«Бал ұстаған бармағын жалайды» деген сөз бекер айтылмағаны анық, бірақ ара шаруашылығымен айналысатындардың шекесі шылқып жүрген жоқ. Өйткені біз тамсанып жейтін бір қасық бал алу үшін омарташылардың орасан төзімі мен қыруар қаражаты жұмсалады екен, деп Turkistan Today хабарлайды, Egemen.kz дереккөзіне сүйене отырып.
Қазіргі күні Қазақстанда омарта шаруашылығын ашып, аяғынан тік тұрғызу үшін кемі 10-12 мың АҚШ доллары шамасында қаражат болуы керек екен. Әр ұяда бір ара отбасы тұруы тиіс. Оның құны 80-100 шартты бірлік шамасында. Ал омартадағы аралардың тынымсыз тіршілігі қайнап, тұтынуға қажетті бал алу үшін ара ұясы елуден кем болмауы керек дейді мамандар.
Жалпы, ара шаруашылығы дамыған мемлекеттердің көшін іргедегі Қытай бастап тұр. Экспорттауда да Бейжің алда. Бұл ел әр маусым сайын 250 мың тонна ара балын сыртқа жөнелтеді екен. Бірақ Қытай ішкі нарығындағы сұранысты қанағаттандыру үшін дәл осы шамадағы бал импортын қабылдайды. Мамандар Қытайдағы ара балын өндірудегі экспорт пен импорт көлемінің тең түсуін басқаша болжайды. Көбіне қытайлық бал өндірісі өнімді химиялық жолмен алатындықтан, ол ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие емес. Ал тұрғындардың табиғи өнімді тұтынуға деген ынтасы жоғары болғандықтан, сауда нарығына импорт енгізуге мәжбүр дейді сарапшылар. Демек, Қытайда өндірілген 250 мың тонна бал экспорт ретінде Қазақстан нарығына да еркін еніп отырғаны анық. Есесіне, көрші елде біздің омарталардан жиналған балдың бәсі жоғары. Шекараның арғы бетіндегі балқұмар жұрт аз жыл ішінде бір ғана Алматы облысындағы ара шаруашылықтарының негізгі тұтынушысына айналып отырғаны бұған дәлел.
Былтыр Қытайдың Шанхай қаласында импорт тауарларының халықаралық көрмесі өткен еді. Бұл көрмеге 130 мемлекеттің өнім өндірушілері қатысқан екен. Қазақстан да өзінің павильонында отыздан астам кәсіпорынның өнімін ұсынды. Осы көрмеде әлемдегі сауда нарығының үлкен ойыншыларын Алматы облысының Алакөл ауданы аумағында өндірілген ара балы қатты қызықтырыпты. Әсіресе Қытай кәсіпкерлері «Лепсі өнімдері» шаруашылығының балын түп қотара сатып алуға бейіл болған екен.
Айтпақшы, Қытай тарапымен бұған дейін дайын бал өнімін ғана емес, бал арасын сатып алу бойынша да келісім болған екен. Бір ғана Шэньси провинциясының кәсіпкерлері Қазақстаннан бал араларын сатып алған. 35 млн тұрғыны бар осы өлкеде балға деген сұраныс өте жоғары көрінеді. Бірақ мұқым Қытайды балмен қамтуға Қазақстанның мүмкіндігі жоқ. Дерек бойынша, қазір отандық омарташылардың жылдық өнімі 10 мың тонна шамасында. Бұл ішкі нарықты толық қамтуға жетпейді. Сондықтан да қазақтың қасығы әлі де орыс пен қытай омарталарында жиналған балға шылана беретін сияқты...
Сондай-ақ қазақ балын сатып алуға Қытайдан бөлек араб елдері де ынталы. Арабтар дайын өнімді тұтынушы ғана емес, ара шаруашылығының жұмысымен танысуды қызық көреді екен. Қазір дәл осы бағыттан пайда табуға болады. Ол үшін аймақтардағы агротуризмді дамыту керек.
– Біздің омарта шаруашылығымыз Іле Алатауының бөктерінде, теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан. Таудағы табиғат әлемі ғажап. Мұнда өскен ара балының дәмі тіптен ерекше. Қазір біздің өнімдерімізге өз елімізден бөлек, Қытай, Ресей араб елдері қызығып отыр. Сырттан келетін туристер үшін демалыс ұйымдастыруды қолға алдық. Ара шаруашылығының жұмысын бақылап, балдың қалай жиналатынын көруге жұрт құштар. Әрі денсаулыққа пайдалы саяхат жасауға болады. Осының бәрін агротуризм аясында жүргізу керек. Қазір Алматы облысында бұл жұмыстар жүйеленіп қалды. Облыс әкімінің көмегімен шаруашылыққа дейінгі жолды асфальттадық. Келушілер қиналмай жүреді. Былтыр бізге Грузия, Германия, Италиядан туристер келді, – дейді Қарасай ауданындағы «На100% ящий мед» ара шаруашылығының жетекшісі Павел Коновалов.
Балдың дәмі тәтті болғанымен, еңбегі қатты дегенді жиі айтамыз. Мұны өз ісінің шебері Павел де құптайды. Бұрынғы әскери қызметкер доғарысқа шыққан күннен бастап бал арасын бағуға кірісіпті. Қазіргі ісі өнімді, табысы да шаш етектен. Павелдің омарта шаруашылығында 1000 аналық ара бар екен. Бал бизнесі табысты болу үшін аналық аралардың санын арттырып отыру міндет. Ісі нәтижелі болып, өзін ақтауы үшін кемі 50 аналық ара бал жинауы керек. Оның қақ жарымы шығынды жабуға кетсе, қақ жарымының өнімі табыс әкелуі мүмкін. Аналық араны өсірудің өзіндік құпиясы бар екен. Бұлар 5 жылға дейін өмір сүріп, бал жинауға қабілетті. Өте сезімтал, жарық пен түс, иіс пен жылуды сезу қасиеті жоғары деңгейде дамыған.
– Қазір тұтынушылардың таза балдан бөлек «ара сүтіне» сұранысы көбейді. Біздің шаруашылық осы бағытты дамытып отыр. Жылына 20 килоға дейін «ара сүтін» жинаймыз. Бұл – ел бойынша рекорд. Басқа шаруашылықтар 150-200 грамм ғана жинап келеді. Жалпы, отандық омарташылар арасында жақсы бәсеке қалыптасты. Біз бір жылдары 2050 жылға дейін Қазақстандағы бал өнімін 1 млн тоннаға жеткіземіз деп уәделескенбіз. Осыған тырысып жатырмыз. Әрине қиын, бірақ қиындықты еңсерген адам ғана табысқа жетпей ме? – дейді Павел Коновалов.
Айтпақшы, Дүниежүзілік ара шаруашылығы ассоциациясының дерегінше, әлемнің әрбір тұрғыны жыл сайын жалпы көлемі 1 килограмм бал жейді екен. Бірақ біз тұтынатын бал мөлшері 50 грамнан аспайды. Есесіне, қантты көп жейміз, едің әр тұрғынына жылына 36 килограмм шекер кетеді. Оның себебін бал бағасының тым көтеріңкі екенінен де іздеу керек сияқты. Қазір нарықтағы қант бағасы 280-320 теңге аралығында болса, балдың 1 килосы 1500-3000 теңге шамасында сатылып жатыр.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.