Қорғаныс министрі қазақстандық курсанттар туралы сериалдың түсірілім барысымен танысты

Қорғаныс министрі қазақстандық курсанттар туралы  сериалдың түсірілім барысымен танысты

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Құрлық әскерлерінің әскери институтында болып, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, №1 Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай болашақ офицерлердің күнделікті өмірі туралы телехикаяның түсірілім барысымен танысты, деп хабарлайды Turkistan Today.

Оқу орнында Қорғаныс министрі түсірілім тобының шығармашылық ұжымымен кездесті. Бір апта бұрын басталған түсірілім екі айға созылады. Телехикаяны түсіру жұмыстары 55 күнге жоспарланған. Фильм 42 минуттық, 20 сериядан тұрады.

Телехикаяның премьерасы 2024 жылдың басында отандық телеарнада өтпек. Сериал Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр.

Кинокартинадағы қимылдар Құрлық әскерлері әскери институтының қабырғасында өтеді. Сюжетте көбіне офицер болуды армандайтын курсанттарды көреміз. Әскери адамдардың өміріне арналған көптеген фильмдер сияқты мұнда да абырой, парыз, жауапкершілік сезімі және Отанға деген сүйіспеншілік сияқты маңызды тақырыптар қозғалады. Әрине махаббат хикаяларын да айналып өтпейді.

Бұл Қазақстан Республикасы Қарулы күштері үшін офицер кадрлар даярлайтын әскери оқу орнының курсанттары туралы еліміздегі алғашқы сериал болмақ. Шығармашылық топты құттықтаған Қорғаныс министрі фильмде курсанттардың қарбаласқа толы күндері туралы қызықты оқиғалар көрсетілетініне және жастардың әскери өмірге деген қызығушылығын тудыратынына сенім білдірді.

Дәстүр бойынша түсірілім тобымен бірге табақша сындырған қорғаныс ведомствосының басшысы: «Бұл сериал қоғамда, оның ішінде ер адамдар арасында сілкініс тудырады деп ойлаймын», – деді.

Армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 50 жылдан астам тарихы бар. Әскери институт осы жылдар ішінде мыңдаған офицер кадрларды дайындап шығарды. Оның алғашқы түлектерінің қатарында Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бар. Қорғаныс министрі де осы әскери оқу орнының түлегі екенін айта кеткен жөн.

 – Осы сериал арқылы қалың жұртшылық әскерилердің өмірімен жақынырақ танысып, курсанттардың болашақ мүмкіндіктеріне назар аударғанын қалаймын. Барлық жоғары сынып оқушыларын сериалды көруге шақырамын. Бәлкім, осы сериалды көрген соң келешекте олардың арасынан өз өмірін армиямен байланыстырған нағыз кәсіпқой әскери, ел қорғаушысы шығатын болар, – деп қосты генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0