Серіктестер

Интернет-сауда қауіпсіз болуы тиіс: суық қару онлайн алаңдардан алынып тасталуы қажет

Жаңалықтар Бүгін, 20:19

Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы интернет кеңістігінде суық қарудың заңсыз айналымын тоқтату бағытындағы жұмысты күшейтті. Бұған дейін жасалған келісімдерге қарамастан, кейбір онлайн-платформаларда тыйым салынған тауарлар әлі де сатылып келеді.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, жүргізілген талдау бірқатар маркетплейстерде суық қарудың заңсыз түрде ұсынылатынын көрсетті. Тыйым салынған бұйымдар көбіне «тұрмыстық» немесе шаруашылық тауарлар ретінде жасырылып орналастырылады, бұл оларды анықтауды қиындатады.

Мұндай жағдай азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Әсіресе, суық қарудың кәмелетке толмағандар үшін қолжетімді болуы алаңдаушылық тудырып отыр. Тиімді сүзгілеу және бұғаттау тетіктерінің болмауы жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуына және кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылуына әкелуі мүмкін.

Айта кету керек, бұған дейін мемлекеттік органдар мен онлайн-сауда алаңдарының әкімшіліктері арасында тыйым салынған өнімдерді орналастыруға және сатуға жол бермеу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілген. Алайда кейбір платформалар өз міндеттемелерін орындамай отыр.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті Satu.kz интернет-дүкенін суық қаруды жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 455-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Прокуратура өкілдері онлайн-платформалар иелерінің жауапкершілігін арттыру, тыйым салынған тауарларды анықтауға арналған тиімді модерация жүйелерін енгізу, сондай-ақ алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, Бас көлік прокуратурасы аңшылық қызметке қатысты жағдайларды қоспағанда, суық қаруды заңсыз алып жүру, сақтау немесе өткізу, сондай-ақ тиісті рұқсаты жоқ тұлғаларға қару мен оқ-дәрілерді сату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

Аталған мәселе Астана қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен ведомствоаралық кеңесте жан-жақты талқыланды. Жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен қатар ірі маркетплейстердің басшылығы қатысты.

Кеңес қорытындысы бойынша қауіпті әрі тыйым салынған өнімдерді онлайн-саудадан алып тастауға және қоғамдық қауіпсіздік мәселесінде бизнес пен мемлекет арасында ортақ ұстаным қалыптастыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.