Сақтандыру компаниялары мен активтерді басқарушылар арасындағы әлемдік көшбасшы Allianz өзінің Жаһандық зейнетақы есебінің (API) жаңа басылымын шығарды. Онда әлем бойынша 75 зейнетақы жүйесін талдау нәтижесінде Қазақстанның зейнетақы жүйесіне 3,5 балдық API рейтингі берілді. Осылайша қазақ елі ТМД бойынша көршілес, сондай-ақ Испания, Чили, Сингапур, БАӘ және басқа мемлекеттерден озып кетті. Бұл нәтижелер Қазақстанның зейнетақы жүйесі Allianz компаниясы талдау жүргізген басқа елдермен салыстырғанда зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығы мен ақылға қонымдылығы бойынша орташа деңгейден сәл жоғары екенін білдіреді, деп хабарлайды Turkistan Today.
Есеп 2023 жылғы наурыздағы жағдай бойынша өзекті деректер негізінде қалыптастырылды. Allianz зейнетақы индексі (API) зейнетақы жүйелерінің тұрақтылығы мен сәйкестігін кешенді бағалауға арналған. Ол үш ішкі индекстен тұрады және 1-ден 7-ге дейінгі шәкіл бойынша бағаланған 40 түрлі өлшемді қамтиды. Мұндағы 1 саны ең жақсы нәтижені білдіреді.
Есепке сәйкес, барлық зерттелген зейнетақы жүйелері үшін орташа балл 3,6 деңгейінде. Бұл көрсеткіш COVID-19 пандемиясынан кейінгі көптеген елдердегі шектеулі мүмкіндіктерді ескерсек, алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама жақсы. Одан кейін жаһандық саяси оқиғаларға байланысты энергетикалық дағдарыс пен азық-түлік бағасының өсуі орын алып, бұрын-соңды болмаған жаһандық гиперинфляция болды. Зейнетақы реформаларының қажеттілігіне қарамастан, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге тек кейбір елдер ғана қол жеткізді. Индекстің жоғарғы бөлігінде 3-ке дейін қорытынды балмен Дания, Швеция және Нидерланды орналасқан. Өйткені, олардың зейнетақы жүйелерінде өмір сүру ұзақтығының өзгеруіне байланысты ресми зейнет жасын автоматты түрде түзету қарастырылған, сондай-ақ, олардың кәсіби мықты және жеке жинақтаушы зейнетақы құрамдауыштары тағы бар.
Allianz нұсқасы бойынша ең жақсы зейнетақы жүйесі бар ел Дания болды. Бұл елге 2,2 деген балл берілді. Одан кейін Нидерланды мен Швеция, 2,6 балдан жинады. Келесі орында Жаңа Зеландия – 2,8 балл. АҚШ, Тайвань және Израиль – 2,9 балл, Бельгия мен Австралия – 3,0 балл. Алғашқы ондықтықты 3,1 балмен Оңтүстік Корея аяқтайды. Рейтингтегі ең төменгі орындарды Марокко, Ливан және Біріккен Араб Әмірліктерінің зейнетақы жүйелері иемденіпті. Бұл елдерге зейнетақы жасының төмендігі, халықтың зейнетақы жүйесімен қамтылуының нашарлығы және халықтың тез қартаюы мәселелері тән. Зейнетақымен қамтудың төмен болуына ықпал ететін факторлардың бірі – көптеген дамушы елдерде бейресми жұмыспен қамтудың басымдығы. Бұл зейнетақы жүйесін реформалаумен қатар еңбек нарықтарын да реформалау қажеттілігін көрсетеді.
Allianz есебінде халықтың қартаю мәселесіне баса назар аударылады. Себебі, бұл демографиялық үдеріс әлемдегі зейнетақы жүйелерінің басты сын-қатерлерінің бірі. 2050 жылға қарай дүние жүзінде шамамен 1,6 миллиард адам 65 немесе одан да көп жасқа жетеді деп болжануда. Оның 1 миллиардқа жуығы Азияда (Үндістан мен Қытайда). Өмір сүру ұзақтығының динамикасы 2023 жылғы 73,4 жас орташа әлемдік көрсеткіштен 2050 жылға қарай 77,2 жасқа дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Сондықтан ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және болашақ ұрпаққа шамадан тыс жүктемені болдырмау үшін зейнетақы жүйелерін демографиялық өзгерістерге дайындау өте маңызды. Allianz тұрақтылық пен жеткіліктілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттілігін атап көрсетеді. Ол үшін өндірісті дамыған елдердегі мемлекеттік жәрдемақыларды қысқарту және қарттардың лайықты өмір сүру деңгейіне жету үшін қосымша зейнетақымен қамсыздандыру (кәсіби және жеке зейнетақы жоспарлары) қажет болуы мүмкін
Соңғы жыл ішінде кейбір елдер өздерінің зейнетақы жүйелерінің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен лайықты деңгейін арттыру үшін біршама шаралар қабылдады. Солардың ішінде кейбір елдерде (Франция) зейнет жасын ұлғайту, барлық жеке сектор қызметкерлері үшін міндетті зейнетақы жарналарын енгізу (Камбоджа) және капиталдан (зейнетақы жинақтары) қаржыландырылатын жеке қамтамасыз ету үшін қосымша ынталандыруды енгізу қарастырылды. Алайда статистика деректеріне сәйкес, көптеген елдерде зейнетке шығу жасы өмір сүру ұзақтығының өзгерісін көрсетпейді: 75 елдің сегізі ғана зейнетке шығу жасын күтілетін өмір сүру ұзақтығының өзгерістеріне заң деңгейінде автоматты түрде байланыстырған. 33 мемлекет зейнетке шығу жасын 2050 жылға дейін көтеруді жоспарлап отыр.
Allianz атап өткендей, зейнетақы жүйелерінің лайықты деңгейі тек қаржылық тұрақтылықпен ғана емес, сонымен қатар төлем деңгейімен, сондай-ақ, табысты алмастыру коэффициентімен де анықталады. Зейнетақы жүйесінің бірінші деңгейіндегі зейнетақыларды алмастыру коэффициенті Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес орташа жалақының 40%-нан 60%-на дейін болуы тиіс. ЭЫДҰ-ның соңғы статистикасы ең жомарт зейнетақы жүйелерінің бірі Бразилияда екенін көрсетті, ондағы табысты алмастыру коэффициенті 89% тең. Ал Кения, Ливан және Оңтүстік Африкада алмастыру коэффициенті небәрі 15%. Германия, АҚШ және Жапонияда зейнетақыны алмастыру деңгейі 30% басталып 40% сәл асатын деңгей арасында құбылып отырады. Қазақстандағы табысты алмастыру коэффициенті 2022 жылғы ортақ зейнетақыны ескергенде, шамамен 46% тең.
Өз есебінде Allianz сарапшылары тұрақты және лайықты зейнетақы жүйесін құрудың мықты жинақтаушы құрамдауыш енгізілген жағдайда қол жеткізуге әбден болатын үрдіс екенін атап өтті.
Allianz зейнетақы жүйесін реформалауды еңбек нарығын қайта құрудан бастауға кеңес береді: экономикасы дамушы елдердегі ресми жұмыспен қамту үлесін арттырмай және дамыған елдердегі егде жастағы жұмысшыларды жұмыс күшіне тартпай, тіпті ең жақсы дамыған зейнетақы реформалары да нәтиже бермейді.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.