ҚР-дағы дәмханалар мен мейрамханалардағы дайын тамақтың қымбаттауы рекорд жаңартты

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Әртүрлі 19 сәуір, 2023

Бірақ қазақстандықтар оған қарамайды — халық қоғамдық тамақтану орындарында ақша жұмсауды көбейтті, деп хабарлайды Turkistan Today.

2022 жылы азық-түлік инфляциясының жоғары болуы дәмханалар мен мейрамханалардағы және басқа да қоғамдық тамақтану орындарындағы бағаларға айтарлықтай әсер етті. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр желтоқсан айында 2021 жылдың соңғы айымен салыстырғанда азық-түлік бағасының индексі 125,3%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері бағасының индексі 125,2%-ды құрады. Ұзақ мерзімді динамикаға қарағанда, бұл соңғы бес жылдағы бағаның ең көп өсуі.

Соңғы бес жылдағы сырттан тамақтану бағасының индекстері мен азық-түлік инфляциясының көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда бұл екі көрсеткіш осыншалықты жақын бола бермейді, дәлірек айтсақ, тек 2017-2018 жылдары ғана айырмашылық небәрі 0,7 пайыздық тармақ болған. 2019 жылдан 2021 жылға дейін дәмханалар, асханалар мен мейрамханаларда тамақтану бағасы жалпы азық-түлік бағасы сияқты тез өскен жоқ.

Бір қызығы, қоғамдық тамақтанудың экономикалық сегменті, атап айтқанда, асханалардағы түскі ас пен фастфуд ең көп қымбаттады: тиісінше 27,9% және 20,9%. Соңғы бір жылда мейрамханадағы кешкі ас 20,2% қымбаттады.

Дайын азық-түлік бағасының қымбаттауы қазақстандықтардың тұтынушылық әдеттерін өзгерткен жоқ. Ас мәзірі қымбаттаса да отбасының сырттан тамақтануына жұмсаған шығыны бірден 44,8% артты. Орта есеппен 2022 жылы бір қазақстандық отбасы дәмханалар мен мейрамханаларда тамақтануға 50,4 мың теңге жұмсады, 2021 жылы бұл көрсеткіш 34,8 мың теңгені құраған.

Тоқсандық мәліметтерге сүйенсек, қазақтар ауа-райы қолайсыз болған кезде дәмхана мен мейрамханаларға жиі барған. Мәселен, былтыр қаңтар–наурыз айларында орташа отбасының сыртта тамақтануға кететін шығыны бірден 24,2% өсіп, 11,6 мың теңгені құраған. Көрсеткіштің дәл осылай бірден өсуі төртінші тоқсанда да байқалды: ақша жұмсау 25,9% көбейді, бір тоқсандағы шығын 15 мың теңге.

ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы мейрамханалар мен фастфуд нүктелерінде тамақтану соншалықты қымбат емес. Бұл туралы мына жерден оқи аласыз.

Былтыр рестораторлар мен дәмхана иелері үшін қиын болды, бірақ 2020 жылғыдай қоғамдық орындарға баруға тыйым салынбады және бизнес бұрынғысынша төмендетілген бөлшек салық мөлшерлемесі бойынша жұмыс істеп тұрды. Пандемия дағдарысынан кейін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық 6%-дан 3%-ға дейін төмендетілді. Жеңілдік екі жыл болды. Енді ол уақыт бітті.

Бұл салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер бұрынғы жеңілдетілген мөлшерлемені қоғамдық тамақтандыруға қалдыру керек деп есептейді. Бұл туралы салалық қауымдастықтың басшысы Гүлбана Майғаринаға сілтеме жасап «Атамекен» ҰКП хабарлайды. Палата сарапшылары мұны мүмкін деп санайды, бірақ әзірге бұл ұсыныс мемлекеттік органдардан қолдау тапқан жоқ.

Рестораторлардың экономикалық жағдайы қаншалықты өзгергенін бағалау үшін біз іріктеу арқылы алынған компаниялардан салық шегерімдері туралы деректерді ұсынамыз. Олардың арасында төрт брендтің 90 мейрамханасын, соның ішінде KFC — «Caspian International Restaurants Company» ЖШС-ны басқаратын магнат бар. Салықтарға қарасақ, компания былтыр жақсы нәтиже көрсетті. Компания ҚР бюджетіне шамамен 6 млрд теңге төледі, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 34,4% артық.

Бұрынғы көшбасшы «Food Solutions KZ» ЖШС салық төлемдерін екі еседен астамға өсірді. Бұл 2023 жылдың қаңтарында отандық ет өңдеуші компаниялар арасында котлеттердің сертификатталған жеткізушісін таппағандықтан, қазақстандық нарықты тастап кеткен McDonald's. Соған қарамастан біз бұл компанияны былтырғы нарықтағы ең ірі қатысушылардың бірі ретінде тізімге енгіздік. 2022 жылға төленген салық көлемі 2,5 есе өсіп 1,6 млрд теңгеден асты.

1.6k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.