Қазақстанға 1 млн 207 мыңнан астам әртүрлі ұлт өкілінің күшпен жер аударылуы, тың және тыңайған жерлерді игеру барысындағы бассыздықтар, биліктегі қасаң бюрократия мен жемқорлық – әлеуметтік және этностық қақтығыстардың туындауына себеп болды, деп Turkistan Today хабарлайды, egemen.kz ақпаратына сүйене отырып.
Кеңестік өкімет орындарының халықтың талап-тілегіне құлықсыздығы апатты зардаптарға апарды. Жазылмаған «заңдылық» бойынша оқиғалар себеп-салдары талданбады, құжат-деректер құпияланды, бейкүнә адамдар қосақ арасында жаза тартып кетіп жатты. Осы олқылықтың зардабын зерттеу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының тағылымы, 1920-1991 жылдар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Ғылыми-практикалық конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Қабылдинов ашып, басқосуға Астана қаласынан арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары А.Кемелов құттықтау сөз сөйледі. Жиынды саяси ғылымдар докторы, профессор С.Борбасов жүргізіп отырды.
Ғылыми басқосуда ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ашаршылықтан және түрлі індеттерден қырғынға, ұлт саясатына, әлеуметтік саладағы және экономикада жүргізілген ауытқуларға қарсы бас көтерулер, 50-60 жылдарда орын алған Кеңгір, Степлаг, Лениногорск (Риддер), Зыряновск (Алтай), Жетіқара, Құсмұрын, Шымкент, Целиноградтағы көтерілістер туралы баяндамалар таныстырылды. Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Алдажұманов «1950-жылдардағы Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар туралы» кеңірек баяндаса, институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Көкебаева «Ашық қоғам архивіндегі» Қазақстандағы қақтығыстар тарихына қатысты материалдар» туралы сөз қозғады.
Бір ғана 1959 жылғы Теміртау оқиғасы үш қырынан талданып, үш баяндамаға арқау болды. Профессор Қ.Алдажұманов жалпы және арнайы архив қорларының мәліметтерге сүйенген түйіндерін ортаға салса, тарих ғылымдарының докторы Г.Көкебаева оқиғаның Будапештегі «Ашық қоғам архивінде» сақталған сараптамалық материалдарда сипатталуын талдап берді. Конференцияға Қарағандыдан арнайы келген тарих магистрі Асқар Құмар баяндамасына Теміртау оқиғасының тұрғындар жадындағы естеліктерін арқау еткен. 50-жылдардағы қақтығыстардың негізгі себебі әлеуметтік жағдайдан туған. Профессор Қ.Алдажұманов Теміртау көтерілісіне қазақтар мүлде қатыспағанын, шетелдік жұмысшыларға айрықша жағдай жасалуы, кеңестік жұмысшылардың қайыршы жағдайы тұрғындардың ашу-ызасын туғызғанын баяндады. А.Құмар баяндамасында Теміртауда көтеріліске қатысқандардың әлеуметтік құрамында бұрынғы сотталғандардың көп болғанын атап өтті. Г.Көкебаева баяндамасында «Ашық қоғам архивінде» қақтығыстар баяны жалпы көрсетілгенімен, оқиғаның ішкі тартысы, тіпті мерзіміне байланысты қазақстандық дерек көздеріне қайшы мәліметтер көп екеніне назар аударды. Оқиғаның бұлай кешенді талдануы тыңдаушы ықыласын арттырды.
Сондай-ақ конференцияға арнайы келген тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Д.Сүлейменова 1991 жылдың қыркүйегіндегі Орал оқиғасы тарихын баяндады. Баяндамаға арқау болған деректер мен сараптаулар баяндамашының Оралдағы дүрбелең туралы өмірлік естеліктерімен өрілген тың пайымдарымен құнды. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының рhd докторанты Е.Стамшаловтың сөзі 1967 жылғы Шымкент көтерілісінің тарихына арналды. Л.Брежнев билікте болған кездегі 1967 жылдың 13-15 маусымындағы көтеріліс жекелеген БАҚ материалдарында там-тұмдап айтылғаны болмаса, мүлде зерттелмеген. Көтеріліс шымкенттіктердің кеңестік милиция қызметкерлеріне қарсы наразылығынан туған әлеуметтік сипаттағы бас көтеру болған. Үлкен дүмпу туғызған Шымкент оқиғасын басуға Мәскеуден КОКП ОК хатшысы А.П.Кириленко, КСРО қоғамдық тәртіп сақтау министрі Н.А.Щелоков арнайы келсе, Ташкенттен Орта Азия әскери округінің қолбасшысы, генерал Салманов бастаған қарулы күш жіберілген еді. Жиында Астана қаласының мемлекеттік архивінің бөлім меңгерушісі Ғ.Исахан Целиноградтағы оқиғалардың тарихына тоқталды. Ал институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты М.Қалыбекова Қостанай облысының Құсмұрын стансасындағы оқиғаны талдап, әңгімеледі.
Бұдан бөлек баяндамашылар кеңестік кезеңде Қазақстанда болған әлеуметтік және этностық қақтығыстар тарихын зерттеудің методологиясын, бас көтерулердің кеңестік билік тарапынан бағалануын, тарихи оқиғалардың халық жадындағы бейнесін, тарихнамасын талқылады. Жалпы, бұл ғылыми-практикалық конференция материалдары арнайы жинақ түрінде жарық көрмек.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.