Еңбек ресурстарын дамыту орталығы зерттеуіне сәйкес, жұмыспен қамтылғандардың 7%-ының 22%-ы міндеттерінің 70%-ы күнделікті қайталанатын, бір текті амалдар.
Дәл осы санаттағы адамдар жұмысы бірінші кезекте технологиялармен алмастырылатын болады.
Негізінен жабдық операторлары, коллекторлар, пошташылар мен курьерлер, полиграфия қызметкерлері, буып-түюшілер, дәнекерлеушілер және т.б. сияқты орташа деңгейдегі мамандықтар жойылуы мүмкін, деп Turkistan Today жазады inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда цифрландыру экономикаға етене араласып, оның құрылымын, әсіресе, еңбек нарығын құбылта бастады. Алда бізді күтуі мүмкін қиындықтар мен тәуекелдерге дайын болып, еңбек нарығына тиер пайдасын дер кезінде байқап әрі пайдалана алу үшін цифрландырудың жұмыспен қамтуға, кәсіптер санына, адами капиталға және еңбек өнімділігіне әсерін талдау маңызды. Мысалы, біраз сарапшылар адамдарды роботтармен және жасанды интеллектпен алмастырудың ақыры "технологиялық жұмыссыздыққа" әкелуі мүмкін деп алаңдаулы.
"Технологиялық жұмыссыздық" – өткен ғасырдан бері келе жатқан және жаңа технологиялардың пайда болуымен сипатталатын жұмыссыздықты білдіретін термин бүгінгі күні инновацияның қарқынды көшкініне байланысты одан әрі қиын мәселеге айналып отыр. Егер бұрын технологиялық жұмыссыздыққа қатысты алаңдаушылық көп жағдайда ақталмаса, қазір қоғамның өзі болып жатқан өзгерістерге, әсіресе жасанды интеллекттің (ЖИ) дамуына ілесе алмай жатқанын көріп отырмыз.
Қазақстандағы бұл мәселені қарастыратын зерттеулердің бірі – ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қарамағындағы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының "Қазақстанның еңбек нарығы: Цифрлық шындыққа қарай" атты баяндамасы. Аталмыш құжатта Қазақстанда цифрландыру нәтижесінде жойылуы мүмкін, керісінше "қауіпсіз" аймақта тұрған кәсіп түрлеріне баға берілген. Бұл тұжырымдар қызметкердің орындайтын міндеттерінің күнделікті деңгейіне негізделген.
Ал балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, топ-менеджерлер, заңгерлер, зерттеуші талдаушылар сияқты кәсіптер орта және ұзақ мерзімді перспективада роботтармен алмастырылуы екіталай. Экономикада мұндай жұмыс түрлерімен қамтылғандар үлесі шамамен 7,5%-ды құрайды.
Баяндама авторлары сонымен қатар еңбек нарығын өзгертуге қабілетті жоғары технологиялардың кең таралуы экономикалық, құқықтық, этикалық кедергілерге байланысты кем дегенде 10 жылдан кейін болады деп санайды.
Егер біз цифрландырудың еңбек нарығына әсері туралы халықаралық зерттеулерді қарастыратын болсақ, онда осы саладағы негізгі идеялар мен тенденцияларды бөліп көрсетуге болады.
Мамандықтардың аз ғана бөлігін толығымен автоматтандыруға болады. Көптеген кәсіптерде толығымен автоматтандыруға болатын тапсырмалар пайда болады. Бірақ кейбір тапсырмаларды бәрібір адам орындайды.
Технологияны енгізу нәтижесінде роботтармен немесе жасанды интеллектпен жұмыс істеу үшін жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Мысалы, машиналар шығаратын деректерді талдау, жүйелерді басқару, роботтардың күйін бағалаумен байланысты жұмыстар.
Технология адамды ешқашан алмастырмайтын, тек оған ықпал ететін мамандықтар бар – білім беруде, денсаулық сақтауда және қызмет көрсету секторларында. Не дегенмен адам адаммен қарым-қатынаста болғысы келеді.
Барлық елдер цифрландыруға бір деңгейде дайын емес. Сондықтан дамыған және дамушы елдер тұрғысынан оның таралу қарқыны әр түрлі болады. Дамыған елдерде инновацияларға инвестиция салуға қаражат жеткілікті, сол себепті олардағы цифрландыру жылдамдығы да жоғары болады. Бұл сонымен қатар дамыған елдердің дамушы елдердің жұмыс күшіне деген сұранысын төмендетуі мүмкін.
Адамды жоғары технологиялармен алмастыру кезінде оның құны да ескеріледі – кейде инновацияны енгізу қымбатқа түсіп, тиімсіз болуы мүмкін.
Ең алдымен, цифрландыру күрделілігі орташа деңгейдегі жұмыс орындарына әсер етеді. Яғни, негізгі жұмысы біртекті, күнделікті әрекеттермен сипатталатын мамандықтар ауыстырылады.
Halyk Finance сарапшылары, жалпы алғанда баяндама қорытындысымен келіседі – жақын арада Қазақстан толыққанды технологиялық өзгеріске ұшырап, қарқынды автоматтандырудан өтуі екіталай.
– Біз жақын арада жаппай цифрландыру мен автоматтандыру Қазақстанда кең таралуы және көптеген адамдардың жұмыс орындарынан айырылуы екіталай деген баяндаманың қорытындысымен келісеміз. Алайда, біздің ойымызша, цифрландырудың қарқыны аясында экономикамыздың ерекшелігіне байланысты біздің еліміз үшін әлі де белгілі бір тәуекелдер бар.
Экономиканың күрделілік индексі бойынша Қазақстан 133 елдің ішінде 81-орында, яғни, бұл үстінен қосылатын құны арзан өндірістің жоғары үлесін көрсетеді. Шикізат секторының пропорционалды емес жоғары үлесі басқа секторлардың қысқаруына және олардағы өнімділіктің төмендеуіне әкелді. Осыған байланысты күрделі жұмыс орындарының жетіспеушілігі байқалады – тек 37%-ы қызметкерлерден озық дағдыларды талап етеді. Таяу жылдары Қазақстанда біліктілігі орташа және төмен қызметкерлерге сұраныс сақталады. Цифрландыру, ең алдымен, орта білікті қызметкерлерге әсер етуі мүмкін екенін ескере отырып, дамыған елдермен салыстырғанда кешігіп келсе де, жұмыс күшінің көп бөлігі сұранысқа ие болмай қалу үрдісі бізге де жетуі мүмкін.
Екінші жағынан, шикізат бағытына бет бұру Қазақстанды дамыған елдерден алыстатады. Бюджеттің Ұлттық қорға түсетін түсімдерге үлкен тәуелділігіне байланысты экономиканың жиі сыртқы күйзелістерге (мысалы, мұнай бағасының құлдырауы) қатты осалдығы экономикалық өсудің тұрақтылығы үшін елеулі кедергіге айналып отыр. Мұндай жағдай Қазақстанда жаңа технологияларды енгізу жылдамдығына әсер етіп, оларды одан әрі кейінге қалдырып және цифрландырудың пайдасын табысты пайдаланатын дамыған елдермен экономика тиімділігіндегі алшақтықты ұлғайта түсуі мүмкін, – деп жазады сарапшы.
Сондықтан технологиялық жұмыссыздықты болдырмау үшін, технологиялық революцияның сын-тегеуріндерін қабылдайтын болашақ кадрларды даярлаудан басқа, бірінші кезекте экономиканы күрделендіру қажет.
Сонымен қатар жаңа технологиялардан қатты сескенудің қажеті жоқ, өйткені инновация жұмысшылардың бір бөлігін алмастырғанымен, әрқашан жоғары еңбек өнімділігі бар жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.