Қазақстан тарихының жеті томдығы: Президент бастамасының дайындалу барысы

Қазақстан тарихының жеті томдығы: Президент бастамасының дайындалу барысы

«Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі қазақстан тарихы» академиялық басылымның жеті томдығы дайындалып жатыр. Ел президенті құрылтайда бұл бастамаға арнайы тоқталып өткен болатын. «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн» деп айтып өткен еді. Бұл жайында жобаның жетекшісі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі т.ғ.д., профессор Зиябек  Қабылдиновпен сұқбаттастық, деп хабарлайды newsroom.kz.

- Тарих ғылымының қоғам өміріндегі рөлі бар ма? 

- Ықылым заманнан белгілі болғандай, тарих ғылымы – ұлттық сана-сезім мен әрбір азаматтың тұлға болып қалыптасуында айрықша рөл ойнайтын ықпалды фактордың бірі екендігі белгілі. Сондай-ақ, тарих – мемлекетшілік пен патриотизмді нығайтып, тәуелсіздігімізді қорғайтын аса маңызды тетіктердің бірі. Ұлттық тарихымызға тереңнен үңілсек, біз өзіміздің бүгінгі күндегі бейнемізді көреміз де болашаққа болжам жасай аламыз. Қазақстанның 2500 жылдан астам мемлекеттілігінің бірегей дәстүрі қалыптасқандығын ескерсек, бұл аксиомалық тұжырым одан да түсініктірек болады деп ойлаймын.

Елдігіміз бен мемлекеттілігіміздің кепілі ұлттық тарихымыз екені белгілі. Осы орайда тиісті ведомстволардың қолдауымен институт қабырғасында «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Қасиетті география», «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті», «Архив-2025» сияқты бағдарламалар құнды монографиялар мен мұрағаттық құжаттар жинақтарын басып шығарумен жүзеге асырылды. 

Төл тарихымызды жаңа қырынан көрсететін тың ғылыми басылымдар пайда болды. Кезінде жабық болған архив қорлары құпиясыздандырылып, қайта кең ғылыми айналымға енгізілді. Көптомдық эпистолярлық шығармалар мен 100 томдық «Бабалар сөзі» сияқты сирек фольклорлық туындылар жарық көріп, жаңа және қазіргі заман кезеңінің де ғылыми басылымдары қалың оқырмандармен қауышты.  Сол себепті, әрбір азаматтың бойында ұлттық руһ пен идеология қалыптастыруда тарих ғылымының қоғам өміріндегі рөлі өте зор.

 

- ҚР территориясында қандай маңызды тарихи оқиғалар орын алған? 

- Асылында, қазақ халқының мақтанышпен ғасырдан ғасырға үзілмей жеткен тарихи оқиғалар жетерлік. Біздің тарихымызда болашақ мыңжылдықтарға жалғасатын даңқты тұлғаларымыз бен ұмытылмас жарқын жеңісті тарихи сәттер баршылық. Қазақтың кең байтақ даласында континенттік, тіпті жаһандық деңгейдегі маңызды тарихи оқиғалар орын алған. Мысалы, Ұлы Жібек жолының біздің жеріміз арқылы өтуі; Герадот өз жазбаларында суреттеген жауынгер халық Сақтармен болған тағдырлы оқиғалар бізбен тікелей байланысты; Ұлы Түркі қағанаттарының тұтас тарихы мен Жошы Ұлысының құрылуы біздің жерімізде де орын алды. Құдіретті империя негізін қалаушының өзі де Ұлытау өңірінде жатыр. 

Әлемдік технологиялар мен өнертабыстардың үздік үлгілері қазақ даласынан шығуы да бекер емес. Соның ішінде, шалбар, дөңгелек, арба, былғары етік, садақ, ертоқым т.б. әлемдік тарихты өзгертетін ірі жаңалықтар мыңдаған жылдар бұрын қазақ даласында пайда болған. Ежелгі металлургияның орталығы да осында дүниеге келген. Зерттеулерге сәйкес, 5000 жыл бойы жергілікті халық негізінен автохтонды болғандықтан, қазақ жері әлемде теңдесі жоқ «алтын адамдарға» толы. Бізде 2000 жылға жуық уақыттан бері су құбырлары, монша, сауда орталықтары мен кәріздердің археологиялық қазбалардан табылуы – отырықшы егіншілік мәдениеті мен көшпелі өркениет үйлесім тапқандығының айқын дәлелі. 

Ұлы Дала тарихын қызықтап келген Гильом де Рубрук, Иоанн де Плано Карпини, Марко Поло секілді танымал саяхатшылар да қастерлі мекенімізге табан тіреген. Сақтардың жеріне баса көктеп кіріп, басынан айырылған парсы патшасы Кир ІІ-нің ешкім бетіне тік ұарай алмаған әскерінің тас талқан болған оқиғасы да біздің жерімізде орын алғанына қарт тарих та куә. Әлемдік тарих пен мәдениетте елеулі және қайталанбас із қалдырған Анахарсис, әл-Фараби, Білге қаған, Жошы, Байбарыс, Кетбұға секілді көптеген ұлы тұлғалардың есімдері Ұлы Даланың есінде. Шыңғыс хан тағының заңды және тікелей мұрагерлері, қазақ хандары – Қасым, Есім, Тәуке, Кенесары, көрнекті Алаш қайраткерлері – Әлихан, Ахмет және тағы басқалары. Осы орайда философ Жан-Жак Руссоның: «Ұлы оқиғалар ұлы тұлғаларды тудырады» деген қанатты сөзі есімізге түседі.    

 

- Қазақ халқының ХХ ғасырдағы қасіреті жайлы қысқаша не айтасыз? 

- ХХ ғасырда қазақ халқы ұлттық генофондына ауыр соққы болған орны толмас жан түршігерлік трагедияларды бастан өткерді. Тіпті сол кесапаттан күні бүгінге дейін айыға алмай келеміз: 1916 жылғы көтеріліс жылдарындағы жауыздық кезіндегі адам шығыны; жазалаушылардың саны ондаған мың адамның өмірін құрайды; өткен ғасырдың бірінші онжылыдығындағы ашаршылық сериясы республика халқының жартысына жуығын қырып салуы; ХХ ғ. 20-50 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін, толық емес деректер бойынша, бір дәрежеде 3 миллионға жуық қандастарымыздың тағдырына әсер етуі; бұрынғы КСРО-ның миллионға жуық түрлі ұлт өкілдерінің өлкеге ​​жер аударылуы да қанды ғасырдың мұңды портретін салды. 

Мысалы, туған өлкемізге ​​300 мыңнан астам орыс кулактары мен отбасы мүшелері жер аударылды. Кейбір деректерге қарағанда, біздің концлагерьлердегі тұтқындар саны 2 000 000 адамға жеткен. Біз әлі күнге дейін қуғын-сүргінге ұшыраған және тәркіленген бай қуатты қазақтардың санын нақты есептей алмаймыз. 

 

- Алаш қайраткерлері тарих ғылымына қандай үлес қосты? 

- Бабаларымыздан қалған ұлан ғайыр жеріміз бен ұлтымызды, тіліміз бен мәдениетімізді сақтап қалып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы да баянды болуы үшін шынайы да объективті тарихымызды жедел арада жазу уақыт талабы. Сол көне тарихымыздың мәні мен маңыздылығы жайлы талай арыстарымыз қалам сілтеген. Өткен тарихымыз туралы алғашқы жазба еңбектерді Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин тұсында басталса, Алаш зиялыларынан М.Жұмабайұлы, Ж.Күдеріұлы, Х.Болғанбай, К.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы секілді білікті де білімді азаматтар тарих оқулығын жазуға тартылды. Сан ғасырлық тарихымыз – елдігіміз бен мемлекеттілігіміздің айқын қорғаны екендігін білген Алаш арыстары әрдайым тіл мен тарихқа айрықша көңіл бөлген. 

 

- Қазақстан тарихының академиялық көптомдығына шетелдік ғалымдар тартылды ма? 

- Президентіміздің 2021 жылдың басында «Тәуелсіздік – бәрінен де биік» бағдарламалық мақаласында: «Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет»,- деп академиялық көптомдыққа қатысты нақты бағыт-бағдар берген болатын. Мемлекет басшысының Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды дайындау қажеттігіне айрықша назар аударуы кездейсоқтық емес.

Осыған орай, 2021 ж. шілде айының басынан бастап осы бірегей басылым бойынша жұмыс басталды. Көптомдық жұмыстың 7 томнан тұратынын және 3 тілде жазылатынын, сондай-ақ 2-ақ жыл берілген уақыт тығыздығын ескере отырып, 300-ден астам маман, оның ішінде 12 елден беделді шетелдік ғалымдар мен 10-нан астам әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтардың өкілдері жұмылдырылды.        

 

- Академиялық көптомдықты ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізілді? 

Аталмыш жобаны ұйымдастыру жұмыстары ретінде көптомдық кітаптың тұжырымдамасы мен әр томның құрылымы жасалып, бірқатар пікірталас семинарлар мен конференциялар өткізілді. Негізгі орындаушылар ретінде Отандық 6 жетекші Ғылыми зерттеу институттары: «А.Х. Марғұлан атындағы Археология институты», «Халықаралық Түркі академиясы», «Жошы Ұлысын зерттеу институты», «Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты», «Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты», «Мемлекет тарихы институты» тартылды. Біздің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қабырғасында стратегиялық маңызы бар «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымның жеті томдық етіп әзірлеу Орталығы құрылды.   

 

- Академиялық көптомдықтың сапасын арттыруды қалай қолға алдыңыздар? 

- Әр томға үйлестірушілер мен кеңесшілер, редакциялық алқалар тағайындалды. Жұмыстар көптеген сыртқы және ішкі сараптамалардан өтті, әр томда арнайы редакторлар жұмыс істеді. Ағымдағы жылдың шілде айының соңына қарай барлық томдардың қолжазбаларын Ұлттық аударма бюросына тапсыру жоспарлануда. Осы көптомдық басылымды келесі жылдың ортасына қарай әлемнің бірқатар тілдерінде басып шығаруға дайындап жатыр. 

Мысалы, 5-ші томның (18-20-шы жылдардың басындағы Қазақстан тарихы) тармақтары бойынша әрқайсысына 6 рецензиядан келді! Әр том бойынша 7-8 дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізілді. Даулы мәселелер талқыланды. Оның үстіне бірқатар материалдарды қосымша сараптамадан өткізу үшін еліміздің жетекші ғылыми ведомстволарына береміз. 

 

- Пәнаралык байланыс бар ма? 

Стратегиялық маңызы бар «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақстан тарихы» академиялық басылымның жеті томдығын дайындауға тарихшылардан бөлек 12 мамандықтың (картограф, этнолог, саясаттанушы, экономист, әскери қызметші, филолог, мәдениеттанушы, экономист, заңгер, т.б.) өкілдері жұмылдырылған.   

 

- Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында 1921-1922 жж. болған алапат ашаршылыққа айрықша тоқталуының себептері қандай? 

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2021 ж. бесінші қаңтарда жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында  1921-1922 жылдардағы алапат ашаршылық жайлы: «1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн» деп атап өтуіне орай академиялық басылымның алтыншы томында ашаршылық тақырыбы көптеген нақты архивтік деректермен мол тарихи құжаттармен тың тарихи ақпараттармен тереңнен зерттеп жазылды.   

Халқымыздың ашаршылықтан қырылып, халық ретінде жойылып кету қауіпін зерттеп, себеп-салдырын анықтау тарихшылардың міндеті. Ұлт ретінде кең байтақ қастерлі Отынымызды сақтап кейінгі ұрпаққа табыстау – халқымыздың көптігімен, ұлттық руһаниятының саулығымен, тарихи сананың ояу болуы секілді маңызды факторларға байланысты. 

Сол себепті, ашаршылық секілді халық сананынң азаюына тікелей әсер ететін опаттар мен отарлау саясатының тіл мен дінімізді, ділімізді ұмыттырған руһани кесапаттарын әлі күнге дейін тартып келеміз. Келешектегі ұрпағымызды руһани мешелдіктен, тарихи сананың таяздығынан сақтасын демекпіз. Осынау ұлын ғайыр атырапты ұстап қалу үшін ұлттық сана сезімді ұстап қалуда тарих ғылымы қоғамда өте маңызды рөлде болу керек деп ойлаймыз. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0