Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Алматы облысындағы Ұлттық парк аумағында құрылыс жүргізуге болмайтынын айтып, тексеруді талап етті, деп Turkistan Today хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Алматы облысында Жетісудың жауһары, еліміздегі жеті кереметтің біріне баланған Көлсай көлдері бар. Ұлттық парк аумағындағы ең шұрайлы жерлер кезінде жекенің қолына өтіп кеткен. Басында бұл жерлер Ауыл шаруашылық мақсатқа, шабындық және жайылымға деп берілген, - дейді ол.
Қазіргі таңда кәсіпкерлер қонақүй, бассейн, дәмхана салып жатыр. Мәлімет бойынша, бірде біреуінің құрылыс салуға рұқсат қағаздары жоқ. Жер мақсатсыз пайдаланылуда. Ал, Ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайды деген ережені ешкім елемейді. Құзырлы орындар да оны тексеруге, шара қолдануға құлықсыз.
Ресми мәлімет бойынша соңғы бір жарым жылда «Көлсай» көлдеріне жарты миллион турист келіпті. Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана жоқ. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды сулар мен нәжіс жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осылайша тұмса табиғаттың экологиясы бұзылуда. Қала берді түтіні будақтаған көліктер көлдің басына дейін барады, - деді Данияр Қасқарауов.
Ал, Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақ шатқалдарына тек электромобильдердің кіруіне ғана рұқсат берілген. Екеуінің де Ұлттық парк деген мәртебесі бар. Сондықтан Көлсайға да сондай шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз дейді.
Біз сыртқа кеткен активтерді қайтарамыз деп жаңа заң қабылдадық. Ел ішінде де кезінде қолды болған, арзан бағаға сатылған, заңсыз өзгенің иелігіне өткен осындай шұрайлы, ерекше қорғауды қажет ететін жерлер бар. Арнайы комиссия құрылып соларға кешенді тексеру керек. Осы ретте жалғыз Көлсай емес барлық Ұлттық парк аумағындағы сатылған, ұзақ жылға жалға берілген барлық жерлердің заңдылығын тексеріп мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санаймын, - деді мәжілісмен.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.