Серіктестер

Ұлыстың ұлы күні: Түркістанда жаңа атшабардың ашылуы үлкен мерекеге айналды

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан Бүгін, 20:00

Түркістан төрінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Қаладағы жаңа, заманауи атшабар ресми түрде ашылып, бұл тарихи сәт кең көлемді мәдени-көпшілік іс-шарамен ұштасты,— деп хабарлайды turkistan.today

Алдымен ұлттық спорттың бірнеше түрінен әлемдік деңгейдегі сайыстарды қабылдаған атшабар Наурыз мейрамының да сәнін келтірді. Мыңдаған көрермен жиналған думанды кешке  Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды әз-Наурызбен құттықтады.

– Қадірлі Түркістан жұртшылығы және қонақтар! Баршаңызды ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – табиғат пен тіршіліктің ғана емес, адамзат баласының жан дүниесі жаңғыратын, көңілге шуақ, жүрекке жылу ұялайтын қасиетті кезең. Осынау ұлттық болмысымызды дәріптейтін мейрамды Түркі әлемінің рухани темірқазығы – киелі Түркістан төрінде қарсы алып отырмыз. Түркістан – қазақ мемлекеттілігінің алтын бесігі, ұлттық рухымыздың асқақ символы. Осында мәңгілік тыныс тапқан ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи – адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды дәріптеген дара тұлға. Бұл қасиетті топырақта қазақ халқының елдігін қалаған хандар мен сұлтандар, билер жерленген. Бүгінде Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, оның дамуына айрықша көңіл бөлінуде.  Биыл осы мемлекеттік қолдаудың арқасында Түркістан төрінде заманауи атшабар ашылып отыр. Халықаралық деңгейдегі бұл нысанда ұлттық спорт түрлерінен әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде Түркістан атшабарында онға жуық ұлттық спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстар ұйымдастырылуда.
Ал бүгін көкпардан әлем чемпионы анықталды. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен құттықтаймын! Жаңа атшабар ел спортының дамуына серпін беріп, чемпиондарды тәрбиелей берсін! Ардақты ағайын! Кеше ғана қабылданған жаңа Конституция – еліміздің дамуының жаңа белесін айқындайтын маңызды құжат. Бұл құжатта әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әр азаматтың құқықтарын қорғау басты назарға алынған.
Ата Заң – мемлекетіміздің берік тұғыры, тәуелсіздігіміздің кепілі. Қадірлі ағайын!
Наурыз – жаңғыру мен тазалықтың бастауы. Түркістанның төріндегі осы берекелі жиында әр шаңыраққа ырыс пен бақ-береке тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыздың көк туы мәңгілік желбірей берсін! – деді Нұралхан Көшеров. 

⚜️Жаңадан ашылған атшабар – тек спорттық нысан емес, ұлттық дәстүр мен мәдениетті жаңғыртатын, халықаралық деңгейдегі ірі шараларды өткізуге мүмкіндік беретін бірегей кешен. Заманауи талаптарға сай салынған алаңда ұлттық ат спорты ойындары, мәдени фестивальдер мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге толық жағдай жасалған. Бұл – Түркістанның туризм және мәдени орталық ретіндегі әлеуетін арттыра түсетін маңызды жоба.

Мерекелік бағдарлама аясында Сауран, Ордабасы және Созақ аудандарының өнерпаздары сахна төріне шығып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әр ауданның шығармашылық ұжымдары ұлттық ән-күй мен заманауи туындыларды үйлестіре отырып, көрермен ықыласына бөленді. Халық әндері шырқалып, термелер орындалып, мың бұралған билер мерекенің көркін аша түсті.

 «Қош келдің, көктем» театрландырылған қойылымы ұсынылып,  жүздеген өнерпаз қатысқан сахналық көріністерде қазақ халқының салт-дәстүрі, жаңару мен береке, табиғаттың түлеп, тіршіліктің жандануы әсерлі түрде бейнеленді. Сонымен қатар этно-фешн сән көрсетілімі ұйымдастырылып, ұлттық киімдер жаңа форматта ұсынылды.

Кешкі гала-концертте қазақ эстрадасының жұлдыздары Ернар Амандық, Ізбасар Кеңесов, Қазыбек Құрайыш, Артур, Әлем және облыстың өнерпаздары сахнаға шығып, мерекелік кештің шырайын кіргізді. Халық сүйіп тыңдайтын әндер орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кеш соңы бұрын-соңды Түркістанда болмаған ауқымды отшашу шоуымен түйінделіп, Наурыз мерекесінің ажарын аша түсті.

 

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.