға, 21 маусымда Семейге келеді. Бағалары әртүрлі: елордада 85 000 теңгеге, Алматыдан 825 000 (VIP-аймақ) теңгеге жетеді. Семейліктерден 53 125 теңгеге дейін жинап алады.

"Би-2" беларустік және ресейлік рок тобы соғысты ашық айыптамады. Бірақ оны қолдамайтынын көрсетіп, екұшты мағынадағы клип түсірді. 

Борис Эйфманның Петербор мемлекеттік академиялық балет театры таяуда "Русские сезоны" жобасы аясында Қазақстанды аралап қайтты. 

Жалпы, жыл соңына дейін басқа да ресейлік шоубиз жұлдыздары мол нәпақа табу үшін Қазақстанға лап қоюды жоспарлап отыр. Қазақстан билігі бәріне құшағын аша бермей, концерт өткізуге рұқсат беруде абай болғаны, жауапты қарағаны жөн. Әйтпесе, тегіс елге енгізе берсе, бұл азаттығымызға жат Мәскеудің империяшыл идеологиясын өз елімізде таратуға қолдау көрсеткенмен тең.

1.1k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.