Хромтаудың әр көшесінде қолтаңбасы қалған құрыш қолды құрылысшы

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Қоғам 17 тамыз, 2023

Құрылысшы қадірлі кәсіп десек, қойнауы кенге толы Хромтаудың әр көшесінде Нұрланбек Ертілеуұлының айшықты іздері темірқазықтай жарқырап тұр. Осыдан 39 жыл бұрын таңдап түскен мамандығы арқылы Хромтау шаһарына жолдамамен келген құрыш қолды азамат бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинаты жөндеу-құрылыс цехының басшысы қызметін атқарады. Көпке үлгі, елжанды азамат бозбала шағынан-ақ ұжым басқарып, сын сағаттарда дұрыс шешім қабылдай білгеннің арқасында кәсіпорында өзіндік орны бар жанға айналды, деп Turkistan Today хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Нұрланбек Ермаханов 1961 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. Мектепті бітіре салысымен, еңбек жолын 1978 жылы туған өлкесіндегі автобазада слесарь болып бастаған. Уақыт өте, Целиноград инженерлік-құрылыс институтына оқуға түсіп, қадірлі мамандықтың иесі атанады. Оқуды аяқтаған соң,1984 жылы Хромтаудың құрылыс трестіне келеді.

Міне, осы сәттен бастап оның қызыққа толы еңбегі мен өмір жолы кәсіпорынмен өріледі. Инженерлік-техникалық қызметкерлікке бос орын табылмағандығы оны табанды ете түсті. Еңбек айдынына  қарапайым жұмысшы ретінде сүңгіп, одан әрі шебер, прораб, учаске басшысына дейін өрлеп, 1988 жылы 400 адам еңбек ететін құрылыс басқармасына дейін жетекшілік етті. Бұл кезде Нұрланбек Ертілеуұлының жасы небәрі 26-да еді. Ал жүктелген міндеттің жүгі ауыр болатын деп еске алды. Замандастарының арасында рухы биік, көзінен ұшқын атқан жас жігітті басшылық алты кандидаттың арасынан таңдап, бұл орынды оған сеніп тапсырған екен.

Басшылық қызметті атқару, ұжымға қолбасшы болу оңай емес. Бірінші кезекте адам өмірі маңызды. Маған сеніп тапсырған адам өміріне мен жауаптымын, – дейді Нұрланбек Ермаханов.

Ол 1988-1993 жылдары түрлі құрылыс алаңдарында жұмыс істейді. Қазіргі тілмен айтсақ, кризис-менеджер. Сауатты, білікті жетекшіні талап еткен бірнеше нысандарға Нұрланбек Ертілеуұлы тағайындалды. Арқасында құрылыс қарыштап, нәтижесінде аз ғана уақытта үш бөлімшені аяғынан тік тұрғызады. Бес жылдан соң, ол 32 жасында қанатының астына мың жарым адамды сыйғызып, құрылыс трестінің басшысы болып сайланады.

Хромтаудың әр көшесінде қолтаңбасы қалған құрыш қолды құрылысшы

фото: Алексей Пименов

Құрылыстың көзін білетін жігіттерге бағыт-бағдар беріп, құрылыстың сапалы жүруіне атсалысып қана қоймай, бұл саланы өмірінің бір бөлшегіне айналдырды. 1996 жылы трест Дөң тау-кен байыту комбинатының құрамына кіріп, көптеген кәсіпорын алаңдары тұрғызылды. Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахта соның бір дәлелі десе болады.

Сол жылдар күні кешегідей көз алдымда. Еңбекке жұмылған жігіттер. Таңның атысы, кештің батысы тас қалап, аспанмен таласа биіктікте жүрген кездер. Біздің ұжым бұл бағыттағы барлық жұмысты бір кісідей орындап шықты. Кен байытумен қатар шекемтас өндіретін екі цех салдық. 24 миллион текше метрлік су қоймасын салу – менің еңбек жолымдағы ескірмейтін естелігімнің бірі, – дейді тәжірибелі құрылысшы.

Бұдан бөлек, бүгінгі жайнаған қаланың алғашқы нысандары бой көтере бастаған кез еді. Қаладағы дене-шынықтыру және сауықтыру кешені, «Евразия» медицина орталығы, балалар ойын-сауық кешені, шіркеу, мешіт секілді сәулетті нысандарда Нұрланбек Ертілеуұлының қолтаңбасы бар. Бүгінде бұл нысандар кәсіпорын қызметкерлері мен қала тұрғындарына сол қалпында қызмет көрсетіп келеді. Өңірдің ілгері жылжуын оның құрылыс саласына қарап бағаласа, сол жылдары салынған 500-ге жуық пәтері бар тұрғын үй кешені – әр хромтаулықтың шаңырағы. Бұл – Ермаханов басшылығымен салынған ғимараттардың жартысы.

Мен өз кәсібіммен мақтана аламын. Артыңнан лайықты жұмысыңды қалдыру бір бақыт. Кейде көшеде кетіп бара жатып жастардың біз салған ғимараттар жанында суретке түсіп, балаларын ойнатып жүргенін көрсем, халыққа тигізген пайдамның барына шын жүрегіммен қуанамын. Мен үшін жұмыстың жемісін көру – осы, – дейді құрылыс саласында еңбек еткен Нұрланбек Ермаханов.

882

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.