ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты,- деп хабарлайды turkistan.today
Биыл Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне 109 ардагерге жалпы сомасы 545 млн теңгеге біржолғы материалдық көмек төленді. ҰОС-да Жеңіске үлес қосқан өзге де санаттардағы азаматтарға да 50-ден 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Вице-министр биылғы 8 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі – ҰОС) 105 ардагері, сондай-ақ ҰОС Жеңісіне үлес қосқан 40 707 азамат тұратынын айтты. Олардың ішінде: Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 64 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 129 адам; ҰОС кезінде алған жарақаты, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 1 638 адам; ҰОС-да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам; тыл еңбеккерлері – 38 874 адам.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан барлық ардагерлерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Өз елінің тарихын білу және құрметтеу, сондай-ақ келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін Жеңісті жақындата отырып, майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің жасаған ерліктерін ұмытпау әр адамның міндеті.
80 жыл бойы ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылуда», – деді Олжас Анафин.
Жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғаяды. Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ҰОС ардагерлері алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері 271 802 теңгені, ал ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері алатын орташа жиынтық мөлшері 179 800 теңгені құрайды.
Қазіргі кезде әскери қызметшілер пайдаланатын құқықтар мен кепілдіктердің барлығы ардагерлеріміз үшін де жарамды. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, оларға Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторий-курорттық емдеу ұсынылады.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар бюджеттік және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен ардагерлерге мерекелік (атаулы) күндерге, тұрғын үйге жөндеу жүргізу, отынмен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік көмек түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және қоғамдық көлікте жол жүру бойынша жеңілдіктерді және т.б. көмек түрлерін көрсетеді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.