Жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі, "терсоветтер" жойылады. Ауылды басқа да жаңалықтар күтіп тұр, деп хабарлайды Turkistan Today.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, елде ауылдық елді мекендер саны артып келеді.
Салыстырсақ, мысалы, 2021 жылғы жағдай бойынша республикада 48 аудандық маңызы бар қала, 26 кент, 85 дербес ауыл, сондай-ақ өз басшысы жоқ шағын 6 231 ауыл мен 4 кент болыпты. Соңғыларын 2 186 ауылдық округтің әкімі мен аппараты басқарды.
Енді 2023 жылғы жағдай бойынша елімізде 48 аудандық маңызы бар қала, 27 кент, 93 дербес ауыл, сондай-ақ шағын 6 295 ауыл мен 29 кент бар екен. Соңғыларын басқаруды 2 177 ауылдық округтің әкімі мен оның аппараты жүзеге асырады.
Бүгінде орта есеппен бір ауылдық округке шамамен 3 ауылдан және 3,3 мың ауыл тұрғынынан, ал аудандық маңызы бар бір қалаға 24 мың тұрғыннан келеді.
Қазақстан халқының саны өскен сайын тек ірі қалалардың тұрғындарының саны ұлғайып қана қоймай, елде жаңа ауылдар, тіпті жаңа аудандар қарқынды ашыла бастауы мүмкін. Себебі, қазақстандықтар ауыл шаруашылығы секторларына қызығушылық білдіріп, ауылға бет бұра бастады. Мысалы, Inbusiness.kz Қазақстанда балық фермасы мен туризмі сәнге айналғанын сараптаған болатын. Жылқы өсіру де танымал болуда.
Сондықтан билік ауылды дамытуға саяси мән бере бастады. Соның аясында Президенттің 2021 жылғы 18 тамыздағы №639 жарлығына сәйкес, "Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы" бекітілген болатын.
Екі жылда соның өзі ескіріп қалыпты. Сол себепті, Президенттің жаңа жарлығын қабылдап, аталған тұжырымдаманы өзгерту пысықталуда.
Мысалы, бұрынғы тұжырымдамада аудан әкімдерінің сайлауын 2024 жылы өткізу көзделген. Ол дода биыл өтетін болды.
Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Қазақстанда аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерін тікелей сайлау 2023 жылғы 5 қарашада өткізілетінін жариялады. 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау ұйымдастырылатын 45 аудан мен облыстық қала тізімін бекітті.
ОСК мүшесі Сабила Мұстафинаның мәліметінше, жергілікті бюджеттерден бұл сайлауға 2,2 миллиард теңге жұмсалатын болады.
Бірақ билік мұнымен тоқтап қалмайды. жаңарып жатқан тұжырымдамада Астана, Алматы, Шымкент аудандардың әкімдерін де сайлау ұсынылып отыр. Алайда ол додада өзін-өзі ұсынушылар бағын сынай алмайды. Кандидаттарды қала әкімі ұсынады.
"Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың келесі қадамдарының бірі 2023 жылдан бастап, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу болды. Алдағы уақытта облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне мәслихатқа, баламалы негізде қаладағы аудан әкімі лауазымына кемінде 2 кандидатураны енгізу құқығын беру мәселесін қаралады. Осылайша мәслихаттың рөлі мен оның саяси шешімдер қабылдауға қатысуы артты. Әйтпесе, елдегі реформалардың облыстық қалалардағы, мегаполистердегі аудандардың әкімдеріне әсері болған жоқ. Қала мәслихаты қала әкімі ұсынған жалғыз кандидатураға келісуге мәжбүр. Басқаша айтқанда, мәслихат депутаттарының таңдау құқығы жоқ", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.
Осыған байланысты облыс әкімдеріне ұқсас қалалардағы аудандар әкімдерін тағайындау тәртібін ішінара қайта қарау ұсынылады. Аудан әкімдерін жергілікті тұрғындар тікелей емес, мәслихаттағы депутаттары арқылы жанама сайлауы енгізілмек.
Қазақстанда ауылдық аймақтарды дамыту аясында 2020 жылға дейін ауыл бюджеті енгізілгені мәлім. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстанда бюджеттердің 4 дербес деңгейі бар:
Алда осылардың қатары 5-ші деңгеймен толықпақ. Соның арқасында әрбір қаланың ішіндегі әрбір ауданның төл, дербес бюджеті болады. Аудан әкімі оны қаланың ортақ бюджетінен тәуелсіз толтырып, жұмсауға мүмкіндік алмақ. Мысалы, Астананың ішінде 4 аудан бар.
Үкімет Президентке функцияларды орталықсыздандыру шеңберінде "қаладағы аудан деңгейінде дербес бюджетті енгізу мүмкіндігін қарастыруды" ұсынады.
Тағы бір жаңалық: қолданыстағы тұжырымдамада биылдан бастап, ауылдық округтердің әкімі аппаратын жойып, орнына "жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігін" құру жоспарланған болатын. Сонда бұл құрылым жай ғана аппарат болумен шектелмей, "жергілікті тұрғындарға ақылы негізде қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болады".
Дегенмен, ел басшылығы бұл идеядан бас тартыпты. Себебі, мұның ауылға пайдасынан зияны көп болатыны анықталды.
Қаржы министрлігі мамандарының түсіндіруінше, егер әкімдердің аппараты жергілікті өзін-өзі басқару (ЖӨБ) әкімшілігі болып, қайта құрылса, оның ұйымдық-құқықтық нысаны да "мемлекеттік мекемеден" "әкімшілікке" өзгереді. Салдарынан Қаржыминінің Қазынашылық комитетінің олардың шоттары бойынша тиісті рәсімдерді жүргізуге құқығы болмай қалады. Өйткені комитет тек мемлекеттік мекеменің шоттары бойынша ғана операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
Нәтижесінде, әрбір ЖӨБ әкімшілігі коммерциялық банктерде төл шоттарын ашып, сол үшін банкке комиссия төлеп тұруға міндетті болады. Яғни, тұрақты қосымша шығыны пайда болады, әкімшілік шығыстары едәуір артады. Бюджеті аз ауыл әкімдерінің көбісі үшін бұл – ауыртпалық. Сондықтан Президент әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, министрліктің мамандары ауыл әкімдері аппаратының шоттарына Қазынашылық комитет тегін қызмет көрсетуін жалғастыруы үшін олардың аппаратының ұйымдық-құқықтық нысанын ЖӨБ әкімшілігіне өзгертпеген жөн деген ұйғарым жасап отыр.
Оның үстіне егер шоты банкте ұсталса, онда әкім аппаратына қатысты әкімшілік шаралар қабылданған жағдайда ЖӨБ қаражаты бұғатталып тастайды.
Сонымен бірге бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес, онсыз да меммекемелерге бюджеттің есебіне жататын кірістер әкелетін тауарларды, қызметтерді сатумен айналысуға құқық берілген.
Бұдан бөлек, егер аппарат ЖӨБ әкімшілігіне трансформацияланса, онда әкімдік қызметкерлері мемлекеттік қызметші құрамынан шығып қалады. Тиісінше, біраз жеңілдіктерінен, үстемеақыларынан айрылады. Ал қазіргі кезде факторлық-балдық шкала аясында мемлекеттік қызметшілердің жалақысы азаматтық қызметшілерге немесе штаттан тыс қызметкерлерге қарағанда жоғары.
Келесі жаңалық: Қазақстанда республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретінде "аумақтық кеңестер" (терсовет) енгізілген болатын. Енді оларды жою ұсынылып отыр.
"Бүгінгі таңда қалалардағы аумақтық кеңестер жұмысы тым тиімсіз. Кейбір қалаларда олар сол бойы мүлдем құрылмаған болып шықты. Құрылғанның өзінде әрекет етпейді. Бұл ретте қазіргі уақытта конституциялық реформалар аясында жергілікті өзін-өзі басқару органы ретінде мәслихат біртіндеп күшейтілетін болады. Мәслихат депутаттарының әлеуеті артты, олардың сайлаушылармен өзара іс-қимылы жолға қойылуда. Осыған байланысты аумақтық кеңестердің жекелеген функцияларын қалалық мәслихаттарға беріп және мәслихат аппаратын нығайта отырып, аумақтық кеңестерді жою мәселесін қараған орынды", – деп хабарлады экономика министрлігі.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жаңа жобасында елең еткізетін тағы бір жаңалық бар. Бұған дейін сарапшылар кеңес заманынан қалған, негізінен егде жастағы адамдар арагідік жиналатын, немесе сайлау кезінде кандидаттарға ұсынылатын ғимарат рөлін ғана атқаратын Мәдениет үйлерін трансформациялап, олардың базасында жергілікті тұрғындардың тегіс басын қосатын "Community center" құруды ұсынған.
Бұл идея алда дамытылмақ. Community center жергілікті жұртшылықтың тартылыс ошағына айналуы үшін оған әкімдікті де көшіру ұсынылды. Сонда әкімге шағым айтып, мұң шағушылар да соған шұбырады.
"Халқы 10 мың адамнан асатын аудандық маңызы бар қалаларда, халқы 5 мың адамнан басталатын ауылдарда тұрғындарды тартатын және ауылдың қоғамдық-мәдени тыныс-тіршілігінің орталығына айналатын – "Community center" (қоғамдық орталық) ұйымдастырылуы қажет. Ол орталықта әкім аппараты орналастырылады, сонымен қатар кітапханалар, акт залдары болады. Онда электрондық мемлекеттік қызметтерді алу үшін жағдай жасалады. Сондай-ақ тұрмыстық қызметтер көрсететін орынды (бұрынғы "Дом быта" үлгісінде) жабдықтауға болады. Бұл нысан жергілікті қоғамдастықтың коллаборация, ынтымақтастық орнына айналуға тиіс", – деген түсініктеме берді Ұлттық экономика министрлігінің мамандары.
Тұжырымдама қоғамдық талқылау барысында пысықтала келе, тың жаңалықтармен, игі бастамалармен толығуы мүмкін.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.