Мәскеу қаласында 10 маусым күні Ресей қазақтарының кездесуі өтті, деп Turkistan Today хабарлайды ҚР СІМ қарасты «Отандастар Қорының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш шараға ұйытқы болған ҚР Сыртқы істер министрлігінің «Отандастар Қоры». Осы ретте қоғам басшысы Абзал Сапарбекұлы кездесудің ашылу рәсімінде «Ресейдің төрі Мәскеу қаласында кездесуге мүмкіндік туғанына шын жүректен қуанышымды білдіремін. Ресей Федерациясымен Қазақстанның қарым-қатынасы бұрыннан тарихи тұрғыдан жалғасып келе жатыр. Өз кезегінде, Ресейдің қазақ ұлттық мәдени орталықтары бұл ынтымақтастыққа өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатыр» - деді.
Көршілес Ресейдің түкпір-түкпірінде мекендеп жатқан барша қазақты қамтыған ауқымды шараға 100-ге жуық делегат қатысты. Олардың арасында қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері, қоғам белсенділері, зиялы қауым және жастар ұйымдарының өкілдері бар.
А.Сапарбекұлының айтуынша, Ресейде 2021 жылғы санақ бойынша 600 мыңға жуық қазақ мекендеп отырса, ал одан бөлек еңбек мигранттары мен білім алып жатқан студенттер саны - 300 мыңға жуық. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары көрші елге Қазақстаннан 2,2 млнға жуық отандасымыз көшкенін айтқан Қоғам басшысы қандастардан бөлек, отандастарымызды да назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.
Ресей қазақтарының атынан сөз алған Ресейдің ұлттық мәдени орталықтар одағы жетекшісі Гавдылрахым Әлібеков осындай шараға мұрындық болып, Алтайдан Астраханьға дейін ен жайлап жатқан қазақ қандастардың басын қосқан «Отандастар Қорына» өз ризашылығын білдірді. Мәскеу қаласында 30 жылдан астам тұрып келе жатқан ол алдағы уақытта мұндай кездесулерді жиі өткізіп тұру керек деген бастама көтерді.
Орынбор қазақтарының атынан сөйлеген Халықаралық қазақ тілі қоғамының өкілі Сәуле Таикеева болса, мұндай кездесулер тарихта қалатынын, оффлайн форматтағы басқосуда әр өңір өз тәжірибелерімен бөлісетінін және мәдени орталықтарға тың серпін беретінін жеткізді. Ал Омбы қазақтарының өкілі және Ресейдегі «Қазақ тілі» газетін шығарып келе жатқан Торғын Әшенова грант алу, қоғамдық ұйымдарға қаржы тартып, ұлттық мәдениетті дамыту жолындағы тың тәжірибелерімен бөлісті.
Жиында қатысушылардың барлығы өз ойларын ортаға салуға, еркін пікір алысуға, ұсыныс-тілектерін жеткізуге мүмкіндік алды. Қандастар арасында қазақ тілін үйрену, ұлттық мәдениетті дамыту, салт-дәстүрлерді ұстану, ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтаудан бастап, қазақ тіліндегі оқулықтар, танымдық әдебиеттер, мұғалім жайына дейінгі өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, осынау маңызды басқосуда «Отандастар Қорының» қызмет ауқымын кеңейтіп, қандастарды қолдауға бағытталған жобаларын көбейту, Қазақстанның шетелдегі қазақ жастарына арналған білім гранттарының талаптарын жеңілдету, Қоғам ұйымдастыратын жазғы лагердің орын санын арттыру және Қазақстанға танымдық сапарлар ұйымдастыру секілді ұсыныстар да ортаға салынды.
Айта кететін жайт, Мәскеу қаласының Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонында өткен шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. БҰл кездесуге кезінде “Үш Татьяна” триосымен танылған әнші Татьяна Полтавская келіп қатысты. Күніне 10-12 мың келушісі бар Қазақстан павильоны адам көп келетін орталықтардың бірі саналады.
Еске сала кетейік, ҚР СІМ жанындағы «Отандастар Қоры» өткен жылы Орынбор, Омбы қалаларында осындай шаралар ұйымдастырып, жуырда Еуропа қазақтарының құрылтайын өткізген еді. Қазіргі таңда көршілес Ресей елінде А1, А2, В1 және В2 деңгейіндегі қазақ тілі курстарын ұйымдастырып, оған 24 өңірден 300 жуық этникалық қазақ жазылған. Одан бөлек, Қоғам ұйымдастырып отырған «Жазғы лагерьге» 68 бала қатысып, Ресейдің 12 қазақ мәдени орталығына «Қоржын» жобасы аясында домбыра, қазақтың ұлттық киімдері, музыкалық аспаптар мен тоғызқұмалақ тақтасы және көк туымыз тарту етілген.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.