Президент Жолдауы туралы жас ғалымдар не дейді?

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 8 қыркүйек, 2023

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты  кезекті жолдауында халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуда  еліміздегі білім саласы мен ұлттық бизнеске қатысты салмақты ойларын саралап, туризм мен ауыл шаруашылық бағыттарының ақсап тұрғандығын да сынға алып,  бүгінгі таңдағы өзекті мәселеге айналған - су ресурстарын үнемді пайдаланудың маңызды мәселелеріне тоқталып өтті, деп хабарлайды Turkistan Today.

Мемлекет басшысы ел дамуындағы негізгі тетіктердің бірі ретінде  еліміздің өнеркәсіптік негізін қалыптасыруды алға тартады: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет» - деп, бүгінде өнеркәсіп саласын қолға алу мәселесі кезек күттірмейтін басты міндет ретінде қарастырған. Президент ел экономикасын әртараптандыру мақсатында металды өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару секілді бағыттарға басымдық беру қажеттігіне айрықша назар аударады.

Мемлекет басшысы бүгінгі қоғамда даулы да тартысты тақырыптардың біріне айналған АЭС салу мәселесіне қатысты ойын: «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз» -деп, АЭС салу немесе салмау жағын жалпыұлттық референдум арқылы шешілу қажеттігін баса айтты.

Президент білім саласындағы орта білімнің сапасына да назар аударды. «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» деді Қ.-Ж. Тоқаев. Орта білім бойынша барлығына бірдей білім беру үшін инертнет пен білім берудің цифрлы жылдамдығы жоғары әрі қолжетімді болуы білім сапасына тікелей әсер ететіндігі аталып өтті. Бірақ бүгінгі таңда орта білім саласындағы өзекті мәселенің бірі –  көптеген мектептерде бала санының шамадан тыс көп болуы, яғни кейбір сыныптарда 30-35 балаға дейін білім алу жағы әлі де  шешілмей тұр. Осындай бала санына қатысты маңызды мәселеге де ерекше мән беріле түссе деген ойды айтар едік. Мектеп сыныптарындағы бала санының көп болуы білім сапасына кері әсер ететіні айдан анық. Ал сапалы білім алу үшін мектептің жайлы болуы басты шарт. Сонымен қатар, қала мектептеріндегі оқушылар санының артуына тұрғын үй кешендерінің көптеп салынып жатқандығы да әсер етуде. Тұрғын үйлердің қарқынды салынып жатқандығы қуантарлық жағдай, дегенменде салынған үйлермен қатар балабақша, мектеп, емхана секіліді әлеуметтік нысандарды да салу жағы қосымша қарастырылса, аталған нысандарда жүктеме саны да артпас еді.

Жолдауда көтерілген көптеген көкейкесті мәселелердің түйіні болашақта оңынан шешімін табады деген үмітміз зор. Мемлекет басшысының әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдарын егіз құндылық ретінде қарастыруы да бекер емес. Сонымен қатар, адалдық бар жерде әділдіктің де орын алатынын да қадап айтты.

Мемлекет басшысының ел игілігі мен үлт мүддесі үшін жолдауда айтылған тапсырмалары мен міндеттері мемлекетіміздің өркендеп дамуына тың серпін береді деген сенімдеміз.  Кемел болашақ келер ұрпақтың қолында екенін ұмытпай, еліміздің әрбір азаматы мен жастары жаңашылдыққа ұмтылып, Отанымызды көркейтуге барынша атсалысайық! 

Анар ТЫЛАХМЕТОВА, 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

 институтының кіші ғылыми қызметкері

745

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.