Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2026 жылы өтетін 61-ші Венеция биенналесіне арналған ұлттық павильонға кураторлық ұсыныстар конкурсының нәтижесін жариялады. Байқаудың жеңімпазы «ҚОҢЫР: архив үні» жобасы болып, оның кураторы Сырлыбек Бекботаев атанды.
Биеннале 2026 жылғы 9 мамырдан 22 қарашаға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында Қазақстанның Ұлттық павильоны халықаралық көрме бағдарламасында көрерменге ұсынылады.
Конкурс ұлттық павильонды дайындауда ашық және әділ тәжірибені қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Қатысуға өтінімдер бір ай бойы қабылданды, ал іріктеу екі кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде жобалар сараптамалық бағалаудан өтті, екінші кезеңде финалистермен онлайн сұхбат өткізілді.
Бағалау критерийлері: тұжырымдамалық тұтастық (25 баллға дейін), жобаны басқару және іске асыру (20 баллға дейін), тәжірибе, этика және орнықтылық (20 баллға дейін). Әр критерий 1-ден 5 баллға дейін бағаланып, соңғы ұпай қосындысы бойынша жеңімпаз анықталды.
Бірінші кезеңнің финалына үш жоба шықты. Екінші кезеңде қазылар алқасы әр финалистпен онлайн сұхбат жүргізіп, ақтық дауыс беру бюллетенін толтырды.
Іріктеу комиссиясы пәнаралық сараптама қағидаты бойынша құрылып, құрамына заманауи өнер, өнертану, тәуелсіз театр және музыка саласындағы жергілікті және халықаралық мамандар, сондай-ақ академиялық қауымдастық пен мемлекеттік музейлердің өкілдері кірді.
Еске сала кетейік, конкурс 2025 жылдың қарашасында жарияланған. Оның мақсаты — 2026 жылы Биенналеде «In Minor Keys» тақырыбын ашатын концептуалды және көркемдік тұрғыдан біртұтас жобаны іріктеу, Қазақстанның заманауи өнерін халықаралық аренада таныстыру.
Конкурсқа Қазақстан Республикасының азаматтары, кураторлық тәжірибесі бар кураторлар мен топтар шақырылды. Қазақстанда тұратын және жұмыс істейтін үміткерлерге басымдық берілді.
Сырлыбек Бекботаев — суретші және куратор, Астанада тұрып жұмыс істейді. Ол шығармашылығында көшпенділердің өмірі мен мәдени мұрасын зерттейді. 2025 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.