Бауыржан Момышұлы екінші дүниежүзілік соғыста дешті Қыпшақ даласында шайқаста қолданған батыр бабаларының әдіс-тәсілін машиналы соғыс кезіне бейімдеп, ұтымды пайдалана білген. Бұл туралы тарихшы, ғалым Сабырхан Смағұлов айтты, деп Turkistan Today хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Ғалым оның ұлттық дәстүрлер мен соғыс өнерін ұштастыра білгенін айтады.
Бауыржан Момышұлы қазақ халқының қандай батыр халық екенін әлемге танытты. Ол екінші дүниежүзілік соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, шебер әскери ұрыс тактикасының арқасында қоршауды бірнеше рет бұзып шыққан, - дейді Сабырхан Смағұлов.
Ол Бауыржан Момышұлы қарамағындағы әскерилерге әділдігі, жауынгердің жан дүниесін түсіне білетін көрегендігімен сыйлы болғанын айтады. Сондықтан сарбаздар ерекше құрмет тұтқан.
Ал командиріне бар жүрегімен сенген солдат кез келген майданды жеңіп шығады, жаудан ешқашан жеңілмейді. Батыр бұл туралы өзі де талай жазды. Ол жауынгерлерге сенім білдіре алу командирдің бақыты екенін, жауынгер командирге сенсе, одан артық абырой жоқ деп айтқан, - деді ғалым.
Тарихшы деректеріне сүйенсек, Момышұлы 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталған бетте Панфиловтың басқаруымен құрылған 316-атқыштар дивизиясында қан майданға аттанған. Мәскеу үшін болған ұрыста батыр атамыз басқарған батальон өзінен күші төрт есе мықты жауды тас талқан етіп жеңген. Бұл командирдің соғыс операциясын шебер ұйымдастыра білуінің арқасында мүмкін болды. Соғыстың кескілескен кезінде, қысылтаяң шағында
ротадан хабар үзіліп қалғанда командир шегінудің шебер жоспарын жасайды. Алғы шепке барлаушыларды жібереді. Барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен Мұхамедқали Сләмқұлов бастап барған екен. Жауынгерлер күндіз орманның ішіне сіңіп кетіп, түнде ғана шегінген. Бұл жау көзіне түспеу үшін жасалған. Екі күн ішінде қарағайлы орман әрі қалың қарды кесіп өтіп, Новлянск және Ивановск деревняларына жетеді. Осы деревняда Панфиловтың резервте ұстап отырған полк бар екен. Бауыржан батыр бастаған батальонды Панфилов зор қуанышпен қабылдаған екен.
Мәскеуді басып алмақ болған неміс әскерінің басып кіруіне кедергі болып, оларды шығынға ұшыратты. Сондай-ақ соғыс алаңында қалып қойған бөлімшелердің басын біріктіріп, деревняға алып келді. Баукеңнің бұл тапқыр әдісі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Қоршаудағы ұрыс», «Қоршаудан құтылып шығу» деген тиімді соғыс әдістері ретінде қолданылды, - дейді Сабырхан Смағұлов.
Ол соғыс кезінде Момышұлы өзін шебер стратег ретінде көрсетті деп отыр. Әсіресе, қоршауды бұзып шығуда айла-тәсілдері ұтқырлықпен іске асып жатқанын айтты. Панфилов дивизия жаңа шепке орналасып үлгеруі үшін жау әскерін төрт күн ұстап тұруы керек болады. Батальон өзінен он есе күшті жауға қарсы тұрған.
Оларды ары қарай өткізбейді. Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Бірақ бесінші күні дивизияға қосылуға тырысқаны сәтсіз аяқталады. Сол кезде ол командир айлаға басады. Жаудың арасында байқатпай кіріп, жауынгерлерге немісше сөйлейді. Қолайлы сәт туғанда жаудың арасынан шығып, өз дивизиясына қосылады, - деді тарихшы.
Оның дәйектеріне сәйкес, Бауыржан Момышұлының қолданған ұрыс тәсілдерінің бірі – жауды қоршауға алып, шабуыл арқылы көзін жою. Мәселен, Мәскеу түбіндегі Трошково, Бородино, Трохово, Коншина, Баркловица, Кашина қыстақтарында болған шайқаста полкты алтыға бөліп, жан-жақтан тұтқиылдан шабуылдайды. Бір ұрыста 120 жауынгер 600 фашист әскерінің көзін жойды.
Қолбасшының тағы да бір қолданған соғыс тәсілі – шайқас алаңындағы елдімекеннен шегініп қашып, жауға тұтқиылдан шабуыл жасау. Осындай әдіспен Мәскеу түбіндегі Матренине елдімекенінен жауды қуып шығады. Кескілескен шайқас қызған уақытта қолбасшы рота командирлеріне шегіну туралы бұйрық береді, - дейді ғалым.
Оның айтуынша, генералды ешкім түсінбей қалады. Жеңістің буына мас болған жау әскерін айналып келіп басып алғанда батальонның ұрыс әдісінің дұрыстығына көзі жетеді. Адам шығын болмайды. Жаудың маңызды құжаттарын қолға түсірген.
Тарихшы деректеріне сүйенсек, генералдың екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарман қолбасшысы ретіндегі аты 1941 жылғы Мәскеу үшін болған шайқастарда шыққан. Сол кездегі КСРО басылымдары Бауыржан батырдың ерлігін жарыса жазып жатты. Мәселен, Александр Кривицкий Ақ теңіз бен Қара теңіз арасындағы соғыс даласында Бауыржан Момышұлынан атағы асқан командир болмады деген екен.
Момышұлы батальонын 27 рет шабуылға шығарды, 5 рет қоршауды бұзды. 207 ұрысқа қатысты. 5 рет өлім аузынан қалды. 2 рет ауыр жарақат алды. 1941 жылы 26 қарашада Рокосовский Момышұлын полк командирі етеді. Ол бұл орынға тағайындалғанда не бәрі 30 жаста ғана еді, - дейді Сабырхан Смағұлов.
Тарихшының пікірінше, Бауыржан Момышұлының соғыстағы ұрыс техникасы тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері үшін құнды.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.