Біздің аймақ Вашингтонға несімен маңызды?

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 18 қыркүйек, 2023

Құрама Штаттарда осы аптада АҚШ-Орталық Азия саммиті өтеді, деп хабарлайды Turkistan Today.

Соңғы жылдар Орталық Азия мемлекеттері үшін саммиттерге толы болды. Осыған дейін бес елдің (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан) басшылары Ресей, Қытай, Үндістан, Парсы шығанағы елдері лидерлерімен, Еуропалық Кеңестің төрағасымен жүздесті. Енді міне олар алғаш рет АҚШ-пен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізбек. Бес "станның" жетекшілері президент Джо Байденмен осы аптада Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы аясында келіссөз өткізуді жоспарлап отыр.

АҚШ саясаткерлерінің біздің аймаққа жаңадан назар аударуының негізгі мақсаттарының бірі - Қытайдың ықпалына қарсы тұру және Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Орталық Азия жетекшілерінің бетін Вашингтонға бұру тәрізді.

Орталық Азияның маңызы

Иран, Ауғанстан, Қытай және Ресей арасында орналасқан Орталық Азияның бес республикасында жалпы саны 78 миллионнан астам адам тұрады. Сонымен қатар, бұл аймақ табиғи ресурстарға өте бай әрі Еуразияның кіндігіндегі стратегиялық позицияны иеленіп отыр. Бұл аздай, Орталық Азия елдері Ауғанстан билігіне "Талибанның" қайта келуінен туындаған зардаптың көп бөлігін өз мойнына алды. Ал Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалының ұлғаюы оны геоэкономикалық тұрғыдан Батыстың қасында күшейтуі мүмкін. Қытай сирек жер элементтерін игеру мен өңдеуде қазірдің өзінде жетекші рөлге ие. Ал мұндай элемент дамып келе жатқан жасыл технологиялар үшін өте маңызды. Бейжіңнің Орталық Азияда күшеюі оның бұл саладағы монополиясын нығайта түспесе кемітпек емес.

Орталық Азияға АҚШ президенті ешқашан келмеген

Биыл ақпан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-Қазақстан қатынастарына тоқтала келіп, Америка Құрама Штаттарының еліміздің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және егемендігін үздіксіз және табанды қолдағанын жоғары бағалайтынын атап өтті.

Жақында Өзбекстанның АҚШ-тағы елшісі Фурқат Сидиқов Америка Құрама Штаттарын өз елі үшін маңызды серіктес деп мәлімдесе, Түркіменстанның АҚШ-тағы елшісі Мерет Оразов Вашингтонның Орталық Азия мемлекеттерімен консультациялар өткізгеніне ризашылық білдірді.

"Байден әкімшілігі Орталық Азияның геосаяси және геоэкономикалық әлеуетін мойындаса да, әрекет жетіспейтін тәрізді. Осы уақытқа дейін бұл аймаққа АҚШ-тың бірде-бір президенті барған емес, алдағы уақытта да мұндай сапарлар жоспарланып отырған жоқ. Сонымен бірге, Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Орталық Азияға үлкен назар аударып, өз елдері үшін мүмкіндіктер іздеп жатыр. Мамыр айында Си Цзиньпин мен Орталық Азияның бес президенті арасында өткен саммит осы аймақтағы Қытай инвестициясын арттырды. Және де Бейжің қазір Орталық Азия газының ең ірі тұтынушысына айналып отыр. Мәскеудің Украинаға әскер кіргізуіне байланысты Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы әлсіреді, ал сол ваккумды АҚШ емес, Қытай толтырып жатыр", - дейді Еуразиялық мәселелер жөніндегі журналист және Атлантикалық кеңестің Еуразиялық орталығының қызметкері Марк Темникки X-те жариялаған жазбасында.

Құрама Штаттар Орталық Азияға не ұсына алады?

АҚШ Орталық Азияда Ресейді де, Қытайды да алмастыра алмайды және Вашингтон осы аймақ лидерлерін қандайда бір тарапты таңдауға мәжбүрлеуге қауқарсыз. Өйткені Орталық Азия саяси, тарихи және идеологиялық тұрғыдан Америкадан тым алыс.

Дегенмен, кейбір сарапшылардың ойынша, АҚШ Орталық Азияны өзіне қаратып, онда Ресей мен Қытайдан басым түсу үшін аймақ мемлекеттерінің тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне және экономикалық өркендеуі мен азаматтық қоғамды қорғау мәселелеріне ерекше мән беруі керек.

"Америка Құрама Штаттары үш басым бағытты ерекше қарастыруы қажет. Олар: территориялық тұтастық пен аймақтық ынтымақтастықтағы өзара мүдделілік, азаматтық қоғамды қуғын-сүргіннен қорғау және ортақ қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың ең тиімді түрлеріне назар аудару.

Сонымен қатар, 2019 жылы АҚШ-тың Орталық Азияға арналған алты жылдық Стратегиясы жарияланды.  Онда"тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастық" көрсетілген. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұл мәселе жаңа мағынаға ие болды. Қазіргі жағдайда Америка Құрама Штаттары Орталық Азияға сенімді одақтас болу міндеттемесін күшейтуге тиіс. Бұған қоса, АҚШ бұл аймаққа инфрақұрылым бойынша жаңа міндеттемелер ұсынып,  Дүниежүзілік банкті мүмкіндігінше Орталық Азияға инвестицияларды ұлғайтуға ынталандырғаны абзал", - дейді америкалық сарапшылар Джордан Стрит пен Илья Джонс Just Security порталында жарияланған "Байден үшін алғашқы АҚШ-Орталық Азия саммитті" атты мақаласында.

670

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.